Жаңалықтар

Дархан даланың Дәриясы

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», – дейді дана халқымыз. Сөзсіз, әрбір адамның азамат болып қалыптасуы оның өскен ортасынан, ауылының топырағынан бастау алады. Ауыл – ұлттық салт-дәстүріміздің, қаймағы бұзылмаған тіліміз бен мәдениетіміздің алтын бесігі. Қазіргі жаһандану заманында ауылдың қадірін ұмытып бара жатқандаймыз. Алайда, кіндік қанымыз тамған өлкеге деген сағыныш пен құрмет ешқашан ескірмейді. Өнегелі тарихымыз, бабаларымыздың жүріп өткен сара жолы бүгінгі өміріміздің мәнін де, мағынасын да тереңдетіп тұрғандай. Сол себепті тарихымызға зер салу, одан тағылым алу ұлттық ұстанымымызды сақтауға, кешегі өткен ұлыларымыздың аманатына адал болып, саналы да ғибратты ғұмыр кешуімізге жол ашты. Бұл мақалада адам өміріндегі ең қасиетті мекен – туған жер мен ауылдың қадір-қасиеті туралы, атап айтқанда, Шет ауданындағы Бұғылы тау оазисінде, Байқара өзенінің оң жағалауында орналасқан Дәрия ауылы жайында толғанатын боламыз.

Суреттер автордан

Тарихы терең ауыл

Туған өлкеміздің табиғаты – даланың әсемдігін көруге болатын тамаша жер. Бұл тау жоталары дала ашық жерлерімен тоғысқан. Өзендер, бұлақтар мен үңгірлер – Бұғылы таулары. Бұл жерлерде табиғат өзінің сұлулығымен адам көзін өзіне баурап алатын өзінің алғашқы келбетін сақтап қалды. Дәрияның тағы бір шұрайлы жерлерін атап өтсек: Шаян, Ақдала, Мұрат, Қыпшақ, Жалғызтау, Найзатас, Бүркітті, Шалбай, Итөлген, Қималы-құдық, Тәуекел кезеңі, Таркезен, Аюжал, Сарытау, Көктау, Аршалы, Қарақойтас жерлерінің сай-саласы бүлдірген, сарымсақ, қарақат пен қойжуасына толы.

Дәрия ауылының тарихы сонау ежелгі қола және ерте темір дәуірінен бастау алады. Бұған дәлел, 2002 жылы зерттеулер нәтижесінде табылған Дәрия қорымы. Дәрия қорымын 2002 жылы академик ­Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Сарыарқа археологиялық институтының (САИ, а.ғ.қ. И.А.Кукушкин) археологиялық экспедициясы ашты. Ескерткіш Қарағанды облысының Шет ауданында, Қарағанды қаласынан оңтүстік-оңтүстік-батысқа қарай 70 шақырым жерде, Дәрия теміржол станциясынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым жерде орналасқан. Қорымның жерлеу құрылыстары Жартас-Аюжал (Красная горка) тауынан (Қосыбай тауларының оңтүстік сілемдері) оңтүстік-батысқа қарай 80 метр жерде, Шерубай-Нұра өзенінің саласы – Байқара өзенінің сол жағалауында жинақы топ болып орналасқан. Қорымда 11 көрінетін құрылыс бар. Бес құрылыста ересектер, екеуінде балалар жерленген. Қорымнан қыш ыдыстар, тас кетпен, т.б. заттар табылды. Сонымен қатар, 1955-1956 жылдары тарихшылар Ә.Марғұлан, М.Қадырбаевтар қазба жұмыстары кезінде «Бұғылы – 1, 2, 3» керемет археологиялық жаңалықтар ашқан.

Ауылымыздың бертін келе тарихына үңілетін болсақ, халқымыз сан ғасырлардан бергі терең тарихында талай қиын-қыстау кезеңдерді, аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Қазіргі Дәрия ауылдық округінің жері ол «Қареке-Алтай» болысының құрамында болғаны анық көрсетілген. Бұл болыстық 1832 жылдың қыркүйек айында құрылған, Ақмола уезіне қараған. Болыстан 1901 жылы Бұғылы болысы бөлінді. Алғашқы болысы болып төре Жәңгір Беғалыұлы сайланды. Қазіргі Қарамұрын, Дәрия, Ақой жерлері қарады. Болыстықтар 1923 жылға дейін болып, кейін таратылды, бәрі де Қарағандыға қарады.

