Жаңалықтар

Білім беруде – Нұрмақов бренді

Аймақта атты кісі атынан түсіп тоқтайтындай танымал білім ошақтары, Аллаға шүкір, бар. Атағы алты қыр асқан білім ордаларының түлектері бүгінде әлем елдерінің білімпаздарымен бәсекеге түсуде. Үш тілде білім беруді өзгеден бұрын бастаған Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мекетеп-интернаты көштің басында тұр. Шәкірттерінің небір халықаралық байқау мен бәйгеде шашасына шаң жуытпай тұрғанымен мақтанады мектеп. Кейінгі жылдары аймақта, жасыратыны жоқ, білім саласында – Нұрмақов бренді қалыптасып үлгерді. Қазақтың біртуар ұлының атындағы мектеп – білім саласында өзіндік әдіс-тәсілдерімен, бөгдеде жоқ жаңашылдығымен өзгеге өнеге. Кеше білім күнінде – білім ордасының табалдырығын 5 сыныпқа келген 76 бала жаңадан аттады…

Қарағандымен түйдей құрдас байырғы мектеп бүгінде уақытпен бірге тыныстауда. 520 оқушыға жаратылыстану, үш тілділік бойынша тереңдете білім беретін мектепке білікті һәм білімді басшы Сейфүлмәлік Абзалұлы басшылық етеді. Жаңа оқу жылын әр жылда тың жаңалықпен бастауды дәстүрге айналдырған мектеп биылғы жылы құны 5 млн. теңге болатын STEM зертханасын іске қосады. Бұл зертхананы былтырғы жылы облыс әкімі Ерлан Қошанов мектепке арнайы келгенде сыйға тартқан болатын. Арнайы құрылғылармен, станоктармен жабдықталған зертхана технология бойынша жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, IMAC кабинеті ашылды. Бұған қоса, мектептің сүйінші хабары тағы бар. Ол – білім ордасының ЮНЕСКО клубының қатарына өтуі.

Мектеп директорының кеңесшісі Клара Нұрділдинаның айтуынша, мектепте шетелдік әдіс­-тәсілдер оқу үрдісінде кеңінен пайдаланылуда. Мәселен, кітап оқу сәті. Бұл 20 минуттық кітап оқу сәтінде оқушылар оқу бағдарламасына қажетті әдебиеттерді оқиды. Англияда оқып келген ұстаздар осындай жаңалықты мектеп өміріне енгізуге мұрындық болыпты. Мұндай тәжірибе тек Назарбаев зияткерлік мектебінде бар. Әзірге өзге мектептер қолданбаған әдіс. Бұл бір жағынан баланың көркем әдебиетке ынтасын арттыруға септігін тигізеріне сенімді ұстаздар қауымы. Сонымен қатар, «Bookcrossing» жобасы да жүзеге асуда екен. Бұл жобаның мақсаты – кітап тарату. Яки, өзіңіз оқыған кітапты басқамен бөлісу. «Read», “TEDTalks” жобалары да – білім ошағының озық үлгілері. Жапондық «Lesson Study» сабақты зерттеу әдісі де осы мектепте іске асуда. Робототехника, интеллектум секілді қазіргі заман талабы да ескеріледі.

60 мұғалім еңбек ететін ұжымның үміті мен сенімін түлектері ақтауда көрінеді. Клара Хамитқызының айтуынша, биыл мектептен ұшқан 50 түлектің басым бөлігі грант иегерлері атаныпты.

  • Мектеп қабырғасынан шыққан түлектердің 95 пайызы мемлекеттік грантты иеленді. Түлеп ұшқан 50 түлектің 7-і шетелдік оқу орындарында білім алуды бастады, – дейді Клара Хамитқызы. Сонымен қатар, Назарбаев университетінде де білім алатын шәкірттер баршылық.

Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі – 7 сыныпта жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқушыларға ағылшын тілінде оқытуы. Атап айтқанда, алгебра, геометрия, физика, биология, география, информатика сабақтары ағылшын тілінде жүргізіледі. Министрлік тарапынан төрт пән болса, мектеп тарапынан тағы екі пән қосылып отыр. 2007-2008 жылдан бастап, қолға алынған бұл жүйе жемісін беруде. Бұл орайда мектеп ұжымы халықаралық деңгейдегі танымал тұлға Светлана Ценых, үш тілде білім беретін Екатерина Непрук сынды ұстаздарын ерекше атайды. Мектеп Ресейдің РУДН университетімен тығыз қарым-қатынаста.

Мектеп менеджері Жазира Қазыбекқызы интернатта балалардың жағдайын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалғанын айтады. Сырттан, ауылдан, өзге қалалардан келген балалар топтасқан интернат – 220 орындық. Баланың тамағы тоқтығымен қатар, сабаққа дайындалуына дейінгі аралықтағы үрдіс ұстаздардың назарында.

Өзіміздікін қойғанда, шетелдік оқу үрдісіндегі озық жаңалықтар осы білім ордасынан табылады. Соның нәтижесі болса керек, мектеп бірнеше жыл қатарынан республикалық, аймақтың оқу орындарының арасында айдарынан жел есіп, үздік танылып келеді. Бізге дейін де бұл жөнінде талай жазылды да. Сондықтан, Нұрмақов бренді жарнамаға зәру емес.

Жаңашылдықты мектеп ұжымы басшылығының алғырлығымен, жаңалыққа құштарлығымен байланыстырады.

Бұрынғы мектеп басшысы Есентай Әшімов бастаған сара жолды Сейфүлмәлік Абзалұлының үзбей жалғастырып отырғанын атайды. Олай болса, қайраткер атындағы қара шаңырақтан әлі де әлем таныр тұлғалар шығарына сенім артамыз. Болашақтың ұстасы – ұстаздарына елдің ертеңі үшін еңбектеріне сәттілік тіледік…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button