Биыл Saginov Technical University 4 мыңнан астам студент қабылдады
Жаңа оқу жылы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті үшін айтулы көрсеткішпен басталды. 70 жылдан астам тарихында алғаш рет білім ордасына 4 мыңнан астам жаңа білім алушы қабылданды. Оның 1 409-ы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды.

Көрсеткіш университетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын ғана емес, техникалық, инженерлік және IT бағыттарындағы мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін де аңғартады. Биыл мемлекеттік грант иегерлері еліміздің әр өңірінен жиналды. «Серпін» бағдарламасы бойынша 415 жас білім алуға мүмкіндік алды. Батыс өңірлеріне арналған квота аясында Маңғыстау облысынан 116 түлек университет студенті атанды. Талапкерлер арасындағы ең жоғары нәтиже 127 балды құрады.
Университеттің білім алушыларды қолдау бағытындағы мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Бакалавриат студенттерінің мемлекеттік шәкіртақысы 52 372 теңге болса, магистранттарға – 117 098, докторанттарға 262 500 теңге көлемінде төленеді. Бұл жастардың білім алумен қатар ғылыми ізденіспен айналысып, кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді.

Білім ордасының халықаралық байланыстары да жаңа оқу жылында кеңейе түсті. Биыл 125-тен астам шетел азаматы Saginov University-де білім алуды таңдаған. Қазір университетте Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия және басқа да мемлекеттердің жастары оқиды. Университет тарихында алғаш рет Бангладеш пен Индонезиядан келген талапкерлердің де университетті таңдауы оқу орнының халықаралық білім кеңістігіндегі географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде университет инженерия, ақпараттық технологиялар, тау-кен ісі, энергетика, құрылыс, көлік, автоматтандыру және елдің индустриялық дамуы үшін маңызды өзге де бағыттар бойынша мамандар даярлап келеді. Цифрлық трансформация жағдайында IT бағытындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, заманауи цифрлық құзыреттерді қалыптастыруға және технологиялық жобаларды қолдауға ерекше мән берілуде. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде университет басшылығы студенттерге білім алумен ғана шектелмей, ғылыми жобаларға, шығармашылық және спорттық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.

– Университеттегі жылдар тек дәріс пен емтиханнан тұрмайды. Студенттің өз жолын айқындап, кәсіби орта қалыптастырып, тәжірибе жинайтын және тың идеяларын жүзеге асыратын маңызды кезең. Бүгінде біз инженерлік білімнің қалыптасқан дәстүрін заманауи ғылыммен, IT технологиялармен және өндірістік тәжірибемен ұштастыруға басымдық береміз. Студенттеріміздің тек білім алып қана қоймай, ғылыми жобаларға, технологиялық бастамаларға, спорттық және шығармашылық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Жастардың әлеуетін ашып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік беру арқылы елдің технологиялық және индустриялық дамуына өз үлесімізді қосуды көздейміз, – деді университет ректоры Сауле Сагинтаева.

Жаңа оқу жылы университет үшін рекордтық қабылдаумен қатар, халықаралық құрамның ұлғаюы, техникалық білімге қызығушылықтың артуы және студенттерге берілетін мүмкіндіктердің кеңеюімен басталып отыр. Бұл көрсеткіштер білім ордасының дәстүрлі инженерлік мектебін заманауи ғылым, цифрлық технология және өндірістік тәжірибемен ұштастыра отырып дамытуға бағыт алғанын көрсетеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



