Баған

Денсаулықты сақтандыру – қажетті қадам

Ұлы Дала пәлсапасын қалыптастырған бабалардан қалған татымды тәмсілдер баршылық. Солардың бірі – «Денсаулық – зор байлық». Қандай да бір қосымша дәлелдемені қажетсінбейтін тиянақты тұжырым. Алайда, біз жеке тұлға ретінде өзіміздің осынау зор байлығымызға қамқор болып, қорғай алып жүрміз бе? Халық денсаулығына қатысты түзілген мемлекеттік бағдарламалардың қыр-сырына тереңірек үңіліп көрдік пе? Бұл сауалдарға екінің бірі «иә» деп кесімді жауап бере алмасы анық…

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде денсаулық сақтау саласындағы реформалар үздіксіз түрленіп, жаңаша сипатты иеленуде. Осы бағытта қолға алынып, қолданысқа енгізілген оң өзгерістердің дені халықтың «бірінші байлығын» жақсартуды, ұдайы бақылауда ұстауды меже тұтады.

2016-2019 жылдарды қамтитын мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының басты бағдарының негізгі түйіні – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу. Осы мақсатта денсаулық сақтау қызметкерлері қалың бұқара арасындағы ақпараттық насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Әр азамат – өз денсаулығының сақшысы. Демек, денсаулық сақтау саласындағы халық үшін күнделікті атқарылып отырған іс-шараларға, осы тақырып аясында ақпарат айдынында жиі жарияланатын ақпараттарға зер салып, оң сипатты өзгерістерден қапы қалмауы керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі межелеген биігі – халықтың денсаулығын барлық деңгейде қорғап, азаматтардың болашақ өміріне кепілдік беру. Дәл осынау маңызы зор бағдарламаның ауқымы – кең, арқалаған жүгі – ауыр. Соны әркім жете түсінуі қажет. Қалаберді, ел азаматтарының басты құқықтық нормаларын айқындайтын Ата Заңымыздағы «мемлекеттің басты байлығы адам, оның өмірі, денсаулығы және бас бостандығы» деген қағиданы әр азамат жан-тәнімен сезінуі тиіс.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына құйылатын әр теңгенің халық денсаулығын жақсартуға бағытталған кешенді әрекеттерге жұмсалатыны анық. Бұл мақсаттағы іс-шаралар заңмен бекітіліп, тиісті тексерулермен қамтамасыз етіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халық денсаулығын жақсарту жолындағы іс-қимылдардың ауқымын барынша кеңейтіп, ел азаматтарының алдағы өмір сүру межесіне қол жеткізуіне мол мүмкіндіктер сыйлайды. Бұл дегеніміз – балаларымыздың болашағының негізі, еңбек адамының денсаулығының кепілі, зейнеткерлердің өмір жасының ұзақтығы.

Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай мол мүмкіндіктерді орнықты бағамдап, дұрыс қадам жасау – әр адамның азаматтық борышы, абыройлы міндеті болуы тиіс. Түйіп айтқанда, келешекте мәнді әрі мұңсыз ғұмыр кешуге кепілдеме жасай білу керек.

Жәннат СӘРСЕНБЕКОВ,
қоғамдық денсаулық сақтау
ісінің PhD докторы,
жоғары санатты
ұйымдастырушы, облыстық
туберкулезге қарсы
балалар шипажайы
директорының орынбасары

Басқа материалдар

Back to top button