Руханият

Білімділер бәсекесі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында академик Әлкей МАРҒҰЛАННЫҢ тағылымды өмірі мен еңбектерін насихаттау мақсатында қалалық білім бөлімінің келісімі, Қарағанды мемлекеттік университетінің қолдауы негізінде облыс орталығындағы № 53 мектеп-лицейі «Әлкей Марғұлан – Қазақстан археологиясының негізін қалаушы» тақырыбында қалалық зияткерлік-танымдық ойын өткізді.

Алғаш өткізіліп отырған шараға 6 команда қатысып, екі кезең бойынша білім сайысына түсті.

Бірінші «Виртуальды экспедиция» кезеңінде оқушылар ғалымның өмірі мен қызметі, ғылыми еңбектері және археологиялық қазба жұмыстарымен танысты. Ғұлама ғалымның шәкірттері мен ҚарМУ-дың белгілі оқытушылары және тәжірибелі ұстаздар оқушыларды Әлкей әлемімен қызықты баяндамалары, түрлі виртуалды көрмелер және бейнежазбалар арқылы тыңғылықты таныстырды.

Екінші «Зияткерлік сайыс» кезеңі «Келіңіздер танысайық!», «Табло», «Табло», «Спич» атты төрт тарау бойынша өрбіді. Оның әрқайсысында оқушылар Әлкей Марғұланның өмірі мен ғылымға сіңірген еңбегі жөнінде түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап берді. Мектеп-лицейдің 7-8 сынып оқушылары Әлкей Хақанұлының «Аяз би» шығармасынан сахналық қойылым ұсынды.

Зияткерлер ойыны заманауи үлгіде жас өрендерді қызықтырардай етіп, ықшам әрі мағыналы ұйымдастырылған. Өз кезегінде оқушылар да концерттік нөмірлерін ұсынды.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Нұрсахан Бейсенбекованың төрағалығымен үздіктер анықталды.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынға 95 мектеп-гимназия оқушылары ие болса, II орынды Ә.Бөкейхан атындағы 76 мектеп өрендері жеңіп алды. Ал, III орынға №9 гимназия командасы жайғасса, №№36, 74, 77 мектеп құрамаларына түрлі номинациялар табысталды.

Oйын өте тартысты қызықты әрі мазмұнды өтті. Бұл сайыстың оқушыларға өз елінің тарихына деген құрметін арттырып, бойында ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыруда маңызы зор болды. Шәкірттердің дайындықтары да көңілімізден шықты. Тағылымды шара алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз, – деді мектеп директоры Сән Ізтілеуова.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button