Жаңалықтар

Бірлік пен өнеге ордасы

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Корей орталығы Қарағандыда 1989 жылы қыркүйекте құрылды. Аталған орталық өз жұмысын бірден қарқынды жүргізе бастады. Бүгінгі күні орталық барлық облыстық және қалалық ісшараларға тұрақты түрде атсалысып келеді. Бастапқыда орталық белсенділер тобының бастамасымен ынтасымен құрылған еді.

 

2003 жылы қоғамдық ұйымның «Мугунхва» ансамблінің шығармашылық ұжымына «халықтық» атағы берілді. 2006 жылы Қазақстан корейлері ассоциациясы Қарағанды орталығына «Үздік филиал» атағы, ал оның басшысына «Үздік төраға» атағы берілді. Орталықтың төрағасы мен басты ұйымдастырушысы Лилия Михайловна Ким облыста бірінші болып ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. «Мугунхва» халықтық ансамблінің құрамында ардагерлер хоры, «Киппым» би тобы, «Самульнори» тобы, балалардың «Хиппарам», ересектердің «Саен» тобы және КрОр тобы бар. Хор іс-шараларға тұрақты қатысады. Корейлер қозғалысының ардагерлеріне, олардың ұйымдастырушылық қабілеттеріне, ерен еңбекке, ұлттық мәдениетті сақтауға деген зор ықыласының арқасында бүгінгі күні орталық жұмысының жетістіктері туралы ауыз толтырып айтуға болады. 29 жыл бойы «Киппым» би ансамблі Қазақстан республикасының мемлекеттік және ұлттық мерекелеріне арналған қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларға, ұлттық мәдени фестивальдарға белсене қатысып келеді. Ансамбль жылдар бойы корей орталығы өткізетін ісшаралардың өрелі ұйтқысы болып табылады. Ал, «Киппым» би ансамблі Қазақстан корейлерінің ұлттық музыкалық және хореографиялық өнерін жаңғырту, сақтау және дамытуды насихаттайтын нағыз халықтық ұжым болып саналады. «Мугунхва» ансамблінің әртүрлі жанрдағы бай репертуары бар.

Бүгінгі таңда құрылғанына 30 жыл толып отырған орталықтың қызметіне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қарағанды филиалы, қазіргі Қарағанды облысы корейлерінің этномәдени бірлестігі бірнеше рет облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Орталық қызметінің табысы – мемлекеттік органдармен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, білім және мәдениет саласы департаменттерімен, облыстың жоғары оқу орындарымен тығыз қарымқатынаста өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Корей тілі оқытылады. Бірлестік дәстүрлі түрде іс-шаралар өткізіп тұрады. Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесі ерекше атап өтіледі. Қарағандыда бұл мерекені корейлердің жаңа жылы деп атайды. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестікті көптеген адамдарды біріктіретін қазыналы орта, өнегесі мол үй болды деп айтуға болады.

Негізгі құрамды сақтай отырып, орталық өз жобалары арқылы жаңа тұлғаларды тауып, олардың есімдерін жұртшылыққа жария етіп келеді. 2017 жылғы бірлестік қызметінің лайықты қорытындысы ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Қарағанды қаласы әкімінің «Ана тілін насихаттаушы үздік этномәдени орталық» сыйлығы мен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты облыстық байқау-фестивалінде бас жүлдеге ие болуын атап айтуға болады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button