Бас тақырыпБасты тақырып

Сандық жүйеде сапа бар ма?

Техниканың жілігін шағып, майын ішкен жапон халқы әлемді баяғыда мойындатқан. Еуропа елдері жаһанды әлі таңқалдырумен келеді. Тәуелсіздік алып, еңсе тіктегенімізге 30 жыл болса да, түрлі салада кейбір елдерден қалып қойғанымыз жасырын емес. Елде төтенше жағдай орын алғанда әлеуметтік желіге, жаппай онлайн қызметке тәуелді болдық. Осы тұста елдегі цифрлық жүйенің әлі жетілмегені белгілі болды. Интернет желісі жетіспеген ауылда студенттерді «қырға» шығарды. Интернет іздеп әкімдіктің есігін жағалаған мұғалімдерді де көрдік. Қолжетімді «eGOV»- тың қолжетімсіздігі тағы бар…

«КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ»

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет үшін тиімді мүмкіндіктерді қарастыруға бағытталған бес нақты басымдықты атап өтті. Оның бірі ретінде цифрлық технологияны дамытуға көңіл бөлуді тапсырған. Біршама жыл өтті. Бірқатар мекемелер цифрландыруға көшті, ауыл-аймаққа желі тартылды. Бірақ, барлығына емес. Ел арасына індет тарап, жағдай ушыққанда цифрлық жүйенің кемшіліктері алдымыздан шықты. Қарапайым мысал, төтенше жағдай кезінде мектеп оқушылары онлайнға көшті. Мұғалімдерге жаңа цифрлық технологияларды игеріп, оқытудың жаңа форматын үйренуіне тура келді. Алайда, «цифрландыруға көштік» деп жүрген ағайынның көңілі су сепкендей басылды. Жүйенің олқылығы, желі жылдамдығы алғашқыда көпшіліктің наразылығын тудырған-тын. Бірақ, «көш жүре түзеледі» демеуші ме еді?! Кемшіліктер жойылып, жүйе бір ізге қойылды. Сондай-ақ, шалғай ауылдарға әлеужелі жол тартты. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында:

– 2020 жылдың соңына дейін 250- ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі. Біз зейнетақы мен жəрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мəжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бəрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мəліметтер «зыр жүгіруге» тиіс. Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып, мəліметті цифрлы түрде растау тəсілін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деген еді. Бүгінде бұл жұмыстың жүйелі атқарылып жатқанын көруге болады.

Мұндай кемшіліктер тек білім саласында ғана емес, басқа да салаларда тиісті деңгейде реттелмеген. Мәселен, Facebook әлеужелісін қолданушы Қымбат Тоқтамұрат: «E-Salyq Azamat» қосымшасын жүктеп, көлік салығын тексердім. Атыма тіркелген жалғыз көлікке бір жылға 129 мың 300 теңге есептеліпті. Мемлекеттік кірістер департаментіне қоңырау шалып, мән-жайды білдім. Олар ІІМ-не хабарласу керектігін айтты. Деректі солар беріпті. Ал, ІІМ «кінә бізден емес, атыңызда тіркелген машинаға салықты біз есептемейміз» деді. Салық комитетіне телефон соқсам, олар атыма жалғыз машина тіркелгені туралы анықтама алып келуімді сұрады. Адамды әуре-сарсаңға салып қойды», – дейді. Мұндай күйге түскен тек Қымбат қана емес. Тіпті, машинасын сатқанына бірнеше жыл өтсе де, атына әлі салық келіп тұратындар да бар екен. Жағдайдың бұлай болуы бағдарлама ақауының салдарынан екенін айтты жауапты мамандар.

«ЕР БАСЫНА КҮН ТУСА…»

Карантин уақытында жаппай әлеужеліге байланғанымыз рас. Сәйкесінше техника тілін білмейтін ұстаздардың біразы айтудай-ақ меңгеріп алды. Бұл да бір жетістігіміз емес пе?

Цифрлық жобалар экономиканың басқа салаларында да жүзеге асырылуда. Қазір кез-келген қызмет түрін қолда бар құрылғы арқылы онлайн қолдана аласыз.

– Бүгінгі күні барлық қызметтің 92%-дан астамы онлайн қолжетімді. Кемшіліктер де жойылды. 55 ауылдық елді-мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Биыл халық саны 250-ден асатын 85 елді-мекенді желімен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталмақ. Нәтижесінде, желімен қамтылған ауыл-аймақ – 94% орындалады, – дейді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Рустам Байжанов.

Басқарма мәліметін негізге ала отырып еліміздегі байланыстың сәтті жүзеге асуына атсалысып отырған Beeline операторларына хабарласқан едік. Берген мәліметке сүйенсек, Beeline операторлары өткен жылы 37 000-нан астам тұрғыны бар 58 ауылды байланысқа қосыпты. Нәтижесінде тұрғындар онлайн қызметтерді пайдалану және қашықтан білім алу мүмкіндігіне ие болған.

Бүгінгі таңда елдегі цифрлық жүйенің қарқынды дамуына мемлекеттік порталдар ғана емес, жекеменшік компаниялар да сүбелі үлес қосуда. Сондықтан, цифрлық жүйеге қатысты кемшіліктер жойылып, біршама жұмыстар атқарылған секілді. Бәлкім, елде төтенше жағдай орын алмағанда, цифрлық жүйеге жылдам көшер ме едік?!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button