Астана қаласының «Ұлттық архивінде» сирек кітаптар және құжаттар қорында «Акмолинский уезд «по аульные таблицы» деген құнды материалдардағы келтірілген санақ бойынша 1897 жылдан бастап жасалған статистикалық мәліметтерде «Шерубай-Нұра» болыстығы деген бөлімінде Дәрияға қатысты 190-225 беттерінде құнды деректер кездестіруге болады. Болыстық 13 әкімшілік ауылдан тұрады. Негізі рулар: Төре, Барғана-Шушақтар, Кенжеғара, Қарекенің аталары – Тоқбура, Ақбура, Байбұра, Биболды. Әр әкімшілік ауылға 20-дан 40-қа дейін шаруашылық ауылдар қараған, олар туыстық жүйемен құрылған, жеті атаға толмайтын ағайындар бір ауылда тұрған. Бұл ауылдардың қыстаулары, тұрғын үйлері, су көздері, халық саны, мал саны, егістіктері мен шабындықтары көрсетілген. Осы мәліметтерден «Шерубай-Нұра» болысының қандай рулардан құралғанын және негізгі принципі – ертеден бұзылмаған туыстық жүйе екенін көріп отырмыз. Табиғаттың килы көріністері – жұт, өрт, т.б. өмірдің қиын сәттерінде бірге болған, бірге төтеп берген. Әр ауылдың өздеріне тиеселі жеке-жеке қыстаулары болған, көші-қон заманында ортақ жайлауларға бірге қонған.

Сонымен қатар, атақты жазушы, публицист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алдан Смайылдың ежелгі Ақмола-Қараөткел өңірінің тарихын ұзақ уақыт зерттеудің нәтижесінде жазылған тарихи-деректемелік көптомдық туындысынының ІІІ томының 104-106 беттерінде ХІХ ғасырдағы Дәрия ауылы жайлы қызықты деректер келтіріледі.

Ақмола округ орталығы болып құрылар кезде қазақ даласына, жіктеп айтқанда, Ақмола аймағына арнайы тапсырмамен шыққан Ресей экспедициялары осы ұланғайыр өңірді әскери және экономикалық жағынан қалай еңсеріп, игеруге болатынын егжей-тегжейлі зерттейді. Генерал-губернаторға бірнеше ұсыныс айтылған. Соның бірі, Қырғыз-қайсақ даласын осылай өндірістік мақсатта игеру қорғаныс шараларын ойластыруды қажет етеді. Біз жүріп өткен аймақта үш қамал салынғаны дұрыс. Бірін Жақсы Еңістау көлінің жанынан, екіншісін Ақмоладан, үшіншісін Нұра өзенінің басталар тұсынан тұрғыза аламыз. Майор Набоков рапортында өңір жұртымен санасуды артық деп есептеген. Оны үркек етіп суреттейді. Сол пікіріне дәлел ретінде Қорғалжыннан әрідегі Жақсыкөң өзенінің бойында болған мына оқиғаны әңгімелеп береді.

Алдыңғы отряд жолда көлденең созылған қыраттың үстіне шыға келгенде, етектегі ауыл шу етіп көтерілді. Қарулы жатжұрттықтар үрейлендіргені соншалық, ерсілі-қарсылы жүгіріп, қайда қашарын білмеген ел бірін-бірі қағып-соғып жатты. Әйелдер аңырап, бала жылап азан-қазан. Біреулер үйдің киізін сыпырып, біреулер атқа жүгіріп жанталасып жүр.
– Бұл – ауыл ағасы Торғай батыр, – деп таныстырды.
– Баймырза қайда? – дедік.
– Оны ел аманатқа алып қалды, – деді Бибол. Егер Торғай батыр оралмаса, өледі.

