Дала өрті: Кім кінәлі?

Көктем мен жаз мезгілі шаруа үшін қарбалас шақ. Бұл уақытта диқан егін егіп, жеміс-жидегін баптап, қысқы шөбін шауып, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Еңбек адамың бұл кезеңде табиғат та сынға алады. Қуаншылық жерді күйдірсе, толассыз жауын дәнді дақыл, шөпті шірітеді. Сонымен қатар, жылда қайталанатын дала өрті де жер емген шаруаны шығынға батыратыны рас. Ал, сол жазықты шарпыған жалынға көп жағдайда адам өзі кінәлі болып жатады. Салғырттық па, әлде салақтық па?

Кәуәптің түбі – өрт

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы маңында алапат орман өрті болды. Бұл оқиғаға себепкер болуы мүмкін деген күдікпен 35 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, ол өз отбасымен орманға барып, кәуәп пісірген. Алайда, абайсызда сол жердегі құрғақ шөпке от тиіп кеткен. Алдымен жалынды өзі өшіруге тырысып көрген, бірақ шамасы жетпеген соң өрт тұтанған жерді тастап, ешкімге хабарламастан кетіп қалған. Тиісті сот сараптамалары да тағайындалды. Ал, күдіктіге тағылған айып расталған жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. «Қолдан жасалған» өрт 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты.

Қасақана өрт қоймаса да адам өліміне апарған апаттың себепкері айыппұлмен ғана құтылады. Ал, артында қалған «сыйы» бір батпан.

Екі күнде 190 өрт

Апаттың екі түрі бар. Ғылымиламай айтсақ, бірі – табиғи, екіншісі – адамның қолынан болған апат. Тілсіз жау – өрт те апаттың бірі. Астарламай жөнімен айтсақ, дала өртінің басым бөлігі өзіміздің кесірімізден болатын өрт. 27 сәуірде өңірлік коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының аумағында өрт қауіпті кезеңнен өту мәселелері бойынша брифинг өтті. Жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі болсын, брифингте «Өрт қауіпті кезеңнің басталуымен Қарағанды облысының аумағында өрттер мен жану жағдайларының саны күрт өсті. Тек өткен демалыс күндері, 24-25 сәуірде Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері 190 рет, оның ішінде 182 рет ашық аумақта қоқыс пен құрғақ шөпті сөндіруге шықты. Оның туындауының негізгі себептері адами фактор болып табылады: отты абайсыз қолдану, қоқысты жағу, от жағу және тағы да басқа жағдайлар. Сондай-ақ, саяжай алқаптарындағы өрт санының өсуі байқалады. Құрылыстар мен қоршауларға тікелей жақын жерде, қараусыз қалған аумақта қоқысты, құрғақ шөпті, өртеу салдарынан саяжай алқаптарында 17 өрт орын алды», деді ТЖ департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосынов.

Себеп – сөндірілмеген от, құрғақ шөпті жағу

«Өртке қауіпті кезең басталғаннан бері облыс аумағында жалпы ауданы 285 гектар 16 дала жануы және 20,2 га алаңда 3 орман өрті тіркелді. Табиғат өрттері мен жанудың пайда болу себебі халықтың отты абайсыз пайдалануы болып табылады: сөндірілмеген сіріңке мен темекі, демалыс орындарынан кейінгі сөндірілмеген алау, құрғақ өсімдіктерді жағу» дейді төтеншеліктер. Қазіргі уақытта төтеншеліктер ормандала алқаптарында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және азаматтармен өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Сонымен қатар, табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою мақсатында орман және дала өрттерінің қаупін азайту және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары да бекітілген.

Көліктер соқтығысты

Сәуір айында Бұқар жырау және Абай аудандарында 40 гектар жер өртенді. Дала өртінен жолдарды көк түтін басып, Шешенқара ауылының маңында екі көлік соқтығысып қалды. Көз байлаған көк түтінде бірін-бірі көрмей қалыпты. Жолаушылар түрлі жарақат алған. Өрт сөндірушілер Бұқар жырау және Абай ауданындағы дала өртін әупірімдеп жүріп түн қата ауыздықтаған. Жайылым мен шабындыққа жаңа шөптің шығуын күткендер далаға өздері от қоюы мүмкін деген де болжам бар. «Бірақ ондайларды үстінен түсіп ұстап алу қиын» дейді мамандар. Қарағанды облысы ТЖД ресми өкілі Жанна Дәуренбекова:

Өрт себебі әлі анықталған жоқ. Табиғат өрті туындауының негізгі себебі – отты абайсыз қолдану, алау жағу және ауыл шаруашылығы техникаларының ақауы, алау сөндіргіштердің ұшқыны болуы мүмкін, – дейді.

Айтуындай айтады-ақ…

«Табиғатқа шыққан кезде сіз өте мұқият болуыңыз керек: сөндірілмеген темекі тұқылдарын, сіріңкелерді тастамаңыз, сөндірілмеген отты, сондай-ақ, сынған әйнекті қалдырмаңыз. От жағу, қалдықтар мен ыдыстарды өртеу ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жүзеге асырылуы тиіс» дегенді мамандар жылда қайталап жатады. Құлақ асар адам жоқ па дерсің?!

«Ал, желді ауа райында от жағу мүлдем қолайсыз. Көктемгі дала жұмыстарына келетін болсақ, оларды өткізгенге дейін дала жұмыстарына тартылған тұлғаларға орман-дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігінің негізгі шаралары туралы нұсқау берілуі тиіс, техниканы жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықтау қажет, алдағы өртеу туралы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерін хабардар ету қажет. Орман аймағына, сондай-ақ, елді мекендерге іргелес дала өрттерінің өтуіне жол бермеу мақсатында жырту жүргізу қажет» дейді мамандар.

Тек естір құлақ болса деңіз…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.