Жаңалықтар

Біз – Елбасымен біргеміз

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің ҚР Президенті ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі 19 наурыз күнгі мәлімдемесі ел тынысындағы елеулі һәм тарихи оқиға болды. Әлем назарын тағы да Астанаға аударған осы бір сәттің ел жүрегін толқытып, әрбір қазақстандықтың көңіліндегі қимас сезімді паш еткеніне куә болдық. Әрине, ел пейілі – шынайы сезімнің шыныдай мөлдір көшірмесі. Өйткені, ел жүрегіндегі Елбасы бейнесі таза пейіл, риясыз сенім, шексіз сүйіспеншілік, мәртебелі махаббат атты қастерлі ұғымдарға жөргектеліп, әр көңілге берік бекіп алған еді.

Қазақстан бүгінгі жарқын белесті бағындыру жолында тағдыршешті таңдармен бетпе-бет келіп, небір сындарлы сәттерді басынан өткерді. Күйреген Компартияның үйіндісінен енші алып, дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтерген жас мемлекеттің бүкіл даму жолы, асыл мұраттары мен аяулы армандары Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының кепіл болуымен кемел кеңістікке жол ашты. Қазақстанды әлем таныды, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық деңгейдегі тарихи тұлғаға айналды. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың тарихи Отанында жүзеге асқан жарқын бастамалар мен баянды бағдарламалардың барлығы Елбасының сұңғыла саясаты арқылы ғана мүмкін болды. Демек, Ел мен Елбасы осынау тарихи кезеңде егіз ұғымға айналып, елеулі істерді еңсерді.
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің жалғыз ғана кепілі бар екенін анық түйсінемін. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев!
Әлем қаржы дағдарысының салдарынан әбігер болып жатқан кезеңде де біз дамудың дара жолын таңдап, дағдарысты айналып өттік. Экономикалық жаңғыру, саяси сабыр, рухани сананың сергектігі секілді басты құндылықтарымызды бағалай білу арқылы, Ұлы Дала төсінде нарықтық жүйеге бейімделген жас, бірақ, табысты мемлекет құрдық. Осынша сындарлы сәттерде еліміздің екі тізгін, бір шылбырын нық ұстап, халқын ұлы мұраттарға бастай білген Тұңғыш Президентіміздің тұғыры аласаруы мүмкін емес!
Қасиетті Ұлытау, Жезқазған өңірінің халқы Елбасының осы бір қастерлі мекенге деген шынайы қамқорлығын сезініп келген. Мәңгілік сезіне бермек. Данышпан Көшбасшымыздың данагөй саясаты мен бүгінгі тарихи шешімі ел тағдырына асқан жауапкершілікпен қарайтын тұғырлы тұлғаның ғана қолынан келетін тәуекел деп бағалаймын. Елбасының бұл шешімі туралы алғаш есітген сәтте шынымен-ақ қобалжып қалдық. Ел ертеңін Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен ғана болжай аламыз. Ел жүрегі Тұңғыш Президентіміздің алтын тұғырына айналып алған. Біз – Елбасымен біргеміз!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
ҚХА мүшесі, Қарағанды облыстық
мәслихатының депутаты, Білім меценаты.

Басқа материалдар

Back to top button