Дәстүрлі тағамдар ұсынды
Қазақ халқы Наурыз күні ескі жылдағы араздықты ұмытып, «Ұлыс оң болсын, бәле-жала жерге енсін, ақ мол болсын!», – деседі. Бірін-бірі құттықтап, құшақтасып көріседі.
Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, оны жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсету мақсатында С.Сейфуллин кентінде Жарық жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып оқушылары мен ата-аналарының арасында мұғалімдердің ұйымдастыруымен «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Шарада мектеп директоры Г.Қызылова ата-аналар мен оқушыларға жаңа жылдық құттықтау тілек тілеп, наурыз мерекесі жайлы түсінік берді. Сонымен қоса директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Даткина жылы лебізін білдірді. Ата-аналар, ұстаздар, оқушылар қазақтың ұлттық киімімен өнер көрсетті. Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді. 1«ә» сыныбы Бесікке салу, 2«в» орыс сыныбы Тұсау кесер, Сүйінші салтын көрсетсе, оқушыларға таныс емес дәстүрлер бойынша 2 «б» сыныбы Тоқымқағар, 2 «ә» сыныбы Шөміш қағу, Саумалдық түрлерінен ата-аналар көрініс көрсетіп, түсінік беріп отырды. Мерекеге байланысты 4 сынып оқушылары жарапазан айтса, Күн ана мен Көктем аруы келіп халыққа жақсы тілектерін жеткізді. Ұстаздар оқушылармен «Сақина салу», «Арқан тартыс», «Асық ату» сияқты ұлттық ойындарды ойнатты. Әр ойынға түсінік беріп, ережесін таныстырып отырды. Ата-аналар мектебіміздің дәлізіне әр сынып болып қазақтың ұлттық тағам түрлерін әкеліп, дастарқан жасады. Наурыз мерекесінің дәстүрлі тағамы наурыз көже жасалды. Әжелер тойдың құрметіне шашу шашты.
Айнагүл ДУАНБЕКОВА,
Жарық жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
ШЕТ ауданы.