Торғай өзін «Кіші жүзбін, оның ішінде Тама руынанмын» деп таныстырды. Қарауында мыңға жуық жан бар екен. Бұғылы маңындағы Дәрі өзенінен осында жаз жайлауға көшіп келген.
Набоков ұсыныстары айтылған 1816 жылдан соң көп ұзамай, атап айтқанда, сегіз жылдан соң Қарқаралы, Көкшетау, ал 1832 жылы Ақмола бекінісі салынды.

ҚарЛАГ және қуғын-сүргін

Дәрия тарихы 1934 жылдан бастап ҚарЛАГпен байланысты, себебі маңайдағы жерлердің барлығы ҚарЛАГ-тың «Бұрма» бөлімшесіне қараған. Қазақтар мекендеген шаруашылық ауылдардың орындары ҚарЛАГ нүктелеріне айналды, ескі қыстаулар, қорымдар қиратылып, тастарынан мал қоралар салынды. Красная горка, Таловка, Калиновка, Огород-Дарья, Дарьинские ворота, 4-Пашенное ҚарЛАГ уақытынан қалған атаулар.

Қуғын-сүргін жылдары Ислам дінін қастер тұтушыларды, аят оқитындарды, ораза ұстайтындарды, молдалық, тәуіптік қасиеттерімен белгілі болғандарды, Меккеге барып қажы атанғандарды шетінен қамауға алып, көзін жойды. Соның бірі, мұсылман дінін, жолын адал ұстанған Ахметжан қажы да қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Ахметжан қазіргі Шет ауданына қарасты, Дәрия әкімшілік округінде «Сарытау» деген Арқаның әсем де шұрайлы жерлерінің бірінде, «Сұлу су» өзенінің бойында 1874 жылы дүниеге келген. Кеңестік заманда сол әсем жерлер «ҚарЛАГ-тың» Бұрма бөлімшесінің «Сарытау» деген нүктесіне айналды. Кеңес өкіметі орнаған жылдары, молдаларды құдалауға ұшыратып, оларға қарсы сот істерін жүргізіп шетінен қамауға алып, көздерін де жойуға барды. Мұсылмандық жолды адал ұстанған Ахметжан қажы қуғын-сүргіннің құрығынан құтыла алмады, сотталды, мал-мүлкінен айырылды, жер аударылды. 27.08.1928 жылы №68 қаулы «О конфискации и выселении крупнейших байских хозяйств» деген атаумен. Соған сәйкес 150-ден жоғары бас малы бар байлар анықталып, жоспар бойынша тәркілеуге ілінуі керек деп жоспарланды. Ондайлардың саны – 696 адам болыпты, бұл науқан 01.09.1928 жылға дейін орындалуы керек. Ахметжан қажының аты осы 696 байдың бірі болды.

Қарағандыға келіп ЦЕС-тің түбіндегі қазақ ауылын паналады. Бірақ, бұл жерде де қарап отырмай діни рәсімдерді жүргізген. Халықты емдеген, дін жолымен қаражат жинаған. Колхоздандыруға қарсы үгіттеген. Елге тек, 1942 жылдың күзінде оралған, оның өзінде Әжбаба деген ортаншы ұлы Сталинград түбінде қаза болып, сол себепті елге қайтуға рұқсат берілді. Қажы өзінің туып өскен жері Дәрияда 1947 жылдың күзінде қайтыс болған. Қажының осы күнге жеткен Құраны, жайнамазы, сәлдесі бар. Ахметжан қажы 16.01.1989 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен толық ақталған. Қарағанды облысы прокурорының 07.09.2018 жылы берген анықтамасы бойынша қажы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып есептелді. Сонымен қатар, Жүсіпов­тар әулетінің тағы 3 ер азаматы әйгілі 58-бап бойынша «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз сотталған. Ахметжанның үлкен ұлы Омархан Жүсіпов (1891-1943 жылдар аралығында өмір сүрген) Қарағанды облыстық сотының 19.12.1942 жылғы шешімімен 58-баптың 10 тармағы бойынша 8 жылға сотталып, жазасын «Долинкада» өтеп, 1943 жылы сол жерде қаза болды.

Ахметжан қажының екінші ұлы Әуезхан Жүсіпов (1893-1959жж.) өз заманының зиялы қауымының көрнекті өкілі болды. Ол 1909 жылы Ақмола орыс приход мектебін бітірген. Сәкен Сейфуллиннен бір сынып төмен оқыды.

