ЖаңалықтарҚарағанды

Дүбірлі доп додасы өтті

Сенбі, жексенбі күндері Қарағандыдағы «Тұлпар» спорт кешенінде Данияр ИМАШЕВТІ еске алуға арналған балалар арасында шағын футболдан халықаралық турнир өтті.

Айта кетейік, Данияр Имашев өмірінің соңына дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы қызметін атқарған. Қарағанды обылысыда дамудың жаңа индустриалдық жолына шығуға шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға, дамытуда және көмек көрсету саласында еңбек сіңірген. Сонымен қатар, спортқа белсенді азаматтарды қолдау мақсатында игі шаралар ұйымдастырып, өңірде спорт саласын дамытуға өз үлесін қосқан.
Осымен VI ұйымдастырылған спорттық шараның ашылуына Даниярдың ата-анасы және бірге қызмет жасаған достары қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Ер есімі – ел есінде. Әртүрлі қызмет саласында еңбек еткендердің арасында облыс спортын дамытуға үлес қосқан жандар да болды. Солардың бірегейі менің балам – Данияр еді. Елбасы – «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады», – деді. Және сонымен қатар, Елбасы Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан xалқының 30%-ын бұқаралық спортқа тарту туралы айтты. Бізге де бұл мақсатқа ертерек қол жеткізуге мүмкіндік баршылық. Осындай спорттық шаралар салауатты өмір салтын ұстануына, спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындыруына тигізер септігі, ықпалы зор екені айқын, – деді Даниярдың әкесі Марат Имашев.

Қарағандылық футбол сүйер қауым асыға күтетін Данияр Имашев атындағы турнир бүгінде еліміздегі шоқтығы биік футбол бәсекелерінің біріне айналғандығын ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Болатұлы атап өтті.

– Жылдан жылға қатысушы командалардың саны артып, өрісін кеңге жайып келеді. Қарағанды өңіріндегі дүбірлі додаға арғы басы Алатаудың бауырындағы қырғыз елінің командалары мен бергі басы қала мен аудандардың ала доп шеберлері жиылды. Бұрындары ересектер арасында өткізген шағын футболды биыл халықаралық деңгейде балалар арасында өткізіп отырмыз. Ресейден футбол командалары келе алмай қалды. Әзірге, 8 команда сынға түседі. Келер жылы бұл шараның ауқымы кеңейе түседі. Өйткені, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілес елдің жас футболшылары түгелдей қатысады деп күтілуде, –деді Нұрлан Болатұлы.

Шағын футбол бәсекесіне оралсақ. Ойындар екі тайм, 20 минуттан өрбіді. Топтан үздік шыққан командалар ширек финалда шеберлік байқасты. «Жастар», «Тұлпар», «Топ-Тоголок», «Ақадыр», «Сәтбаев» командаларының футболшылары шеберлік танытты.

Турнир қорытынды есебі бойынша, III орын қырғыз елінен келген «Топ-Тоголок» командасына бұйырды. Ал, финалда қарсылас атанған «Жастар» мен «Тұлпар» әдемі ойын өрнегін көрсетті. Матчтың негізгі уақытында «Тұлпардың» қақпасына «Жастар» командасы 7 рет доп салып, ойсырата ұтты. Осылайша, I орынды «Жастар» командасы, II орынды «Тұлпар» командасы еншіледі.

Сондай-ақ, осы күні турнирден тыс ойын өткізген «Тұлпар» мен «Скаут» командалары матчтың негізгі уақытында 1:1 есебімен тең түсіп, ойын соңынан кейінгі пенальти кезінде «Скаут» командасы ұпай санын еселеп жеңіске жетті. Данияр Имашевты еске алуға арналған VI турнир осылайша қарағандылық жанкүйерлерге керемет футбол мейрамын сыйлады.

Жарыста үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға мақтау қағаздары мен кубок, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button