Білімнің бір биігі

Облыс бойынша мектепке дейінгі ұйымдар арасында үштілдікті дамыту жобасындағы 18 балабақшаның қатарына Жаңаарқа ауданының «Ақерке» бөбекжайы еніп отыр. Осыған орай Қарағанды қаласы №100 «Думан» балабақшасының директоры Ш.Кенжебек, №101 «Аяла» балабақшасының директоры С.Сәдуақасова, «Тілек» балабақшасының директоры Р. Аугалиева, «Ертегі» балабақшасының директоры Н. Килибаеваның қатысуымен «Үш тілділік – заман талабы» атты семинар өтті. Семинарға Жаңаарқа аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ш.Боранбаева қатысты.

Семинар барысында «Ақерке» бөбекжайының №8 «Болашақ» тобының тәрбиеленушілері, тәрбиешісі С.Ибрагимова, қазақ тілінің мұғалімі М.Шакенова, ағылшын тілінің мұғалімі Г.Шайзада үш тілде өздерінің тәжірбиелерімен бөлісті. Интерактивті тақтамен балаларға арналған флипчарт ойындары ойнатылды. Балалар үш тілде жыр шумақтар, өлеңдер, дидактикалық ойын түрлерін көрсетті. Балнұр Көлемді «Snowflake», Әдия Қабытай ағылшын тілінде «Family song» әнін орындады. Аягөз Мәжит, Рүстем Карбаев, Нияз Тұрғанбай, Жанел Қуантай үш тілде жыр шумақтарын айтты.

Ата-аналар арасында «Әулеттер сайысы» бойынша Балнұр Қадірсізқызы, Баян Ізтөлеуқызы және бөбекжай тәрбиешісі Д.Шекимова тәрбиеленушісі Әбілфайызбен қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ойын барысында қазақ, орыс-ағылшын тілдерінде әр түрлі тапсырмалар беріліп, ата-аналармен балабақшаның ынтымақтастығы арта түсті.

Бөбекжай тәрбиешілері Т.Есенова, С.Абильдина, А.Токешова, С.Жаркенова орыс халқының, Т.Балкенова, Ұ.Отырсын, А.Игембекова, Р.Пшенбай ағылшын елінің, Д.Шекимова, Г.Жакешова, Г.Жексенбекова, Қ.Абжанова қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, тілімен, ұлттық тағамдарымен, ұлттық ойындарымен, әр елдің көрікті жерлерімен таныстырды. Сайыс барысында үш топқа бөлінген қатысушыларға қызықты тапсырмалар берілді. Әр топ өз өнерлерін ортаға салды. Бөбекжай психологы Ш.Шахметова психологиялық қызықты тренингтер өткізді.

Семинар соңында МД ұйымдардың даму стратегиясын жүзеге асырудың 2017-2018 оқу жылындағы педагогикалық қауымдастықтың «Ертегі», «Думан», «Аяла», «Тілек», «Ақерке» балабақшаларының арасында жұмыс жоспары бекітілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығы туралы айтып өтті. Болашақта еліміздің дамып өркендеуіне жас ұрпақтың үш тілді игергені жөн.

Сонымен қатар, қазіргі таңда бөбекжайымыздың тәрбиеленушілері орыс-ағылшын тілдерін қатар игеруде. Әр ұйымдастырылған оқу қызметінде көптілділік қолданылады. Бөбекжай педагогтарына ағылшын тілін меңгертуге қосымша жұмыстар жүргізіледі.

Жалпы, жас өскінге саналы тәрбие мен сапалы білім беру – біздің бөбекжай міндетінің бірі. Көптілді тұлғаны қалыптастыру көпұлтты еліміздің бірлігінің нышаны, өркениет көшінде бәсекеге қабілетті маман болу, ел болашағы үшін елімізбен бірге қарыштап дамуымыз қажет. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар жол десек, үш тұғырлы тіл – бәсекеге қабілетті ұлт болудың игі бастамасы. Үштілді меңгерген жас ұрпақтың болашағы жарқын, алар асуы мен бағындырар белесі мол болары анық.

Г.ӘБЕНОВА,

«Ақерке» бөбекжайының

директоры.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.