Сәкен Сейфуллиннің сыбайластарының бірі ретінде 1937 жылдың күзінде тұтқындалып, 10 жылға сотталған, жазасын қатал «Воркуталагта» өтеген. Әуезхан Жүсіпов 1916 жылдың қаһарлы қысын Ақмола даласындағы ұлт-­азаттық қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі ретінде патша түрмесінде өткізген. Бұл туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» («Өзіміздің елге оралу» бөлімі) кітабында айтылған. «Жазушы» баспасы, 1977 ж., 326-327 беттер. Аталған кітапта екеу­інің кездесуі туралы толық жазылған.

Ахметжан қажының інісі Сейіл қажы 1948-1954 жылдары ҚарЛАГ-тың Бидайық бөлімшесінде жазықсыз отырып шықты.
Сонымен қатар, белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов Абай шығармаларын зерттеп, Абайдың 30 шәкіртін нақтылап, «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертация қорғағаны үшін 25 жылға бас бос­тандығынан айырылған, алғашқы қазақ Әнұранының авторы. Семей және Алматы қалаларындағы НКВД түрмесінде отырып, кейін ҚарЛАГ-қа жөнелтілді. Қайым Мұхамедханов, Қарағанды, Теміртау, Долинка, Дәрия, Құла-айғыр, Қарабас, Шерубай, Просторное, Топар, Тартауыл және басқа да Қарағанды лагерьлерінде болып, азап жолынан өткен. Қайым Мұхамедханов, Дәрияның бір нүктесінде 1952-1954 жылдары жазасын өтеген деген дерек бар.

Дәрия теміржол бекеті

Теміржол құрылысы қарқынды екпінмен салынып жатты. Ауылда 1935 жылы әуелі электростанция мен су құбыры салынды. 1936 жылы Дәрия теміржол бекеті болып құрылды. Өлкедегі алғашқы «Паровозное депо» ашылды. Елде қажетті әлеуметтік нысандар бой көтерді. 1937 жылы орта мектеп-интернат, клуб, кітапхана, балабақша, наубайхана, монша, аурухана, су жүйесі, екі қабатты үйлер тұрғызылды. Ауылдың барлық өмір тынысы осы теміржолмен байланысты болды. Жан-жақтан келген тұрғындарға жұмыс орны болды, ауыл үлкен елдімекенге айналды. Әкімшілік атқару жүйесі бойынша Жаңаарқа ауданы Ақадыр поселкелік әкімшілігіне қарады. Тек, осыдан 70 жыл бұрын 1956 жылдың 31 шілдесінде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің шешімімен, Ж.Тәшенов қол қойған қаулы бойынша сол кезде 5460 тұрғыны болған ауыл өз алдына жеке поселкелік «поссовет» болып құрылды. Дәрия поселкелік кеңесінің әкімшілік қарамағына теміржол бекеттері жанындағы Жарық, Қарамұрын, теміржол разъездері жанындағы Бұрма, №835 елдімекендері берілді. 1973 жылдың 20 наурызынан бастап Шет ауданының құрамында.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Дәрия ауылынан 68 азаматы сол кездегі Отанды қорғау­ға қатысқан, Дәрия мектебінде завуч болған А.Баймурзин – 1941 жылғы 28 шілдеде алғашқылардың бірі болып аттанды. Ауылдың боздақтары Әжбаба Жүсіпов, Қаражан Райымов, Оспанбай Құрымбаев, Төлеу Макаев, Алексей Мартынов, Василий Мартынов, Иван Мартынов, Абдығалық Ахметов, Алексей Кондаков, Тезекбайұлы Балтай, Нұргелді Тусенов, Байбек Тынтаев майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Бір-бір аяғын беріп «Даңқ» орденінің иегері Е.Жұмабаев, А.Әлкенов, К.Күзембаевтар елге мүгедек болып оралды. Соғыс жылдары еңбек майданында жүзден аса тыл ардагері «броньмен» күні-түні теміржолда қажырлы еңбек етті.

