Жаңалықтар

Әдемі әуен, сырлы саз

Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал ауылында ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, талай әуезді әндердің авторы, сазгер Наурызбай БЕЙСЕКЕЕВТІҢ «Туған жер – алтын бесігім» атты ән жинағының тұсауы кесілді.

Тұсаукесер рәсіміне Тасарал ауылдық округінің әкімі Нұржан Сеитов арнайы қатысып, сазгерге аудан тарихында қалар әдемі әндері үшін алғыс білдіріп, құттықтау хатын табыс етті.

Алматы қаласында басылған әндер жинағына сазгердің әр жылдары жазылған және елімізге белгілі өнер жұлдыздарының орындауында халыққа танымал болған әндері топтастырылған. Солардың арасында халық арасына кеңінен таралған, «АБК» тобы орындаған және клип түсірген Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Ауылымды сағындым» әні, Қарақат мектеп студиясының шәкірттері орындап жүрген Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған «Сәукеле» әні, әншілер Мирас пен Құралай, Саят Әбдіғали, Нұрсаят Серікбаев орындап жүрген жерлесіміз Жанагүл Мұқышеваның сөзіне жазылған «Туған жер – алтын бесігім» әні бар. Наурызбай Жиманұлы 40-қа жуық әндердің авторы. Әндердің сөзін Қазақстанға танымал ақындар жазған. Он жеті жасынан өнерге талаптанған Наурызбай – халықтың сүйікті ақындары – Тұманбай Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерімен қоса, Көбен Бекмағанбетов, Мейрам Аймағанбетов, Жұмағұл Шөженов, Қуандық Сәденов, Мерғазы Кенжебеков, Бақытжан Әрінов, Ілияс Мұқай, Айгерім Әуезханова сияқты жерлес ақындардың өлеңдерін әуезді әнге айналдырған сазгер.

Әндерінің көпшілігін қазақстандық эстрада жұлдыздары – С.Медеуов, А.Қосанова, А.Жүнісбеков, Н.Қалжан, Н.Серікбаев, балқаштық әншілер – А.Игенбеков, «Ай-Ару» тобы орындап жүр.

2016 жылы тамыз айында Мирас пен Құралай дуэті орындаған «Тасарал вальсі» әніне бейнебаян түсірілді. Бұл әннің сөзін жазған – Тасарал ауылының тумасы Жұмағұл Шөженов. Наурызбай Жиманұлы екі фильмнің саундтрегіне ән жазған сазгер. Оның бірі – режиссер Қаршыға Игеннің «Ғұмыр өтер» киносына жазылған «Ғұмыр өтер» әні. Ілияс Мұқайдың сөзіне жазылған бұл әнді балқаштық әнші Е.Сәдуақасов орындауда. Келесі «Сүйгенім» әнінің сөзін де Ілияс Мұқай жазған. «Әдемі келіншек» киносына жазылған бұл әнге әнші Аққыз Құнарбекованың орындауында саундтрек түсірілді.

Наурызбай Жиманұлының «Туған жер – алтын бесігім» атты аудиодискісінің шығуына тікелей басшылық жасап, өңдеп, жинақтаған Қазақстанға белгілі сазгер, продюсер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бағлан Омаров.

 Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button