Дара туған тұлға
Академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі мен оның ғылымға қосқан үлестерін білмейтін адам Қазақстанда кемде-кем. Әр адам өз ұлтымен, жеткен жетістігімен мақтана алады. Берекесі, бірлігі тасып жатқан ұлан-байтақ елге еміренер, нардың жүгін арқалар ер керек. Қазақстанда «елім» деп еміренген ер де бар, «ерім» дейтін ел де бар. Тіршілігінде ұлтының тағдыры үшін алаңдаған, қазақ ғылымының дамуына көп күш салған Евней Арыстанұлы Бөкетовті мақтаныш тұтпайтын қазақстандық жоқ шығар?! Отандасымыздың туғанына 100 жыл толуына орай оның еліміздің дамуына, ұлттық сананың қалыптасуына қосқан үлесін ерекше атап кеткен жөн.
Евней Арыстанұлы Бөкетов 1925 жылдың 23 наурызында Солтүстік Қазақстан облысында қарапайым орта шаруаның отбасында дүниеге келді. Өмір сүру қиындыққа толы болғанына қарамастан, Евней жастайынан зерек, оқуға деген құлшынысы зор еді. 1945 жылы ол мектепті бітіре сала, Қазақ тау-кен металлургия институтының металлургия факультетіне түседі де, оны 1950 жылы аяқтап шығады. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде-ақ болашақ академик өзінің оқуға деген қызығушылығы мен құлшынысының арқасында үздік студент атанып, топ жарды. Оқуын аяқтап, жоғары білімді маман ретінде диплом алып, ғылым жолына түсуге белін бекем буды. Алдымен аспирантурада оқып, 1954 жылы диссертациясын қорғады. Жылдан-жылға ғылыми мансабы биіктеп, 1956 жылы доцент лауазымын иеленді. Ал екі жылдан соң оқу ісі жөніндегі проректор және тағы екі жыл өткен соң Қарағанды қаласындағы Қазақстан ғылым академиясының химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалды. Қаныш Сәтбаев айтқан екен: «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен даму үшін оның штабында, ғылым академиясының, халқының, өз отанының мүдделерін бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек» деп. Е.Арыстанұлы ғұлама ғалымның осы айтқан ұлағатына сай болуға тырысты. Академик Е.Бөкетов аталмыш институттың директоры қызметінде жүрген жылдары Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосып, шетелдік мемлекеттерде патенттелген 200-ден астам ғылыми еңбектің, тоғыз монографияның, 90-ға жуық ғылыми жаңалықтың авторы болды. Осындай әлемге әйгілі химия-металлургия ғылымында зерттеулерді жүргізіп, ғылыми еңбектерді жарыққа шығара жүріп, осы аталған ғылыми салада басты тұлғаға айналды.
1972 жылы Е.Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалады. Білім ордасының тұңғыш ректоры болды. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне академик Е.Бөкетовтің аты берілді. ҚарУ құрамында 12 оқу ғимараты, кітап қоры 1,5 млн. дананы құрайтын 16 оқу залы бар ғылыми кітапхана, жабдықталған 6 жатақхана, санаторий-профилакторий, студенттік тұрмыстық кешені, 19 кәсіпорынды қоғамдық тамақтандыру комбинаты, «Шаңырақ» жастар орталығы, кондитерлік цех, «Аюлы» спорттық-сауықтыру кешені, «Кент» бос уақытты өткізу орталығы, Балқаш, Топар көлдеріндегі демалыс аймақтары, Қарқаралыдағы оқу-сауықтыру базасы, 3 стадион, 11 спорттық зал, «Интернет» телекоммуникациялық орталығы, компьютерлік орталық, медиатека, баспахана, оқу теледидары бар.
Үкіметтің 2024 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оның 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Бұл аз жетістік емес.
Евней Арыстанұлы өнердің сан саласында озық болған. Ол орыс жазушылары мен ақындарының бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударып өзінің сөз байлығының тереңдігі мен ойлау қабілетінің ұшқырлығын еңбегімен дәлелдеді. Мысалы, 1985 жылы Мәскеу қаласында Е.Бөкетовтің «Святое дело Чокана» атты очеркі басылымнан шықса, 2005-2006 жылдары 6 томдық ғылыми және әдеби-публицистикалық шығармалар жинағының 5 томы жарық көрді.
Көз көрген адамдар Евней Арыстанұлының әрқашан өте әдепті, әрі қателескен адамға ешқашан да ескерту жасамайтын жүрегі жұмсақ, бауырмал адам болғандығын айтады. Ол біздің елдегі ғылыми танымның беделі мен мәртебесін лайықты жоғары деңгейге көтерді, өз теориялық және тәжірибелік зерттеулерімен қазақстандық химия ғылымы мен өнеркәсібінің жетістікке жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, ғылыми мектеп құрды. Енді бірде әйгілі ғалым «… біздің заманымыз жылдан-жылға білек пен бұлшық еттен гөрі ми мен басқа жүк артуын еселеп үдетіп келеді. Бұл еселеп үдету күшейе түспесе, бәсеңдейтін түрі жоқ» деп ой бөліскені бар. Олай болса, әрбір жас өз миын ертеден баулып, ертеден үйретуге тиісті. Ұлы ғалымның осы ойы жас мамандарды алдағы уақыт талабына зер салғызады. Мұның не үшін қажеттілігін де санада жаңғыртады.
Абай Құнанбайұлы айтқандай: «Ғалым мен терең ойшыл – адамзаттың абыройы». Евней Арыстанұлы Бөкетовтің жарқын өмірі Қазақстан жастарына жарық жұлдыз іспетті үлгі болары хақ. Ғалым басына түскен қиыншылық пен жеткен жетістігін біле отырып, әрбір жас осындай нар тұлғалардан үлгі-өнеге алса. Қиындық болмай, қызық болмайды, алға ұмтылыс пен жеңіске жетем деген үміт те адыра қалады. Оның өмірі мен қызметі біздің әрқайсымызға бағдар.
Ләйлә ЖҰМАНОВА,
Жанар ҚАСҚАТАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті Шетел тілдері факультетінің оқытушылары.