Бірлескен іс – берекелі
Теміртау қаласы әкімдігіндегі әр мемлекеттік қызметшінің кабинетіне сенім телефонының номері әрі «Пара алмаймын, пара бермеймін» деп жазылған тақтайшалар ілінді. Себебі, Теміртау қаласы «Адал жол – таза қол» республикалық марафонының эстафетасын алды. Марафонның басты мақсаты – жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін көтеру, құқық бұзушылықтың барлық нысандарына «нөлдік толеранттылық» қағидатын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты және азаматтық белсенділікті арттыру. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамашылық еткен марафон бұдан бұрын Қарағанды қаласында бастау алған болатын.
Теміртау қаласы әкімдігінің алдында ұйымдастырылған марафонға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов, Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің студенттері, Теміртау жастар клубы, Азаматтық бастамалар орталығы, спортшылар, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік сала өкілдері, автокөлік жүргізушілері, «Арман», «Престиж-2», қалалық жолаушылар тасымалы мекемелері қатысты.
– Сыбайлас жемқорлық проблемалары әлі де болса өзекті. Бұл – әр түрлі әлеуметтік зерттеулерден және әр түрлі форматта өткізілетін кездесулерден байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда, әлеуметтік желілердегі талқылауларда да көрініс беріп жатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон аясында мемлекеттік билік органдары мен азаматтық қоғам назары әр түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның алдын алуға аударылатын болады, – деді қала әкімі марафоншыларды құттықтау сөзінде.
Айта кету керек, осыдан екі апта бұрын Ғ.Әшімов Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетінің қабырғасында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің қолынан акция кітабын қабылдап алған. Енді акция аясында қалада екі апта аралығында елуге тарта іс-шара өткізілмекші.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Жандос Сәрсеновтің айтуынша, агенттіктің бастамасымен басталған іс-шара Теміртау қаласынан кейін өзге де аудандарда, шалғай өңірлерде жалғасын табады. Негізгі мақсат – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындау.
– Тапсырма сапалы орындалуы үшін бірлесіп, істі жұмыла атқаруымыз керек. Бойымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттің бар болуы, мәдениеттің жоғары болуы, халқымыздың жемқорлық турасында білімінің бар болуы біз үшін маңызды. Мұндай шараларды облыс орталығында ғана емес, мүмкіндігінше аудан-қалаларда, шалғай аймақтарда өткізу – халыққа саясаттың негізгі мақсаттарын жеткізу болып табылады, – дейді ол.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес негізінен оның алдын алуға бағытталған. Аталмыш акция барысында да алдын алу жұмыстарына басымдық беріледі. Бірлескен алдын алу шараларының нәтижесінде «Transparency International» – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және дүние жүзі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін зерделеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйымының деректері бойынша Қазақстан биыл 31 баллмен 9-позицияға көтеріліп сыйбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің қатарына шыққан екен.
Марафон автомобиль жарысына ұласты. Аталмыш шараға үн қосқан теміртаулық «Арман» және «Престиж-2» таксилері мен қала ішіндегі жолаушылар тасымалдайтын автобустар мемлекеттік және «Адал жол» акциясының туымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұрандар жазылған плакаттармен Теміртау қаласын айналып жүрді. Ал, Теміртау қаласындағы «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері мемлекеттік мекеменің барлық басшыларына сыбайлас жемқорлықпен күрес символы ретінде «Таза қол» хештегі бар сабынды сыйға тартты.
Марафон 20 сәуірге дейін жалғасатын болады. Әртүрлі форматта өткізілетін іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
ТЕМІРТАУ қаласы.