Ресми

Депутатқа жүктелген міндет зор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттың өңірлер мәселесін шешудегі ықпалын ерекше атағаны мәлім. Халықтың үнін билікке жеткізетін бұл өкілетті билікке жүктелген міндет зор. Ел ішінің проблемаларының түйіні осы мәслихат арқылы тарқатылатыны даусыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн» деген болатын. Биыл сайлау жүйесіндегі реформаның алғашқы қадамы да жасалды. Атап айтқанда, 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті. Мәслихаттың жаңа құрамы қалыптасты. Реформадан соң жасақталған мәслихаттар қоғамдық-саяси жаңалықтарды айқын сезінуі тиіс. Осы орайда Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Сағадиұлы Әлимен әңгімелескен едік.

– Асхат Сағадиұлы, биылғы сайлау Қазақстан Республикасы Президентінің бас­тамасымен Конституциялық реформаны іске асыру және елдің саяси жаңғыруы мен Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағыт беру аясында өткені аян. Жаңа Қазақстандағы бүгінгі мәслихатта жаңа деуге негіз бар болар…

– Әрине, бұл сайлау мәслихат депутаттарының бұрынғыдай партиялық тізім бойынша емес, бір мандатты округтер бойынша сайланған алғашқы сайлау болды. Бұл сайлаушыларға ұсынылған үміткерлерді жақынырақ біліп, олардың сайлауалды бағдарламаларымен танысуға және оларға өз тап­сырмаларын беруге жол ашты. Осы сайлау нәтижесінде біздің сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың жаңа құрамы қалыптас­тырылды.

Содан кейін 2023 жылдың 29 наурызында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес осы шақырылымындағы аудандық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясы шақырылып, өткізілді.

Осы сессияда аудандық мәслихаттың ұйымдастыру мәселелері шешілді. Оның жұмыс ұйымдары – тұрақты комиссиялар құрылып, олардың төрағалары сайланып, мен аудандық мәслихаттың төрағасы болып сайландым.

– Енді осы сайланған аудандық өкілді органның жаңа құрамы туралы айтсаңыз…

– Қазіргі уақытта біздің мәслихатта 13 депутат бар. Соның ішінде 11 депутат «Amanat» партиясының мүшелері болса, «Ауыл» және «Қазақстан Халық партиясынан» бір-бірден депутат сайланды.

Сайланған депутаттардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы салаларының, квазимемлекеттік сектор мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Сегізінші шақырылымдағы 13 депутаттың бесеуі бұған дейін аудандық мәслихаттың депутаттары болып, алдыңғы шақырылымда сайланған еді. Олардың жинаған тәжірибесі депутаттық корпус жұмысының тиімділігіне, нәтижелі болуына оң әсерін тигізуде.

– Сонда депутаттарыңыз бұрынғыдан да белсенді бола түсті демекпіз ғой…

– Әлбетте. Халық қалаулылары депутаттық өкілеттік берілген алғашқы күннен бастап ауданымыздың алдында тұрған проблемаларды шешу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды ұсынған партиялардың саясатын жүргізу жөніндегі жұмысқа белсене араласты. Сайлаудан бері аз ғана уақыт өткеніне қарамастан депутаттар айтарлықтай жұмыстарды атқарып үлгерді.

– Әлеуметтің әлеуетіне әсер ететіндей депутаттар тарапынан осы кезеңде қандай шешімдер қабылданып, нендей қадамдар жасалды?

– Аудандық мәслихаттың сессияларында атқарушы органдардың ұсынысы бойынша кент және ауылдық округтер бюджеттеріне өзгерістер енгізіліп, олардың атқарылуы жөніндегі есептер тыңдалады. Сондай-ақ, аудандық атқарушы органдар басшыларының, ауыл мен кент әкімдерінің, соның ішінде, аудан әкімінің де өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі тыңдалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аудандық мәслихаттың сессиялары да ауданның жайылымдық жерлерін басқару және пайдалану, елді мекендер көшелерін дамыту және күтіп ұстау, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерін қайта атау, мәдени-тұрмыстық нысандар мен тұрғын үй қорының қысқы жылыту маусымына әзірлігі, тағы басқа мәселелер қаралды.

Сессияға сұрақтарды дайындау кезінде әкімдердің аппараты жұмылдырылып, жергілікті орындағы жұмыстың жай-жапсарымен танысу үшін депутаттардың көшпелі топтары құрылды.

Мекеме басшыларының, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің осы бағыттағы жұмысын қорытындылау бойынша тиісті баға беріліп, нақты ұсынымдар жасалды. Олар бойынша қабылданған шешімдердің орындалуы аудандық мәслихаттың бақылауында болады.

– Айтып отырғаныңыз қандай шешімдер?

– Өткен сессияларда 8 мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндамалар жасалып, жарыссөзден кейін нақты шешімдер қабылданды. Нормативтік-құқықтық сипаттағы 14 шешім әділет органдарында заң сараптамасынан өтіп, сондай актілердің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Оларға мынадай шешімдер кіреді: Бұқар жырау ауданының жерді аймақтарға бөлу жобасын (сызбасын) бекіту; Бұқар жырау ауданы тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін бекіту туралы; Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының мөлшері мен тізбесін айқындау туралы және тағы басқадай шешімдер.

