Бас тақырыпКөзқарас

БОЛАШАҚ МЕГАПОЛИСТІҢ МҮМКІНДІГІ немесе Қарағанды Бас жоспардың қызығын қашан көреді?

Дәурені дәуірлеген кезде Қарағанды Қазақстанда екіншіні ешкімге беріп көрмепті. Алматыдан кейінгі-тін. Заманында «үріп ішіп, шайқап төккен» шаһар. Бүгінде тас маңдайына «төртінші» тиді. Қарағандының тағдырталайына тұтқалық еткен талай әкім «жазмышын» осылай «жазып беріп» және кетті. Кезінде «егер қала 500 мың тұрғынның үстінде ұзақ уақыт тұрып қалса, кенттік сипат иеленеді» деген суық болжам да айтылған. Енді қараңыз. Соңғы жылдардағы статистика. Қарағанды қас қылғанда, осы цифрадан аса алмаған. Сонда не? Даму баяу ма? Қарағанды жоғарыда айтқан «үлкен кенттің» кебін кейінгі жылдар жайлап киіп, бойына соны шақтап отыр ма сонда? Әрленіп-сәнденденуді ұмытқан қала айнаға, өзінің кескін-келбетіне енді қашан қарайды?!

Шаһардың шашын тарап, көйлегін жаңартады деген Бас жоспардың құжатқа айналғанына аттай 14 жыл. 2007 жылдан бері оны қағаз көтеріп келеді. Бірақ, бәсекелестік емес. Қоңсы қонған астана жыл сайын тотыдайын таранады. Ал, жыл өткен сайын Қарағандының кеңестік жүйе кигізген «көнетоз көйлегі» жіпке айналуға шақ қалды. Әрине, жоспар бекігеннен бергі бір мүшелден астам уақытты «тым келте» деу – ыңғайсыз. Қалай десек те, Қарағандының төрттікте аялдауы тым «ұзааааққа» кетті. Шынтуайтында, әлеуеті жетеді. Тек «берекетібұйырмай жүр ме?» дейсіз.

Жоспарға әлі жеткен жоқ

Бас жоспарсыз даму әсте мүмкін емес. Ал, Үкімет бекіткенге дейін Қарағанды 1968 жылғы жоспармен «өмір сүріп» келген-ді. Ол отыз жылға дайындалған. Онда Қарағанды қаласының тұрғындарының саны 650-700 мыңға межеленген. Яғни, 1998 жылы жаңа жоспар жасалуы керек-ті. Бірақ экономикалық күрделі ахуалдың салдарынан ол мүмкін болмаған-ды. 2007 жылғы Бас жоспар негізінде бүгінде Қарағанды дамуын жалғастыруда деген еді облыстың қала құрылысы және сәулеттендіру басқармасының мамандары. Бұл бас жоспарда да тұрғындар саны – 640-700 мың деп жобаланған. Әйткенмен, осы күні тұрғын саны 500 мыңнан сәл-пәл ғана асады, жаңылмасақ.

Жоспарды бес жылда үш кезеңмен іске асырмақ еді. Есепті кезеңі – 2015 жыл деп көрсетілген. Есепті кезең аяқталғалы 6 жыл. Жетінші жылға кетеді желтоқсанда, бұйырса. Алайда, «жоспар жүзеге толық аспаған жағдайда оның мерзімі одан әрі жалғаса береді». Мамандар солай дейді. Оның қағаздан іске айналуы бюджетке байлаулы екенін білеміз. Бірақ, «Қарағанды бюджеті осы 14 жыл бойы жоспардың 70 пайызын жүзеге асыруға шамасы жетпейтіндей жарлы-жақыбай ма?» деген қыңыр сұрақ та сумаңдап қоймады. Олай деуге ауыз бармайды. Әкімдердің есебіне қарасаңыз, кем қалған түгіміз жоқ. Мәселен, «Қарағанды қаласының 2020 жылғы бюджеті 114,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 50,7 млрд. немесе 44,2% әлеуметтік сала нысандарын қаржыландыруға бағытталған». Бірақ, Қарағандының сыртқы көйлегі тозып, арғы жағынан «денесі» көрініп тұр. Парадокс!

Имидждік тартымдылық кем.

Сонымен қатар, бас жоспардың есептік кезеңі аяқталғанда тұрғын үй салу үшін жаңа резервтік алаңдар қарастырылған. 2015 жылға қарай Қарағандыда 544 мың адам тұруы тиіс еді. Десек те, болжам шынға шықпады. 2015 жыл түгілі 2021 жылы ол межеге әлі 40 мың тұрғын жетпейді. Ол 40 мың Нұр-Сұлтанға өтіп кеткеніне күмән жоқ. Өйткені, Қарағанды инвестициялық тартымды болғанымен, қарапайым тұрғын үшін имидждік тартымды емес.

Сонау 2007 жылы Бас жоспарды БАҚ өкілдері жария еткен деректерге сүйенсек, жоспар бойынша Қарағанды аумағы 8 мың гектарға ұлғаюы тиістін. 2015 жылға қарай 17 білім беру, 9 денсаулық сақтау, 25 спорт, 8 кітапхана салынбақ. Сондай-ақ, жаңа ЖЭО-4 пайдалануға берілуі керек. Бұған қоса, БАҚ болашақта жаңа кәріз жүйесі құрылатынын хабарлаған.

