Жаңалықтар

Депутат қайыршыларға садақа беретін жандарға айыппұл салуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов қайыршыларға ақша беретіндерге айыппұл салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Шәкір Хахазов көшеде қайыр сұрайтындардың көбейіп кеткеніне алаңдады. Ол 2015 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне қайыр тілегені үшін айыппұл салу жазасы енгізілгенін атап өтті. Алайда кодекс қабылданған сәттен бастап төрт жыл өтсе де, заңнамалық түзетулердің ерекше әсері байқалмаған. Тіпті, жеңілдетілген нормалардың арқасында қайыр тілеу белең алып отыр. 

“Астанада тәртіп ең бірінші кезекте қадағалануы тиіс болса да, бұл проблема елорданы да айналып өтпеді. Қаланың оң жағалауында ересектер мен кішкентай балалар – көрші елден келген мигранттар мен өз азаматтарымыз қайыр тілеп жүреді. Оның үстіне кей адамдардың арбаға таңылған мүгедектерді “қайыр тілеу нүктесіне” әкеліп отырғызып, кешке қарай түскен ақшаның бәрін алып кететіні алаңдатады. Олар қайыршылықты бизнеске айналдырған топтар. Құқық қорғау органдары бірден мұндай фактілердің жолын кесуі керек”, — деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, қаланың шеті, базар, вокзал, мешіттер мен шіркеулердің аумағына бара қалсаң,  тіленшілердің өмір үшін қалай тырмысып жүргенін көруге болады. 

“Ал елорданың әкімшілік орталығы – сол жағалауда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар салынып бітпеген үйлерді паналап, аулалар мен балалар алаңында қаңғырып жүреді. Олардың көбісі – маскүнемдер, нашақорлар мен түрлі ауруды тасушылар”, — деді Хахазов. 

Депутат қыстың түсуіне байланысты аталған проблема өте өзекті екенін атап өтті. Өйткені “бомждар” тұрғын үйлердің кіребересін, жертөлелер мен жылу люктарын паналайды.

“Қайыр тілейтін үй-күйсіздердің көбеюі айыппұлмен бұл әлеуметтік проблеманы шешу мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне қайыр тілеп отырған адамнан қандай жолмен айыппұл алуға болады? Үкімет бұл өзекті мәселені шешу үшін бұдан да ақылға қонымды шаралар әзірлеуі керек”, — деді мәжілісмен. 

Оның айтуынша, үй-күйі жоқтар мен қайыршылардың көбі өмірде қиналғанынан бейәлеуметтік өмір сүру салтын ұстанып жүрген жоқ. Олар жалқаулықтан, қоғамның белсенді мүшесі болғысы келмегендіктен осындай жолға түсіп отыр. Сондықтан жанашыр азаматтар оларға қайыр беру арқылы үлкен қателік жасайды. 

“Осылайша азаматтардың өздері арамтамақтыққа қолдау көрсетеді. Біздің садақамыз оларды аздырады. Бұл ретте қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салатын шет мемлекеттердің тәжірибесін үлгі ету орынды деп ойлаймын”, — деді Хахазов.

Сондай-ақ, депутат Қазақстанның әлеуметтік қызметтер жүйесіндегі проблемаларға тоқталды. 

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтар, полициядан алған қағазы болмаса, әйелдерді қабылдамайды. Қиын жағдайда қалған әйелдер бюрокаратия салдарынан балаларымен бірге көшеде қалып, амалсыздан ақыры қайыр тілеп кетеді. Егер әйелдер орын тапшылығынан  осындай орталықтарға қабылданбай жатса, онда неліктен осындай әлеуметтік орталықтарды тағы салмасқа?”, — деді Хахазов.

Басқа материалдар

Back to top button