– Аудандық мәслихаттың жұмысында тағы қандай өзгерістер болды?

– Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру бағытында аудандық мәслихаттың құрылтай және регламенттеуші құжаттарына өзгерістер енгізілді.
Есепті кезеңде депутаттардың әртүрлі мәселелер бойынша 12 ақпараты, тұрақты комиссиялардың атқарған жұмысы туралы 2 есебі тыңдалды.

Аудан әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістер келісіліп, ведомствоаралық мәселелер бойынша бірқатар консультативтік-кеңесші органдардың құрамы бекітілді және саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы бойынша Сайлау комиссиялары құрамынан шығып қалғандардың орнына жаңа мүшелері сайланды.

Аудандық мәслихаттың регламентіне сәйкес мәслихатта «Amanat» партиясының фракциясы тіркелген және ол шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігіне ие.

Аудандық мәслихаттың жұмысы негізінен жоспарлы сипатта өтеді. Шұғыл шешім қабылдауды талап ететін жағдайларда мәслихаттың жоспар мен кезектен тыс іс-шаралары өткізіледі.

– Өзіңіз айтқан белсенді депутаттары­ңыз сайлаушыларға берген уәделері мен олардың аманатын қаншалықты орын­дауда?

– Аудандық мәслихат депутаттары сайлаушылардың проблемаларын шешуді үнемі бақылауда ұстап, өз өкілеттіктері шеңберінде олардың мүдделерін қорғайды. Олар халықты сумен және электр жарығымен жабдықтау және жол қауіпсіздігі мен байланыс қызме­тінің ұсынылуына жіті назар аударады.

Сайлаушылардың тапсырмалары мен өті­ніштері бойынша аудандық мәслихаттың де­путаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Бексұлтановқа, ҚР ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанбаевқа, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Е.Алпысовқа, тағы да басқа лауазымды тұлғаларға хаттар мен сауалдар жолдады. Осылайша біздің аудан тұрғындарының көптеген мәселелері пысықталып, кейбіреулері шешілу сатысында.

– Аудандық мәслихаттың басқа құ­рылымдармен қарым-қатынасы қандай? Депутаттар сайлаушылармен байланысын қандай негізде құруда?

– Аудандық мәслихат біздегі қоғамдық кеңеспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Біздің өкілеттігімізде, әсіресе, мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауда ортақ ұқсастық бар. Осынау қысқа мерзім ішінде аудан әкімімен, оның орынбасарларымен және аудандық ұйым басшыларымен, кент және ауыл әкімдерімен де іскерлік байланыс орнатылды. Өз басым аудандық мәслихаттың төрағасы ретінде аудан әкімдігінің отырыстарына, аудан әкімі өткізетін кеңейтілген және жедел кеңестеріне қатысамын. Ол атқарушы органдармен өзара ақпарат алмасуды жақсартуға, туындаған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табуға көмектеседі.

Бұқар жырау аудандық мәслихатының жұ­мыс тәжірибесіне аудандық мәслихат сес­сиялары мен оның органдарының онлайн­­трансляцияларын жүргізу енгі­зілді. Ау­дан­дық мәслихат сессиялары мен басқа да іс-шараларының көрсетілімдері мәслихаттың maslihat,bukhar-zhirau.kz ресми-ақпарат­тық порталының интернет-ресурсында, EKara­ganda.kz ақпараттық агенттігінің сайтында, сондай-ақ Facebook,YouTube әлеуметтік же­лілерінде жүргізіледі.

Депутаттарымыз бұқаралық ақпарат құ­ралдары және әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы өз жұмысы туралы сайлаушыларын үнемі хабардар етіп отырады. Аудандық мәслихат депутаттары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде ауданның елді мекендеріне барып, «Amanat» партиясы аудандық фили­алының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдайды. Ал мен де кесте бойынша азаматтарды өз жұмыс орнымда қабылдаймын.

Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында депутаттар әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізуді қолдана бастады. Онда ауданның кез келген тұрғыны депутатқа өзін толғандырған мәселе бойынша хабарласып, өзіне керек ақпарат ала алады. Осының барлығы біздің депутаттар жүргізіп жатқан жұмыстың жан-жақтылығын көрсетеді.

– Асхат Сағадиұлы, саяси реформалар мәслихаттардың ғана емес, атқарушы билікті де айналып өтпеді ғой. Осы ретте сіздің аудандағы әкімдердің сайлауы туралы не айтар едіңіз?

– Расымен еліміздегі саяси реформалар кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауына да әсер еткенін айта кетсек болады. Өзіңізге белгілі, 2021 жылдың шілде айынан бастап жергілікті әкімдерді халық сайлай бастады ғой. Бұған дейін оларды мәслихат депутаттары жанама дауыс беру арқылы сайлап келген болатын. Ал екі жылдан бері ауданымыз бойынша 29 ауыл мен кенттің 21 әкімі өз лауазымдарына халықтың тікелей дауыс беру жолымен сайланды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бұқар жырау ауданының әкімі лауазымына ағымдағы жылдың мамыр айында Абылай Сұлтанғалидің кандидатурасы аудандық мәслихаттың депутаттарымен келісілді. Қазіргі уақытта тұрғындардың аудан әкімдерін де сайлаудың пилоттық жобасы енгізілуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button