Билет тапшылығымен күресуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметіне пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтатуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы twitter желісіндегі парақшасында жазды.
«Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр» делінген жазбада.
Бұл ретте «Казақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі қолдан жасалған тапшылық алыпсатарлардың кесірінен орын алғанын мәлімдеді.
– Бұл мәселе бізге мәлім. Қазақстан бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на жататын 300-ге жуық касса бар. Одан бөлек, 4,5 мың жекеменшік кассалар жұмыс жасайды. Олардың қызметін біз бақылай алмаймыз, – деді мекеменің баспасөз қызметі.
Өз тілшімізден.