Ресми

Босқындар мәселесі: ұлттық заңнама не дейді?

Парламент Мәжілісінде «Қазақстандағы босқындардың құқықтық жағдайы мәселелері» тақырыбы бойынша заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің тақырыптық отырысы өтті. Жиынды кіріспе сөзбен комитет төрағасы Снежанна Имашева ашты. Снежанна Имашева өз сөзінде кездесудің мақсаты 1999 жылдан бастап Қазақстан қатысушысы болып табылатын 1951 жылғы Конвенцияның ережелеріне сәйкес босқындар құқықтары мен оларды интеграциялаудың аса өзекті мәселелерін талқылау екенін атап өтті.

Сурет автордан

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, депутат Айгүл Құспан, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ БЖКБ Орталық Азия бойынша өкілі Ханс Фридрих Шоддер құттықтау сөз сөйлеп, Парламент­аралық Одақтың Бас хатшысы Мартин Чунгонг бейнеүндеу жасады.

Тақырыптық отырыстың барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов баяндама жасады.

Талқылау барысында Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис, БҰҰ БЖКБ Орталық Азия бойынша құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Рано Сайдумарова сөз сөйледі, «Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті» КЕАҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы ретінде мен «Қазақстандағы босқындар мәртебесінің өзекті аспектілері: проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасадым.

Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып табылады. Қазақстан халықаралық құқықтың толыққанды субъектісіне айналды және адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты әмбебап халықаралық шартқа қатысады, оның ішінде, БҰҰ-ның «Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық құралдары» деп аталатын 8 құқық қорғау конвенциясы бар.

Қазақстан Республикасы өзі­нің Конституциясында халық­аралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын ұстанатынын жария­лай отырып, адам құқықтарын қорғау саласындағы халық­аралық-құқықтық міндеттемелерді өз еркімен қабылдайды.

Әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған ең күрделі проблемалардың бірі – босқындар мен қоныс аударушылар мәселесі. Босқындар легінің алдын алудың да, соған байланысты мәселелерді шешудің де қажетті шарты адам құқықтарын құрметтеу болып табылады, бұл туралы осы отырысқа қатысқан спикерлердің барлығы дерлік атап өтті.

Босқындардың қоныс аударуына себеп болатын жағдайлар мен себептер әртүрлі. Босқындардың негізгі бөлігі қарулы және этникалық қақтығыстар, табиғи зілзалалар, экологиялық апаттар, нәсілдік және діни алауыздықтан және басқа да себептерден туындайды.

Бұл проблема халықаралық қоғамдастық үшін әрдайым өзекті болып қала береді. Өйткені, адамдар үшін қауіптің артуы, ең алдымен, соңғы кездері кең таралған өңірлік соғыстармен, лаңкестік актілерімен байланысты. Бұл сөзсіз қақтығыс ошақтарынан қашып шыққан босқындар легінің пайда болуына әкеледі.

1999 жылы Қазақстан 1951 жылы қабылданған Босқындардың мәртебесі туралы Конвенция­ға және оның 1967 жылғы Хаттамасына қосылып, 1999 жылы БҰҰ-ға мүше 146 мемлекеттің қатарына кірді.

2009 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Конвенция бойынша өз міндеттемелерін реттеу және орындау, баспана берудің ұлттық рәсімдерін енгізу үшін «Босқындар туралы» ұлттық Заңды қабылдады.

Анықтамалық ақпараттан 1995 жылы Қазақстанда БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының (бұдан әрі – БҰҰ БЖКБ) өкілдігі ашылғаннан бері он мыңнан астам босқынды қорғауға көмек көрсетіліп, олардың көпшілігі үйлеріне оралғаны, үшінші елдерге қоныс аударғаны немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаны анық. 2000 жылдан бері баспана туралы берілген 4700 өтініш иелерінің 1700-ден астамы босқын деп танылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 322-ден астам босқын және 426 баспана іздеуші бар. Өз елдеріне орала алмаған олар Қазақстан азаматтарымен бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, бейбіт өмір сүруде, білім алып, жұмыс істеуде.

2019 жылғы Жаһандық босқындар форумында Қазақстан Республикасы 1951 жылғы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін растай отырып, босқындарға арналған ИКАО-ның стандартты машинамен оқылатын конвенциялық жол жүру құжаттарын (МОКЖҚ) бере отырып, Жаһандық шартты қолдауға міндеттенді (1951 жылғы Конвенцияның 27 және 28-баптарына сәйкес).

Спикерлер мен негізгі баяндамашының сөздерінде елімізде босқындардың құқықтарын қорғау, түйткілді мәселелерді шешу және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар егжей-тег­жейлі баяндалған болатын. Сондықтан, Комитеттің тақырыптық отырысының күн тәртібінің жекелеген өзекті аспектілеріне қысқаша тоқталып өтейін.

Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау аясында 2021 жылы босқын мәртебесін беру өкілеттігі Ішкі істер министрлігінен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Осыған байланысты, көші-қон және босқындар саласындағы бірыңғай саясатты қамтамасыз ету үшін осы министрліктің жанынан көші-қон комитеті құрылды. 2022 жылдың сәуірінде «Босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу мен қарау қағидалары» бекітілді.

БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының босқындарға, сондай-ақ баспана іздеушілерге көрсетілетін көмектің бүкіл циклінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін үйлестіруші ретіндегі маңызды рөлін атап өткен жөн. БЖКБ аралас көші-қон және босқындардың құқықтарын қорғау динамикасының нәтижесінде туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған диалог алаңы ретінде Алматы процесін қалыптастыруға және ілгерілетуге елеулі үлес ­қосты.

Босқындарды қорғау мәселесі БҰҰ-ның Қазақстан Республикасына арналған орнықты даму саласындағы ынтымақтастығы шеңберіне толығымен енгізілген. Қазақстан Босқындар туралы жаһандық шарттың барлық мақсаттары мен БҰҰ БЖКБ ұсынымдарын жүзеге асыруға ұмтылуда.

2022 жылы Үкімет 2022-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын бекітті. Ол БҰҰ БЖКБ қолдауымен босқындардың денсаулық сақтау­ға, жұмысқа орналасуға, білім алуға және әлеуметтік көмекке кеңірек қол жеткізуін қамтамасыз ететін ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейді. Осы Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау босқындар мен респуб­лика аумағында пана іздеп жүрген адамдардың қорғанысын, оның ішінде, тиісті әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ете отырып, ұлттық заңнаманы Босқындар туралы конвенция нормаларына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған сәттен бастап осы күнге дейін ұлттық заңнама барлық босқындарды Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктерге теңестіріп келеді, олар заңсыз көшіп-қонушы болып есептелетінін және оларға азаматтық алу мүмкіндігі берілмегенін атап өту керек. Бұл ретте Қазақстанда ресми түрде босқын мәртебесін алған адам баспанаға ие болу, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек және әлеуметтік жәрдемақы алуда белгілі бір қиындықтарға тап болады.

Сондай-ақ, босқындар мен баспана іздеушілердің ел аумағына кіруіне байланысты проблемалар бар (мемлекеттік шекараны ретсіз кесіп өткені үшін қылмыс­тық жауапкершілік көзделген).

Қазақстанда анықталмаған азаматтыққа қатысты айқындалған жағдайлардың көпшілігі күрделі болып келеді және бұл адамдардың азаматтығын растау үшін үшінші елдерді қатыстыра отырып, ұзақ жұмыс жасау қажет. Өйткені, көп жағдайда босқындар қажетті құжаттар мен дәлелдемелерді ұсына алмайды.

2021 жылдың желтоқсанында БҰҰ БЖКБ жаһандық мандатқа сәйкес мониторинг нәтижелері бойынша ұлттық заңнаманың босқындарды қорғау және интеграциялау саласындағы халық­аралық стандарттарға сәйкестігіне сараптамалық талдау дайындады. Тиісті қорытындылар мен ұсыныстар тұжырымдалып, оларға Қазақстан Үкіметі ескертпесіз қосылды. Қазіргі кезде уәкілетті органдар осы мәселелерді зерделеуде.

Еліміздің Парламент палаталары заң шығару процесінде, ұлттық заңнамадағы проблемалық мәселелер мен олқылықтарды шешуде, босқындарды қорғау және интеграциялау жөніндегі заңнамалық нормаларды әзірлеуде, заңнаманы халықаралық шарттар мен Босқындар туралы конвенцияға сәйкес келтіруде атқаратын маңыз­ды рөлін атап өткім келеді.

Қазақстан құқық қорғау институттарының толыққанды жұмыс істеуі мәселесіне ерекше назар аударады.

Бұл ретте жаһандық қауымдас­тық босқындардың жаңа ағынының алдын алудың ең тиімді жолдарын анықтауы керек. Мұндай жолдарға осы құбылыстардың терең себептерін зерттеу және жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдау жатады. Егер босқындар ағынының пайда болу себептері зорлық-зомбылық қақтығыстарынан туындаса, бұл мәселені шешу жолдары алдын алу дипломатиясы саласында, қақтығыстарды реттеу құралы ретінде делдалдыққа жәрдемдесуде, сондай-ақ, гуманитарлық құқық ережелерін сақтауда табылуы мүмкін.

Соңғы онжылдықтардағы бос­қындармен жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, үйлестірілген және жалпыжүйелік тәсілі – ден қоюдың ең тиімді әдісі.

Василий ОЛЕЙНИК,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button