Аймақ

Биыл Теміртауда 29 шақырымға жуық жылу желілері жөнделеді

Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласында ЖЭО-2 жетінші қазандықтың құрылысына қатысты көңілі толмайтынын білдірді. Қарағанды облысының әкімі мердігерге жұмысшылар санын көбейтуді және жұмыс кестесін сақтауды тапсырды.

Өңір басшысы Теміртауға жұмыс сапары барысында бірінші кезекте қалалық жылу көзіне барды. Жетінші қазандықта барлық жұмыс көлемінің 70% орындалды. Тәулік бойғы жұмысқа 200 адам жұмылдырылды. Қазандықты орнату қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Екі ай іске қосуға кетеді. Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге бүкіл қала алдындағы жауапкершілікті еске салып, қазандықты мерзімінде іске қосу міндетін қойды.

2023–2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі кеңесте облыс әкіміне жөндеу жоспарлары туралы баяндалды. ЖЭО-2-де бірінші, төртінші және бесінші қазандықтар жөнделуі керек.

– Биыл біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз жөндеуді уақытында бастап, уақытында аяқтауымыз керек. Жөндеу жұмыстарының егжей-тегжейлі кестелері қажет.

Өңір басшысы Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбековке энергетикалық қадағалау департаментімен және энергетика басқармасымен бірлесіп бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалада 10 мамырдан кейін жылу желілерін ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. Ермағанбет Бөлекпаев жылу магистральдарын қайта құрумен айналысатын мердігерлермен кездесті. Биыл алты жоба жүзеге асырылуда. 29 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеу керек. Қазіргі уақытта № 1 жылу магистралі учаскесі бойынша барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Амангелді көшесіндегі № 2 жылу магистралінде 1,8 км жөнделеді, Абай көшесінде 4,6 км құбыр ауыстырылады.  Республика даңғылынан Амангелді көшесіне дейін Металлургтер даңғылындағы № 3 жылу магистраліне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Мердігер барлық жұмыстарды қыркүйек айында аяқтауға уәде берді.

Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласының әкіміне жылу желілерін қайта құруды қатаң қадағалауды тапсырды. Егер материалдар болмаса, бөлшектеуге рұқсат бермеу керектігін айтты.

Облыс әкімі Теміртау трамвай паркіне де барды. Осы жылдың басынан бастап трамвай қозғалысы тоқтатылды. “ТАА” ЖШС басшысы Нұрлан Рыспековтың айтуынша, трамвай паркін қалпына келтіруге үлкен шығындар қажет. Барлық вагондар жарамсыз болып қалған. Олардың көпшілігі 40 жылғы, 2 миллион шақырымнан астам жол жүріп тастаған, ал нормасы 1 миллион. Трамвай жолдарын жаңарту қажет. Техникалық тексеру жүргізіліп, жоба әзірленгеннен кейін трамвай паркін Теміртау әкімдігінің балансына беру мәселесі шешілетін болады. Ермағанбет Бөлекпаев қала үшін көліктің экологиялық таза түрін сақтау маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, халық қалаулыларымен тұрғындар көтеретін өзекті мәселелерді талқылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Суреттеді түсірген: Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button