Дамудың даңғыл жолында

      Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ басшылығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде – өткен жылғы жер балансы және пайдаланылмаған егіс алқаптары мен суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту, 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, өткен жылдың қорытындысы және 2017 жылғы мақсатты жұмыстар сөз болды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – өткен жылғы жер балансы және пайдаланылмаған егіс алқаптары мен суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы Аян Шалмағанбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, жер балансы дерегіне сәйкес, облыс аумағының жер көлемі 42 млн. 798 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласына тиесілі көлем – 14 млн. 22 мың гектар. Яғни, облыстағы жер қорының 32,8%-ы. Бұл жер аумағы 7 мың 338 жер пайдаланушының атына тіркелген. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Ресей Федерациясы 7 млн. 154 мың гектарды жалға алып отыр. 2015 жылғы 9 ай көлеміндегі облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша, облыс әкімдігі қаулысының 15-ші тармағына сәйкес, қордағы және барлық пайдаланылмаған егістікке жарамды, суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша аудан әкімдіктеріне 2016-2020 жылдарға арналған жоспар әзірлеу тапсырылған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыстың жер қатынастары басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, жоспар әзірлеп, бекіткен еді. Өткен жылы облыста жер пайдаланушы атына тіркелмеген 418,5 мың гектарды, соның ішінде, 51,4 мың гектар егістікті ауыл шаруашылығы айналымына тарту жоспарланған болатын. Соның нәтижесінде, өткен жылы аудан әкімдіктерімен ауыл шаруашылығы айналымына 367,0 мың гектар жер тартылса, соның ішінде егіс алқабы – 26,3 мың гектар. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы жер­лерін айналымға тарту жоспары 87,7%-ға орындалып, егіс алқабы 51,2 пайызды межеледі. Жоспарды жүзеге асыру бойынша белсенділік танытқан аудандар қатарында Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандары болды. Бұл аудандар жоспарды 252, 204, 100 пайызға дейін орындаған екен. Соның нәтижесінде, өткен жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда егіс алқабы – 41 мың гектарға артты. Бұл туралы облыстың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Саяш Ахметов те айтып өтті.

Өткен жылы наурыз айында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Елбасы Жарлығымен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімет берді. Бағдарламада жергілікті атқарушы органдар үшін 4 негізгі мақсат, 14 міндет және 33 көрсеткіш қарастырылған еді. Соның ішінде, әлемдік стандарттар негізінде мектептің білім беру стандарттарын жаңарту, балаларды мектепке дейінгі оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету, үштілді оқытуды кезеңдеп енгізу, 12 жылдық білім беруге көшу, мектептерді ақпараттандыру және жылдамдығы жоғары ғаламтормен қамтамасыз ету, мектеп бітірушілерді тегін алғашқы жұмыс біліктілігімен қамтамасыз ету мәселесі айтылған болатын. Бағдарламаға сапалы серпін беріп, жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында облыстың білім басқармасымен іс-шаралар жоспары жасалынып, бекітілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.