Ресми

Биліктің көздегені — кенші мүддесі

Аймақ билігі шахтерлер мүддесін көздейді. Бұл туралы облыс әкімінің міндетін атқарушы Жеңіс Қасымбек кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісу комиссиясының кезекті отырысында мәлімдеді.

Қарағандыда өткен отырыста шахтерлер қойған қосымша талаптардың орындалуы қаралды. Жалақыны көтеру және жыл қорытындысы бойынша сыйақы төлеу мәселелері талқыланды.

Жеңіс Қасымбек жергілікті билік еңбек ұжымдарының құқығын қорғауға мүдделі екенін атап өтті.

– Әкімдік еңбек ұжымдарымен бірге және барлық талаптардың орындалуын талап етеді. Жұмысқа қабылдау іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқандығына қарамастан кадр тапшылығы әлі де бар. Компания басшылығы келесі отырыста инвестициялық жобалар мен жұмыстың келешек бағыты туралы ақпарат беруі тиіс, – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар, Жеңіс Махмұдұлы қарағандылық шахтерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобының жұмысына белсенді атсалысып отырғанын жеткізді. Аталған комиссия денсаулыққа зиянды және қауіпті өндірістер еңбеккерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету, регресті мүгедектердің проблемаларын шешу мәселелерін қарастырады. «Қорғау» көмір өндірушілері кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев бұл жұмыс тобы қызу жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

– Осы уақытқа дейін бірнеше отырыс болды. Өзекті пікірталастар, есеп-қисап, жоспарлау іс-шаралары жүріп жатыр. Әрине, оңай жұмыс емес. Біздің кәсіподақ тарапынан бірнеше ұсыныс жасалды, – деді төраға.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Владимир Яблонский компания ұсыныстарына тоқталды. Өз кезегінде кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен шахталар өкілдері де пікірлерін ортаға салды. Кеншілер шахталарды модернизациялау, қуатын арттыру туралы айтып, кен орындарының келешек әлеуетіне алаңдаушылық білдірді.

Көмірлі өлке үшін маңызды саналатын мәселелер бойынша келіссөздер әлі де жалғасады.

Келісім комиссиясы барлық мәселелер толық шешілгенге дейін одан әрі жұмыс істейтін болады.

Нұрқанат Қанапия

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button