Басты тақырып

Бизнеске не кедергі?

    Ел экономикасын арттыруда кәсіпкерлерге тағы зор міндет жүктелмек. Алайда, міндеттемес бұрын бизнес-ортаның ахуалын түбегейлі жақсарту һәм оның өрісін кеңейту қажет. Сөйтіп, елдің ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 2050 жылда 50 пайыз болуы тиіс. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке осындай салмағы бес атанға жүк болатын тапсырманы тағы бір көзге шұқып көрсетіп берді. Аймақтағы кәсіпкерлердің тынысын тарылтқан мәселелер мен жергілікті биліктің бұл істе қандай қарекет етуі керектігі сарапқа салынған кеңес әкімдікте өтті.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков бұл басқосудың Елбасы Жолдауының аясында өтіп отырғанын тілге тиек ете келіп, кәсіпкерліктің облыстағы әлеуетін атады. Облыс әкімінің айтуынша, кеншілер аймағындағы кәсіпкерліктің әлеуеті зор. Бүгінгі таңда тіркелген кәсіпкерлердің саны 85 мыңнан асып жығылады. Қазірде бизнес саласында еңбекке жарамды облыс тұрғындарының үштен бірі нәпақасын айырады. Ресми мәліметтерге жүгінсек, шағын және орта бизнестің өндірген өнім көлемі өңірдегі ірі алпауыт «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіретін өнім құнымен теңесетін дәрежеге жеткен. Дегенмен де, мұнымен тоқмейілсуге әсте болмайды. Жолдауда жаппай кәсіпкерліктің тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігі, Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шараларды іске асыру атап айтылды. Сонымен, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критериінің бірі болмақ.

Ал, деректерге жүгінсек, Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамытуға биыл 4 млрд. 400 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бұл болса, 700 кәсіпкерді несиелендіруге мүмкіндік береді. Биылдан бастап, іске қосылған кәсіпкерлерге қатысты бағдарлама бойынша несиелеудің пайызы 8,5 пайыздан аспайды. Ол үшін 1,5 млрд.теңге қаржы көзделген. Оның 500 млн. теңгесі облыстық бюджеттен, 500 млн.теңгесі «Даму» қоры арқылы.

Бизнестің тағы бір өркен жаятын тұсы бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында осындай негізде 13 балабақша ашылған. Онда 100-ден астам адам жұмысқа қабылданған.

Кәсіпкерлердің басындағы жалпақ жұрт біле бермейтін проблемалар хақында облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәдениет Божбанов баяндады. Кәсіпкерлер үшін мұндай кездесу маңызды деп санайды кәсіпкерлер палатасының басшысы. Сонымен қатар, аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға не кедергі екенін тізбелеп берді. Мәдениет Божбановтың айтуынша, кәсіпкерлікке тұсау салған бірқатар мәселелер бар. Олардың қатарында, құқық, жергілікті атқарушы билік, монополистер бар. Осы орайда, кәсіпкерлер тарапынан палатаға көптеген арыз-шағымдар келіп түскен.

Бұл шағымдар палата тарапынан ескерусіз қалмаған. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғау үшін барлық заңға сәйкес қадамдар жасалған. Нәтижесінде, көптеген кәсіпкерлердің мүдделері заңды түрде қорғалған.

Мәселен, бұдан бұрын жария етілген деректерге жүгінсек, палатаға 2016 жылдың өзінде 357 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде кәсібін қорғау мақсатында түскен өтініштер саны – 314 болды. Сондай-ақ, 2016 жылы жергілікті деңгейде 16 әкімшілік кедергі анықталған. Аталған мәселелердің барлығы оң шешімін тапқан көрінеді. Дей тұрғанмен, кәсіпкерлердің маңдайы тасқа соғылғандай кепке тап келетін кезі аз емес көрінеді.

Олай босла, екі жақтың да, яғни, билік пен кәсіпкердің де көздегені экономикаға үлес қосу десек, мұнда Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді мүлтіксіз орындауда тараптарға «Аққу, шортан һәм шаянның» керін емес, төртеудің түгелдігін ойлау абзал-ды. Кездесуге жиналған билік пен кәсіпкерлер осы тоқтамға келгендей болды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button