Бас жоспарда коғамдық және әкімшілік- іскерлік облыс орталығы Спасск тас жолы мен 7-магистраль арасында, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде (45 га) жаңа құрылыс ауданына көшірілетіні айтылған. Мұнда ірі бизнес орталық, облыстық диалог және қоғамдық келісім орталығы бой көтермек еді (Бүгінгі «Досық» үйі»). Орталық коммуналдық аймақта технопарк, ғылыми және эксперименттік технологиялық орталықтар, көрме кешендерін (54 га) салу көзделген. Денсаулық сақтау мекемелерін аумақтардан көшіруді ескере отырып, Орталық көп бейінді емдеу-сауықтыру кешені (52 га) салынатыны жазылған. Бұл жоспарда коммуналдық ахуал да назардан тыс қалмаған. (Әлбетте, мұның бірқатары осы күні іске асқаны мәлім. Оны жоққа шығара алмаймыз. Ол туралы алдағы уақытта жеке-дара тоқталмақпыз). Дегенмен де, Бас жоспардың 10-15 жылға жобаланғанын еске салсақ, Қарағандыны әлі де қыруар іс күткенін көреміз. Оны бұл қала қашан толық еңсерері және беймәлім.

«Дөп басып айту қиын»

Осы арада Елбасы айтқан Қарағандының миллионерлік мүмкіндігін де еске түсіргіміз келеді. Сонда не деп еді Елбасы?

«Бүгінде мұнда 500 мың адам тұрады. Мен Қарағандының миллион тұрғыны бар қала болғанын армандар едім. Қазір біздің Алматыда – екі миллионға жуық. Астанада – миллион, ал, 30-шы жылдарға қарай екі миллион болады. Шымкент – миллиондар қатарында. Енді келесі Қарағанды болуы тиіс. Ол үшін халық еңбек ететін кәсіпорындарды дамыту қажет», – деген-ді Президент Қарағандыға сапарында. Яғни, Қарағанды үшін алдағы жылдарға мақсат пен міндет айқындалды. Қарағанды қаласын әлеуметтік- экономикалық дамыта отырып, сол арқылы тұрғындар санын миллионға жеткізу межесі белгіленген.

Айтқандай, Бас жоспардағы жобалар да Президентке сол сапарында назарға ұсынылған.

«Маған бүгін Қарағандының орталығы болатын Оңтүстік-Шығыста орналасқан ашық алаңды көрсетті. Бұл жағдай дәл менің Астананы ашық далада салғаныма ұқсайды. Өзіңнің ойлағаныңмен әр түрлі сәулет құрылыс идеясын дамытуға болады, барлық мүмкіндік бар. Қаланың орталығы сол жерге көшірілетін болады. Мен осы жерде жұмыс істеген кезімде Қарағандының астында, яғни, қазір әкімдік орналасқан жерде миллиардтонна сапасы жоғары көмір бар екенін білетінмін. Сонау, 1970 жылдары КСРО көмір өнеркәсібі министрлігі осы көмірді шығару үшін қаланы Оңтүстік-Шығысқа көшіру туралы идеясын ұсынған. Бәрі бірден бола кетпейді, әрине, алайда әдемі жаңа орталық керек», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сол уақытта Қарағанды қаласы әкімдігі Бас жоспарға тағы да бір мәрте жаңа көзқараспен қарауы керектін. Дәл сондай тапсырманы сол жылдардағы облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровке жүктегенін білеміз. Одан бері де арада 2-3 жыл өтіп кетті.

Алайда, қала әкімдігінен келген кешегі жауап Бас жоспардың ондай өзгерістер, толықтырулардан ада екенін жеткізді. Сөзбе-сөз келтірсек, былай…

«Қарағанды қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы №1205 қаулысымен бекітілген. Бүгінгі күнде Бас жоспарға өзгерістер енгізілген жоқ. Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарына сәйкес Бас жоспар 10-15 жыл кезеңге әзірленген. Бас жоспарда қаланың келешектегі даму бағыты – оңтүстік, Алматы және Қызылорда бағытын қамтитын оңтүстік айналма жол бойы, солтүстік – бас қалаға бағыт және шығыс – Трудовой және Үштөбе ауылдарына қарай. Сондықтан, Бас жоспар осындай жылы толық орындалады деп дөп басып айту қиын».

Арман-ай, арман!

Осыған қарағанда, жалпы «Миллион» деген арман Елбасыға да, Қарағандыға да әзірге мұң ба дейміз. Әлде Әубәкіров қолданбаған әлеуетті, Бөлекпаев бұқараға бұ- йырта ма?

Не десек те, келесі жылы бекігеніне 15 жыл толатын Бас жоспардың «қызығын» қала да, тұрғындар да «шау» тартпай тұрғанда, көрсе дейсіз баяғы.

Мүмкін біз қартайғанда бір көрерміз…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button