Жаңалықтар

Біз айтпаған шындықты кім айтады?!

Жуырда «Орталық Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі санында Қызғалдақ АЙТЖАННЫҢ «Газет оқымаумен «мақтану» деген көлемді, мағынасы терең, ойы орамды, газеттің өткен тарихын таразылаған мақаласы шықты. Автор өзінің бұл мақаласында газеттің өткен ғасырдағы пәрмені мен бүгінге дәрменін саралап, ашығын айтып, көзді көлегейлеп тұрған пердені сырып, көңілдегі секемдерді серпіп тастағандай. Баспасөздің ұстанымын, беделін берік ұстауға, шақырып тұрғанын айқын көруге болады.

Шындығын айтсақ, қазір баспасөзде сын аз. Бұл баспасөздің оқырман алдындағы беделіне кері әсерін тигізуде. Мен баспасөз саласында жарты ғасырдан астам қызмет атқарып келемін. Кешегі қызылдардың қылышынан қан сорғалап тұрғанда қырық жылдай аудандық газетті басқардым. Ол кезде газеттің беделі де, ықпалы да өте күшті болатын. Кемшілік жіберген басшыларды қаламмен қалтыратып, халықтың ыстық ықыласына бөленетін. «Газетті төртінші билік» дейтін. Журналистердің де жауапкер шілігі зілдей ауыр еді. Газет сынды бұрқыратып, кемшілік жіберген басшылардың сай-сүйегін сырқыратып, ол аудандық партия комитетінің бюросында талқыланып, біреуді орынтағынан құлатып, біреуді еңіретіп жылатып, сөгіс беріп, кемшілікті түзетуге уақыт беретін. Оларға қолданған шара «Газет дабылынан кейін» деген айдармен жарияланатын. Бұл басқаларға сабақ болатын.

Ол кезде газетті оқырмандар тағатсыздана күтетін, келмей қалса іздеп жүріп тауып оқитын. Газет-журнал қойшының қойнында, бақташы, жылқышы, механизаторлардың қолында жүретін. Сауатты қарттардың қалтасынан табылатын. Сауатсыз болса қарттар газетті алып келіп, баласына не келініне тіпті, мектепте оқитын немересіне оқытып, одан естігендерін бас қосқан жерде шырайын кіргізіп айтып отыратын. Кеңшарда, фермада «қызыл бұрыш» болатын. Онда одақтан шығатын басылымдардан бастап, республикалық газет-журналдар ұқыптылықпен тігулі тұратын. Оқырмандар кейбір оқи алмай қалған басылымдарды сол «қызыл бұрыштан» оқитын.

Қазір мұның бірі де жоқ. Газет уақытында таратылмайды, бұрынғыдай күннің үскірік боранына, сақылдаған сары аязына қарамай қыстақтағы шопандарға дейін газет таратып жүретін пошта тасушы жоқ. Поштада одан кейін ауылдық әкімнің канторында жиналып жатып қалады. Сөйтіп, оқырмандардың қолына уақытылы тимейді. Сондықтан да адамдардың газет-журналға жазылғысы келмейтіні де шындық.

Расын айтқанда халықтың газет оқуға деген қызығушылығы төмен. Өйткені, басылымарда сын жоқ, жұмыста «мін жоқ». «Сын түзелмей, мін түзелмейді», «Газет дабылынан кейін» деген айдарлар өткен ғасырдың қатпарында қалып қойғандай.

Рас, қазір сынға ешкім құлақ аспайды. Мықтылар сын жазған адамды қудалай бастайды, өйткені кемшілік жіберген басшының жоғарғы жақта қорғайтын мықты панасы бар. Сондықтан да сын оған жұқпайды, сыннан нәтиже шықпайды. Айтылған сын елеусіз қалады, жазған авторды шырғалаңға салады. Бұл басқаларға сес болады. Осыдан кейін, кемшілікті көрсе де көрмеген, біреудің айтқан мұң-мұқтажын естімеген болып көзді жұмып, құлақты тығындап, ұялы телефоннан ән тыңдап «сен тимесен, мен тимен» деп жүре береді. Сынды сылып тастайтын мықты «оташылары» барлар аяқты алшаң басып жүріп жатады. Солай екен деп біз журналистер қауымы қаламымызды қалтыратпауымыз керек. Сын болмаған жерде шындық та болмайды. Сын әділдік пен адалдықтың айнасы, халыққа тиетін пайдасы болуға тиіс.

Кешегі қызыл империя қылышын қыл мойынға тосып, найзасын кеудемізге тіреп тұрғанда Нұрмұхан Оразбеков ағамыз осы «Орталық Қазақстанға» Мәскеуде болған бүлікті «Бұл төңкөріс!» деп, қасқайып тұрып жазды ғой. Журналистер қауымы біз де жалтақтамауға тиіспіз. Шенеуніктерге жағайық, жақпайық, олардың қабағын бақпайық, баспасөздің беделін сақтайық, халықтың сенімін ақтайық.

Иә, «Орталық Қазақстан» заманның қиын кезінде кеншінің қайласын ұштаған, қақаған қыстарда малшымен қыстақтарда қыстаған, халықпен байланысын, ұлттық тілімізді берік ұстаған өте уытты басылым, сол уытын сақтау керек.

Жоғарыда аталған Қызғалдақ Айтжанованың мазмұны терең мақаласы кімге де болса ой салуға тиіс. Біз айтпаған шындықты кім айтады?!.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button