2022 жылы 9 мамырда Дәрия ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылды, саябақ салынды, ас берілді.
Дәрия кеңшары
Сол кездегі Шет ауданының бірінші хатшысы болған Арқаның ардақты азаматы, батыр ағамыз Кәмәли Дүйсембековтің ұсынысымен Дәрия кентінде 1975-1995 жылдар аралығында совхоз құрылды, бұл да ауылдың көркейіп дамыған кезеңі болды.

Ағамыздың осы мәселе жайында «Дәрияның совхоз болуы үшін экономикалық көрсеткіштерінің негізі жоқ еді, алайда, ойымда елге жаңа жұмыс орындары ашылады, жол, үй салынады деп, сол себептен дегенімнен айнымадым» деген еді. Сонымен, совхоз құрылып, ірі қара мал өсірілді, жаңадан үйлер салынды, көпір тағы бірқатар әлеуметтік нысандар тұрғызылды, балабақша, қонақ үйі, жергілікті әкімшілік. Теміржолдан басқа жұмыс орындары ашылды, ауылдан жастардың кетуі азайды. Бірақ, заман талабына сай совхоздар таратылды, ауылдың ажары кете бастады.

Мектеп тарихынан

2027 жылы Дәрия мектебіне 90 жыл толғалы отыр. Біздің мектеп 1937 жылы салынды. 1937-1962 жылдар аралығында №44 мектеп, 1962-1978 жылдар аралығында №144 мектеп және 1978 жылы №126 орта мектеп болған. 1979 жылы №84 орта мектебі Алматы теміржол құрамында болды. 1982 жылдан бастап, №128 орта мектебі, 1997 жылдан бастап Дәрия орта мектебі, 2015 жылдан «Дәрия жалпы орта білім беру мектебі» КММ және 2021 жылдан бастап, «Дәрия жалпы білім беретін мектебі» КММ болып атанды.

Ауылдың басты байлығы – оның адамдары

Теміржолшылар Ә.Ермеков, И.Бейсеков, С.Сауысқанов, Ж.Сағындықов, Жылтыркөзов – «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» орденімен және көптеген медальмен марапатталды.
Ауылдан шыққан ғалымдар – т.ғ.д. М.Мұқышев, э.ғ.д. Б.Ахметжанов, т.ғ.к Ш.Жүкішев, т.ғ.к. Т.Интықов, «Парасат» орденінің иегері, т.ғ.к. С.Шериязданов, б.ғ.д. Т.Бейсекова – ауыл мақтанышы.

Ауылдың қазіргі тұрмыс-тіршілігі

Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Бүгінде заман ағымына сай туған ауылымыз да өзгеріп, жаңарып келеді. Халықты мазалап жүрген сұрақтары оң шешімін тауып келеді. Кейінгі жылдары балалар спорт алаңы (корт), балалар ойын алаңы, мәдениет үйінің салынуы, жаңа медпункт, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саябағы, Тутұғыр қойылуы, ауыл ішінде жолдардың асфальтталуы, ең бастысы, үлкен тас жолға шығатын 23 шақырым жол асфальтталуда, т.б. игі істер атқарылды. Бұл жол жыл аяғына дейін жасалып, ауылдың әрі қарай дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Ауылдың тағы бір жақсы жаңалығы 2025-2026 жылдың күз-қыс маусымында барлық жерлестердің қаржы көмегі арқасында Дәрия футбол командасы Қарағанды облысы әуесқойлар футбол F лигасында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Дегенмен, ауылдың басты байлығы ол – еңбекқор, қонақжай әрі ақкөңіл жерлестері. Қай елде, қандай биікте жүрсе де, туған жердің дамуына үлес қосады деген ойдамыз.
Қорыта айтқанда, ауыл – ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүріміздің алтын бесігі. Уақыт өтіп, өмір бізді қаншалықты алысқа жетелесе де, туған ауылдың түтіні мен жусан иісі әрқашан жүректің ең жылы түпкірінде сақталып қала бермек.

Ауылымыздың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын, қадірменді жерлестер! Алдағы уақытта ауылымыздың абыройы асқақтай берсін!

Б.БАЙМҰРЗИН,
зейнеткер,
Дәрия кентінің тумасы
С.МҰСТАФИН,
Дәрия кентінің әкімі
Г.СЫЗДЫҚБЕКОВА,
Дәрия ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button