«City Mall»: әлемдік стандартқа сай өзгеріс

    «Туған жер» бағдарламасы аясында қала жұртшылығына танымал «City Mall» сауда-ойын-сауық орталығының төңірегі абаттандырылатын болды. 150 миллион теңге көлемінде инвестиция құйылатын көріктендіру жұмыстарын орталық басшылығы «Шахтерлер күні» қарсаңында аяқтауды жоспарлап отыр.

Әрбір қазақстандықтың міндеті – өзі тұратын үйінің жанын тәртіпке келтіру. 10 жыл бұрын осы орталық салынғанда ол республикадағы ең үздік орталықтардың бірі болатын. Енді, уақыт өте келе оған жөндеу жұмыстарын жүргізетін кез келді. Біз оның төңірегін, кіреберісін абаттандырудан бастағалы отырмыз. Жоспар бойынша кезең-кезеңімен дүкеннің іші де өзгертілетін болады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасына сәйкес, әрбір қазақстандық өзінің мүмкіндігіне қарай, аз да болсын патриоттық сезіммен туып-өскен жерін ұмытпай, қамқорлық жасап жүргені абзал, – дейді, «City Mall» сауда-ойын сауық орталығының меншік иесі Олег Власов.

Ең бастысы көлік қоятын орындар өзгертіліп, бір уақытта тұраққа қойылатын көліктер саны артатын болады. Яғни, келушілерге ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы үшін адамдар жиі шоғырланатын ірі супермаркеттерге қойылатын әлемдік стандарттарға сәйкес өзгертіледі. Тұрақтар алғашында тегін болғанымен, коммерциялық жоба болуына байланысты, кейіннен ақылы қылу да жоспарда. Бірақ, сауда орталығына келгендегі алғашқы екі сағатыңыз тегін. Сонымен қатар, кәсіпкердің айтуынша жобаға сәйкес көгалдандырылып, көшеттер отырғызылғаннан кейін және балалар алаңқайлары салынғаннан кейін бұл жер келушілерге демалатын орын ретінде де танымал бола түспек. Абаттандырылатын ауданның жалпы көлемі – 1,6 гектар. Жасылдандырылатын аудан – 3300 шаршы метр. Бұл жерге барлығы 280 түп ағаш пен 60 бұталы өсімдік отырғызылмақ.

Орталықтың алдына орнатылатын каскадты және құрғақ субұрқақ та қала үшін таңсық. Алғашқысы өзімізге таныс болғанымен, құрғақ субұрқақтың ерекшелігі – оның су арнасы, аққан суы болмайды, гейзерлер плиталардың астынан шығарылады.

Кәсіпкердің айтуынша, субұрқақтарды іске қосу үшін Дубай қаласындағы және Америка, Канада сияқты елдерде пайдаланылып жүрген үздік әлемдік субұрқақ өндірушілердің жабдықтары пайдаланылмақ. Қарағандыда туып-өскен Олег Власов жобаны дайындау кезінде субұрқақтарға қатысты арқа қысының ұзақ әрі суықтығы да назарға алынғанын да айтты. Елбасының «Туған жер» бағдарламасының арқасында абаттандыру жұмыстарына рұқсат алып, қаланы көріктендіруге өзінің де үлесін қосатынына қуанышты екенін айтады кәсіпкер. Оның үстіне жөндеу жұмыстарына пайдаланылатын материалдардың көпшілігі – отандық тауар өндірушілерден.

«City Mall» сауда-ойын-сауық орталығының төңірегін абаттандыру жобасын жасаған архитектор Роман Шнайдерман Қарағанды қаласы бойынша жиырмадан астам жобаны жүзеге асырған. Олардың қатарында орталық саябақ, вокзал төңірегі, тәуелсіздік бағы сияқты ірі жобалар да бар.

Роман Шнайдерман, архитектор:

Бұл жерде шағын әрі жасыл саябаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Көріктендірумен қатар, қала жұртшылығы үшін демалыс орнына айналдыруға байланысты – субұрқақтың да екі түрі жоспарда. Таксиге арналған тұрақтар салынып, көліктердің орталықтың аумағына кіретін және шығатын жерлері оңтайландырылады. Жаяу жүргіншілер маршруттары ұйымдастырылады, көшеттер отырғызылады. Осы арқылы «City Mall» сауда-ойын сауық орталығының төңірегі заманауи ірі сауда орталықтарына қойылатын талаптарға сай болатын болады. Тағы бір айта кетерлік жаңалық – кезінде Астана және Алматы сияқты мегаорталықтарға арнап жоспарланған, көріністер көрсетуге арналған шағын амфитеатрдың орнатылуы. Сонымен қатар, қала жұртшылығына ыңғайлы болуы үшін циркке өтетін жол да жөнделеді.

Облыс басшысы Ерлан Қошанов қаланы абаттандыруға үлесін қосып жатқан Олег Власовқа алғысын білдірді.

Бұл – Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың ең алғашқы үлгісі. Облыс кәсіпкерлерінен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен миллиард теңге көлемінде инвестиция құюға ұсыныс түскен болса, нақты іске кіріскендердің алғашқысы Сіз болдыңыз. Шахтерлер күні қала тұрғындарына жақсы сыйлық боларына сенімдімін. Бұл жер қарағандылықтардың демалуға ыңғайлы әрі сүйікті орнына айналады деген ойдамын. Қаладағы басқа да супермаркеттердің иелері осы игі істі үлгі етіп, өз айналасын абаттандырумен айналысулары керек, – деді ол өз сөзінде.

Қазір Астана қаласында тұратын кәсіпкер өзінің балалық шағы өткен, Михайловкадағы С.Сейфуллин көшесінде орналасқан үйдің де ауласын көркейтуді қолға алмақшы.

Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Сол себепті, әрқайсымыз қолымыздан келгенше отанымызды көркейтуге үлесімізді қосайық, – дейді Олег Власов.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.