Руханият

Дүлдүл әншінің есімі асқақтады

Жақында Балқашта дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, әнші, күйші, сазгер, актер Манарбек Ержанов атындағы «Сайра, бұлбұл!» атты аймақтық дәстүрлі ән байқауы өтті. М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында өткен шарада Қарағанды, Балқаш қалалары мен Бұқар жырау ауданы атынан үміткерлер қатысып, бақ сынады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігі 16 жас пен 35 жас аралығында болды. Әр үміткер екі дәстүрлі әннен орындады. Бірі – Манарбек Ержановтың өз әні немесе орындаған әні. Кіл мықтының өнерін кәсіби музыкант, әншілерден құралған қазылар алқасы бағалады. «Бұл ретте байқауға қатысушының киім үлгісіне, әнді орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне және дауыс тазалығына баса мән бердік. Бұл байқау көп жылдан бері Балқаш қаласында ғана ұйымдастырылып келеді» дейді қазылар алқасы. «Құлақтан кіріп, бойды алар» (Абай) әндерді әркім өз әлінше жеткізуге тырысты. Байқауға қатысушылар қатарында Қарағандыдағы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы өнер колледжі студенттері де бар. Басым көпшілігі Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл!», «Амангелді туралы ән», «Шегенің термесі» әндерін орындады. «Паравозы» мен «Көк көгершіні» де әуеледі. Сайысқа қатысушылар Ақан серінің, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның, Жарылғапбердінің әндерін де нәшіне келтіріп орындады. Сонымен, бағы мен бабы жарасқан Балқаш қаласының мәдени-сауық орталығының әншісі Нұржан Жасымхан дәстүрлі байқаудың Бас жүлдесін еншіледі. І орынға Бұқар жырау ауданынан келген Нұрғиса Рахадұлы лайық деп танылды. Бұқар жырау ауданы, Баймырза ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Фарида Саутхан ІІ орын жүлдесін қанжығалады. Балқаш қаласы Балалар өнер мектебінің оқытушысы Еркебұлан Манарбеков және Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрғанибет Нұрғазы ІІІ орынды өзара бөлісті. Асығы алшысынан түскен өнерпаздарға ақшалай сыйлық пен диплом табысталды.

Айта кетейік, игі шараны ұйымдастырған Балқаш қаласының мәдени-сауық орталығының өкілдері аймақтық дәрежедегі байқаудан бастау алған «Сайра, бұлбұл!» ән байқауын келешекте республикалық дәрежеге жеткізу жоспарда екендігін атады.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button