Жаңалықтар

Бірлескен жобаның бағдары айқындалды

Сәрсенбіде Қарағандыдағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Машина жасау комитетінің төрағасы Геннадий КОПЬЯКТЫҢ басшылығымен отырыс өтті. Күн тәртібінде аймақты газдандыру мәселесіне қатысты облыстағы өндіріс кооперацияларының чехиялық кәсіпкерлермен бірге тауар өндіру мәселесі талқыланды.

Машина жасау секторы өңір мамандары үшін жат болмағанымен, тау-кен металлургиясы өркендеген аймақта негізінен тек осы салаға қажет құралжабдықтарды, қосалқы бөлшектерді жасап шығару жолға қойылғанын айта кету қажет. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде Қазақстанның батыс аймағынан Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі аралықта газ құбырын тарту жұмысы жүріп жатыр.

Бұл ретте, көгілдір отын желісі осы облыс арқылы өтетінін алға тарту маңызды.

  • Чехиялық мамандардың тәжірибесі бұл салада аса маңызды. Әрине, машина жасау секторы елімізде күн санап дамып келеді. Өнімдерін шет мемлекеттерге экспорттайтын кәсіпкерлеріміз де бар. Алайда, газдандыру мәселесі – өңір мамандары үшін тың сала. Біз шетелдік көптеген компания өкілдерімен жүздестік. Десек те, олар Қазақстанда тауар өндіруге құлықсыз. Өз мемлекеттерінен дайын өнім жеткізгілері келеді. Оларды да түсінуге болады. Тәжірибесімен кім бөліскісі келсін?! Бірақ, чехиялық мамандардың көздегені – басқа. Осы облыста бірлесіп өнім өндіруге ниетті, – деді Геннадий Копьяк.

Бүгінгі таңда құбыр жолының негізгі жобалау-сметалық құжаты аяқталуға жақын. Алдағы уақытта бас мердігер анықталып, өңірді газдандыру жұмысы басталмақ. Әрине, облыс аумағын басып өтетін сұйық отын игілігін жерлестеріміз де көреді деп күтілуде. Ол үшін құбыр бойында түрлі газ бұру станциялары бой көтерері сөзсіз. Міне, бұл ретте, чехиялық мамандардың осы саладағы тәжірибесі ауадай қажет. Бұл – одан өзге мемлекет мамандарының қауқарсыздығы емес. Ең алдымен, чехиялық кәсіпкерлердің газдандыру саласына қажет өнім өндіруді Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе жасап шығаруға ниеттілігін айту қажет. Яғни, болашақта дайын өнімді «Қазақстанда жасалған» маркасымен де шетелге экспорттауға болады деген сөз.

Дегенмен, жоғары деңгейлі өлшеу құралдары, қысым мен газ ағынын бақылау сынды жоғары тәжірибені талап ететін тауарлар Чехиядан жеткізілмек. Алайда, жергілікті мамандар да кенже қалмақ емес.

  • Бізде Қазақстан нарығын жаулап алып, жергілікті кәсіпкерлерге бәсеке болу деген мақсат жоқ. Бұл жоба өзіміз үшін де тәжірибе жинауға сеп болмақ. Алпауыт компания, не болмаса фирма құруды көздемейміз. Жергілікті мамандарды оқыту, үйретуден де бас тартқан емеспіз. Қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Чехиядан тысқары аумақта өнім өндірудің өзі компаниямыздың көкжиегін кеңейтеді. Бұл жоба сәтті жүзеге асып жатса, өз елімізде де кооперация құруды әлден ойлап отырмын, – деді «Violan Trade Inc, s.r.o» компаниясының бас менеджері Виктор Иванов.

Жиынға қатысқан жергілікті компания өкілдері де жобаға қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді. Бірі қозғалтқышты салқындату сұйықтығын ұсынса, енді бірі тат тұрғызбайтын қоспаларды, үшіншісі құбырды аяз бен ыстықтан қорғайтын қаптамаларды жасай алатындықтарын жеткізді. Бұл жұмыстар ендігі ретте, газдандыру жөнінде бас мердігер анықталған соң барып жүзеге аспақ.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button