Бірегей наубайхана бой көтереді
Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қарағанды қаласында заманауи «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытының іргесі қалануда. Кәсіпкерлікті қолдау картасына енген бұл жоба республика аумағы бойынша теңдессіз зауыт саналады. Аймақ экономикасына айтарлықтай әсер етерлік ауқымды жобамен біз де танысып қайтқан болатынбыз.
Құрылыс жұмыстары аяқталып, зауыт толығымен іске қосылған жағдайда кемінде жаңа 400 жұмыс орны ашылмақ. Аумағы 7000 шаршы метрді алып жатқан зауыттың қуат-күші тәулігіне 80 тонна нан-тоқаш өнімін шығаруға қауқарлы. Аталған инвестициялық жоба зауыт басшылығының өз қаражаты есебінен және «Цеснабанк» АҚ несиелендіруімен, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдау көрсетуімен жүзеге асырылуда.
Нысанды салу құрылысы бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Қолданылған құрылыс материалдары мен құрылымдық элементтер өз елімізде өндірілген. Барлық құрылыс жұмыстарын жергілікті құрылысшылар атқаруда. Ғимарат қаңқасы мен қабырға панельдері әлемдік құрылыста қолданылатын ең заманауи материалдардан жасалған. Нан пісіру құрылғыларын Германия, Италия, Словения, Болгария, Словакия сынды еуропалық ең үздік өндірушілер жеткізген.
– Ашылуы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орайластырылып отырған алып наубайханамыздың құрылысы өздеріңіз көріп отырғандай, өте жоғары қарқынмен өрбуде. Монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін, нан өнімдері жүріп өтетін таспаны іске қосуды 20 қазанға, ал, алғашқы өнімді пісіруді 15 қарашаға жоспарлап отырмыз. Зауыт 1 желтоқсанда толықтай іске қосылады, – деді «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытының бас директоры Валентин Каракалюк.
Жоба бойынша кәсіпорында жұмысшыларға арналған шешіну, шомылу, санитарлық тексеру бөлмелері сынды заманауи санитарлық-тұрмыстық жағдай жасау ойластырылған. Өндіріс цехтарында, экспедициялар мен қоймаларда ауаны желдетудің ауа температурасын бақылау әдісі қолданылады. Сөйтіп, белгіленген температураның ылғалдылығы мен құрғақтылығы реттеліп отырады. Осы әрекеттердің барлығы технологиялық жұмыс барысын бекітілген жоспарда жүргізуге мүмкіндік бере отырып, жұмыскерлердің хал-жағдайына оң әсер етеді. Ең алдымен, мұндай қызмет жаз мезгілінде аса маңызды. Себебі, жаз айлары маусымында көптеген наубайханаларда температура өте жоғары болатынын белгілі.
Тағы бір қуантарлығы, кәсіпорын штатында мүгедектерге де орын табылады. Арбаға таңылған азаматтарға пандустармен жабдықталған тұрмыстық және өндірістік бөлмелер қарастырылған.
Жұмыскерлердің қатынау мәселесі де оң шешім тауыпты. Зауыт басшысының айтуы бойынша, барлық жұмыскерлер қызметтік автобуспен жеткізіледі. Тиісінше, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін арнайы автобус наубайханашыларды үйлеріне жеткізіп салады. Бұл аз десеңіз, барлық қызметкерлер күндізгі және түнгі ауысымдарда тегін тамақпен қамтамасыз етілетін көрінеді. Технологиялық процесстердің механизацияланып, автоматтандырылуына байланысты, қызметкерлердің жұмысы да оңтайландырылады.
Бұл жобаның ауқымдылығын көрсететін тағы бір жаңалық – фирмалық дүкендер желісі де бой көтереді екен. Сөйтіп, бұл дүкендер желісінде тек «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС-ның ғана өнімдері орналастырылып, алып кәсіпорынның барлық өнім түрлері ұсынылады.
Көріп білгеніміздей, қазіргі күні зауытта құрылғыларды, жабдықтарды монтаждау, құрылыс және әрлеу жұмыстарын аяқтау, зауыт аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл зауыт әлемдік сатандарттарға сай келетін заманауи зауыт болады деп күтілуде.
Рауан ҚАБИДОЛДИН