Дара дарын
Талант – екінің біріне берілмейтін, Алладан келетін бір тылсым күш десек, сол қасиетті бойына туған жердің топырағымен бірге сіңіре білген, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының бас хормейстері – Амантай ЖҰМАШЕВ.
Мені Амантай ағамен ең алғаш сахна таныстырды. Содан бері жұбымыз жазылған емес. Жетпісінші жылдардың аяқ кезі болатын. Жыл сайынғы аудан орталығында болатын мектепаралық байқаулардың бірінде Аужекеңнің нағашы жеңгесі Лена мұғалім Амантай ағамызды ертіп келіп, менің әнімді сүйемелдеп беруін өтінді. Аужекең (шамамен 9-10-шы сыныпта оқитын кезі) менен не айтатынымды біліп алған соң қолындағы баянын құйқылжыта ойнап, сүйемелдей жөнелді. 3-ші сыныпта оқитын жас бала маған бір үлкен оркестр ойнап тұрғандай әсер қалдырды. Сөйтіп, алғаш Аужекеңнің сүйемелдеуімен ауданның үлкен сахнасына шықтым. Бүгінде небір үлкен сахналарға шығып өнер көрсетіп жүрсем де, сол концерт әлі есімнен кетпейді.
Араға жылдар салып, оқу бітіріп жолдамамен Жезқазған облыстық филармониясына бардым. Сол жерде Аужекеңмен қайта қауышып, шығармашылық өміріміз басталды. Мен Амантай ағамыздың жаңа қыры – композиторлығымен таныстым. Сол кезде ағамыздың жеңгемізге деген махаббатынан туған «Махаббат серенадасы» әнінің куәгері болдым. Кейін, бұл ән театрда қойылған М. Шахановтың «Танакөз» спектаклінің лейтмотиві болды.
Театр сахнасына келуіме де себепкер болған осы – Аужекең. Қазақ өнерінде қайталанбас дауысымен ерекше болып қалған, арамыздан ерте кеткен ақтоғайлық дара талант иесі Саламат Қазақбаев С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театрында қойылған «Қыз Жібек» спектаклінде Шегенің рөлін сомдайтын. Мен оқу бітіріп барған жылы Саламат Алматыға консерваторияға оқуға түсіп, сонда кетті. Енді театрда Шегені ойнайтын адам жоқ. Содан Аужекең мені ертіп апарып, режиссер Жанат Ходжиевпен таныстырды. Ол кісі біраз тапсырмалар беріп, ән айтқызып, этюдтер жасатып, ақыры мені театрға қабылдады. Бұл жөнінде, Аужекең өзі қалжыңдап «Мен Шегенің поставщигімін» дейтін. Себебі, Саламатты да солай театрға кіргізген екен.
Кейіннен Ақмолада театр ашылып, Ж.Омаровтың шақыртуымен осында келіп, талай жыл театрда бірге қызмет жасадық. Театр жанынан Қазақстанның бірде-бір театрында жоқ актерлардан теңдессіз вокалдық ансамбль жасады. Бірнеше дауыста орындалған әндер көрерменнің көңілінен әлі күнге өз орнын алып келеді. 2000 жылы Германиядағы елшіліктің шақыртуымен сол елдің 4 қаласында концертімізді беріп, ол жақтағы қандастарымызбен бірге басқа да көрерменнің жоғары бағасын алып қайттық. Бұл да болса, Амантай ағамыздың үлкен еңбегінің арқасы.
Нағыз бәйге аттары кермеде маужырап тұрады дейді ғой, сол сияқты Аужекең де кейбір жылмақайлар сияқты өзін тықпыштап көрсеткенді ұнатпайды. Көптеген әндердің авторы бола тұра, сол әндері әлі күнге үлкен сахнадан орындалмай келеді. Бұл да болса, Аужекеңнің қарапайымдылығы шығар, әйтпесе, сол әндерді нотаға түсіріп, кітап қылып шығарып, әншілерге ұсынам десе қолында тұрған дүние барлығы…
Қолда барда алтынның қадірін біліп, биылғы мерейтойы қарсаңында осы дүниелерді іске асырып, қолдау білдірсек, дара дарын иесі Амантай ағамыздың шығармашылығымен көрерменін жақынырақ таныстырып, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтоғайда концертін берсек, нұр үстіне нұр болар еді…
Нұрай ТАНАБАЕВ,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.