Бас тақырыпБасты тақырып

Білім мен ғылымға руханилық керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы кең көлемді бағдарламалық мақаласы ғалымдарды, оның ішінде, елімізде екінші болып ашылған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымын бей-жай қалдырған жоқ.

Бұл бағдарламаның өміршілдігін тал бесіктен тәрбие алған әрбір жас, уақыт өте бағалай алатынын бағдарлау қиын емес. Әрбір оқытушы білім алушының рухани байлығын арттырып, әрі Отанға деген сүйіспеншілігін дарыта білсе, өскелең жастардың келешегінің дұрыс бағытта өрбуіне толық септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Қазіргі таңда біздің жоғары оқу орындарымыз осы бағдарламаға сәйкес көптеген игі шаралар жоспарлап, білім алушылардың ғылым мен білімге бастаған жұмыстарына мұрындық болып отыр.

Факультетіміздің ғалымдары дүние жүзіне мәлім «Thomson Reuters» және «Scopus» базаларының журналдарында ғылыми мақалаларын жарыққа шығарып, алыс-жақынды шетелдерді бағындырып қана қоймай бірнеше жас ғалымды, оның ішінде, «Физика» бағыты бойынша философия докторларын (PhD) даярлауда. Оның айғағы ретінде 2011 жылдан бері докторантураны бітірген 12 ізденушінің барлығы өз диссертацияларын дер кезінде қорғап, ғылым кеңістігіндегі қанаттарын қатайта түскендігін айтуға болады. Бұл біздің университетіміз ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы жас ғалымдардың қатарының артуына септігін тигізуде.

Өткен оқу жылында жастарды ғылымға баулу мақсатында барлық факультет студенттері арасында іргелі зерттеулерді қаржыландыру үшін арнайы байқау ұйымдастырылды. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен сәуір айында біздің факультеттің екінші курс студенттерінің «Аққыш сұйық өнімді өңдеудің жаңа инновациялық әдісі» атты жаңа тақырыптағы жобасы жеңіс тұғырынан табылды. Әрине, бұл тұста жобаға жетекшілік жасап, бағыт-бағдар берген факультетіміздің жас ғалымы, философия докторы (PhD) Аянберген Хасеновтің еңбегін айрықша айтуға болады. Аянберген Қайырбекұлы сонымен қатар, 2016 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Ол жас та болса, бас болып, өзінің алған білімімен жастар арасында әрдайым бөлісіп отырады. Жас ғалым студенттермен бірлесіп бұл жобасында шикі сүт өнімдерін ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін технологияны зерделеді. Осындай қызықты тақырыптармен студенттерді баурап әкетеді. Ал, студенттері болса, ғылым жолында алғашқы қадамдарын да жасап үлгерді. Жыл соңына дейін ғылыми мақалаларын жариялап, оқу орны тарапынан қосымша шәкіртақы да алып отыратын болады. Мұндай бастама жастарды ғылым шыңына жетелейтіні сөзсіз.

Сонымен қатар, студенттің тың идеяларын іске асыру мақсатында факультетімізде 2014 жылдан бері арнайы «Студенттердің жобалау-конструкторлық бюросы» жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда біраз шаруа атқарылды деуге болады, олар өз қолдарымен жасаған дүниелерін көптеп ұсына бастады. Аталмыш ұжымда бес бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірінші бағыт бойынша құбырлардың ішінде пайда болған қатты қақтарды тазартуға арналған қондырғы дайындалса, екінші бағытта «Робототехника» саласы қолға алынған. Ондағы студенттер түрлі қызмет жасай алатын роботтарды құрастыруда. Ал, үшінші бағыт бойынша жер астында орналасқан жылу құбырларының тесіліп не істен шыққанын алдын ала байқауға болатын құрал жасады. Сусымалы заттардың, оның ішінде, ауыл шаруашылығына өте қажетті әдіс, бидай өнімдерінің ылғалдылығын жедел анықтайтын қазақстандық құрылғыны төртінші бағыт бойынша жұмыс жасап жатқан студенттер жобалауда. Ал, соңғы бесінші бағыт жел энергиясын өте тиімді пайдаланатын және желдің аз жылдамдығында да жұмыс істей алатын Магнус әсеріне негізделген жел электр генераторының тәжірибелік нұсқасы дайындалды. Бұл нұсқа «ЭКСПО-2017» Халықаралық арнайы көрмесіне де ұсынылды.

Осы мәселелердің барлығы біздің университетіміздің білім аламын деп келген жастарға көрсетіліп жатқан қолдауы деп есептеймін. Ашылған әрбір жаңалық оған жұмсалған қаражатты еселеп қайтарады. Бұл біздің Мемлекет басшысының айқындап берген бәсекеге қабілеттіліктің артып, білім мен ғылымның салтанат құруына әкеледі.

Біздің ұжымның ғалымдары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында баяндалғандай латын әліпбиіне көшу бағыты бойынша да арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға қарқынды кірісті. Латын әліпбиінде жазылған іргелі оқулықтар тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар, осы әліпбиді пайдаланып келе жатқан түркі тілдес мемлекеттерде де пайдалануға, ғылыми мақалаларды алыс шет елдерде шығарып, олардың қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар әріптестіктеріміздің арта түсуіне кеңінен жол ашатынына сенімдімін.

Жастардың қашанда жаңашылдыққа жаны құмар. Олардың бойындағы рухты жаңғырту біздің міндетіміз. Олар ғылым жолындағы жетістіктерін елінің болашағына арнап, сол үшін еңбек етулері керек. Бұл орайда ғылым жолына қадам басқан студенттеріміздің әлі талай шыңды бағындырарына ниеттіміз.

Бекболат НҮСІПБЕКОВ,

Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button