АймақБалқаш

Білім берудегі жаңашыл бағыт

2021 жылы қыркүйек айында бастау алған «Ustaz Ulytau» білім беру сапасын арттыру жобасы нəтиже бере бастады. Жезқазған, Сəтбаев, Балқаш қалалары жəне Ұлытау ауданының мектептерін қамтып, «Қазақмыстың» қолдауымен іске қосылған жоба білім беру ісін едəуір жетілдіруге ықпал етті. Жоба аясында Балқаш қаласында өткен «Орта білім беру: өлшеу, талдау, басқару» атты ғылыми практикалық конференция ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізуге болатынын дəлелдеп бергендей. Үш күнге созылған жиын барысында еліміздің мықты мамандары мен Канада мен Ұлыбританиядан келген ғалым-ұстаздар өзара тəжірибе алмасты.

Алдымен Балқаш қаласына ат басын тіреген қонақтар Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайын аралап, мекеме өнерпаздарының «Туған жерім, асыл қалам – Балқашым!» атты концертін тамашалады. Конференцияның ашылуы мен жалпы отырысында құттықтау сөз сөйлеген «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қорының директоры Марина Хан мен Балқаш қаласының əкімі Қайрат Қамзин жиынға қатысушыларға сəттілік тіледі.

– Бүгін еліміздің əр аймағынан жəне шет елден келген қонақтарды қабылдап жатқанымызға қуаныштымыз. «Орта білім беру: өлшеу, талдау, басқару» атты ғылыми практикалық конференция Балқаш қаласы тарихындағы маңызды оқиға. Балқаш өнеркəсіп орталығы ретінде ғана емес, шығармашылық орталық жəне білікті ұстаз, білімді оқушыларымен де танымал қала. Шаһарымызда 17 орта білім беру ұйымы, 14 балабақша, екі қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Заманауи «Өнер мектебі» мен Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайы бар. Тəуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – адам. Бүгінгі конференцияда көтерілген мəселелер білім саласын көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Болашағына сенген шəкірттеріңіз білімді болып, елімізді дамытатын азаматтар болсын. Халық игілігі жолындағы істеріңізге сəттілік тілейміз, – деді Балқаш қаласының əкімі Қайрат Қамзин.

Жиынды жүргізген «Үздіксіз кəсіби білім беру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Маржан Ғалымжанова жəне «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қорының директоры Марина Хан «Ustaz Ulytau» жобасы Жезқазған, Сəтбаев, Балқаш жəне Ұлытау ауданының мектептерін кеңінен қамтып отырғанын атады. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстаннан, сондай-ақ Канада мен Ұлыбританиядан жоғары білікті мамандар командасы жасақталғанына, мұғалімдер, мектеп директорлары, мектеп директорларының орынбасарлары курстан өткеніне тоқталды. Оқыту семинарларына мектеп бухгалтерлері жəне қамқоршылық кеңес мүшелері қатысып, мектеп қызметкерлерінің білімін жетілдіруге жағдай жасалған. Мəселен, Əлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен еліміздегі тұңғыш мемлекеттік мектеп ретінде институционалды аккредиттеуден сүрінбей өткен. Ол балқаштықтар үшін зор мақтаныш. Корпорация өткен жазда 305 млн. 728 мың теңге қаражат бөліп, мектеп-лицей ғимаратын жөндеуге, қажетті жабдықтар сатып алуға мүмкіндік берген.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев өңір тұрғындарына жағдай жасау серіктестіктің басты міндеті екенін айтты.

– «Қазақмыс» корпорациясы өзі қызмет атқаратын өңірдегі мəселелерді шешуге үнемі атсалысып келеді. Тұрғын үй, білім, медицина, қауіпсіздік жəне басқа да саладағы өзекті сұрақтарды шешу басты назарға алынып отыр. «Қазақмыс» корпорациясы өзінің жұмысшыларының жайлы өмір сүргенін қалайды. Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі – білім беру саласы. Сондықтан, біз білім сапасын арттыру жұмыстарына қолдау білдіруді бұдан əрі жалғастыра береміз, – деді Бақтияр Қырықпышев.

Сонымен қатар, конференцияның пленарлық мəжілісіне қатысып, баяндама жасаған «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Л.Ким, Trade Commissioner in Education of the Embassy of Canada in Astana E. Dionne, білім беру саласы бойынша философия докторы М.Тыныбаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА бас ғылыми қызметкері Ж.Қараев бастаған мамандар мол тəжірибесімен бөлісті.

– «Ұстаз қандай болса, қоғамы сондай» деген бұлжымас заңдылық қай қоғамда да көкейкесті. Еркін ойлау қабілеті бар, тəрбие-білім беру үрдісін модельдей алатын, тəрбие беру жəне білім берудің технологиялары мен жаңа идеяларын өздігінше іске асыра алатын мұғалімнің кəсіби құзыреттілігін арттыру – өзекті мəселе. Себебі, біріншіден, кəсіби құзыретті мұғалім тəрбие мен білім беру процесінде шығармашыл оқушылардың қалыптасуына оң əсер етеді. Екіншіден, өзінің кəсіби қызметінде де жақсы нəтижелерге қол жеткізе алады. Үшіншіден, кəсіби мүмкіндіктерінің іске асуына ықпал жасайды, – деді Ж.Қараев.

Іс-шараның екінші күні Əлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің директоры Шынар Əлішева қала қонақтарын осы мектеп мұғалімдерінің шеберлік-сыныптары мен тренингтеріне қатыстырып, экскурсия өткізді. Мұнда конференцияға қатысушылар білім жүйесін талқылап, тиімді əдістемелер ұсынды. Алқалы жиынды қорытындылаған «Үздіксіз кəсіби білім беру» институты директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Маржан Ғалымжанова: «Жоба əзірге үш жылға есептелген, бірақ қазірдің өзінде директорлардың көзқарасында өзгеріс байқалады. Олар мектептің, мұғалімнің жəне оқушының даму перспективасына қарап, басқарушылық қабілетін шыңдап келе жатыр», – деді.

Сонымен қатар, игі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Қарағанды облысының білім басқармасына жəне Балқаш қаласының білім бөліміне, білім беру мекемелеріне алғысын жеткізіп, қатысушыларды Алғыс хатпен, сертификаттармен марапаттады. 

Нұрдос КƏРІМ,

БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button