Спорт

Бес спортшы – лицензия иегері

Қарағандылық бес спортшы 2020 жылғы Паралимпиадалық ойындарға қатысу жолдамасын жеңіп алды.

Сурет Дастан Мұқашбековтің жеке мұрағатынан

Рейтингтік біріншіліктің қорытындысы бойынша Токиода өтетін спорт додасына қатысу құқығы біздің облыстан тірек­қозғалыс аппараты бұзылған және көру қабілеті зақымданған жеті спортшыға беріледі деп шешілді. Оған жүзуден – төрт адам, жеңіл атлетикадан – екі адам, мылтық атудан – бір адам ие болды. Қазірдің өзінде бес мүмкіндігі шектеулі спортшы: жүзуден – Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Әлия Рахымбекова, мылтық атудан – Айдос Жылқышиев, жеңіл атлетикадан – Дастан Мұқашбеков «А» тобының нормативін орындап шықты. Қалған екі спортшы қаңтардан мамырға дейін лицензиялық халықаралық турнирлерде қажетті нормативтерді орындауы қажет.

Паралимпиадалық ойындарға қатысуға үміткерлердің дайындық жоспарлары жасалып, бекітілді. Жаттығуға барынша қолайлы жағдай жасалды, оларға ай сайын қаржылай қолдау көрсетілуде.

Дастан Мұқашбековтің тірекқозғалыс аппараты айтарлықтай бұзылған және басқа да дерттері бар. Алайда, бұл оның спортпен айналысуына бөгет жасай алмайды.

– Үш жыл бұрын өмірімде бір өзгеріс жасау қажет деп ойладым. Әуелде пауэрлифтингпен айналысам деп ойлағанмын, бірақ денсаулық жағдайыма байланысты одан бас тартуыма тура келді. Бақытыма қарай, жеңіл атлетика манежінде мүмкіндігі шектеулі жандардың секциясы бар екенін білдім. Сөйтіп, тағдыр мені Сергей Безгачевпен жолықтырды. Маған спорттың ядро лақтыру түрі қолайлы болды. 2019 жылдың сәуір айында Мароккода өткен Халықаралық турнирде күміс және қола медаль жеңіп алдым. Ал, қараша айында Әлем чемпионатында тоғызыншы болдым, бұл маған Паралимпиадалық ойындарға қатысуға мүмкіндік берді, – дейді 30 жастағы атлет.

Дастан аптасына екі сағат манежде және екі сағат тренажер залында, барлығы төрт сағат жаттығу өткізеді. Жуырда ол Алматыдағы спортшылар жиынына барады.

Қазір мүгедектер спортының облыстық мектебінде спорттың 16 түрімен 440 адам айналысады. Олармен 22 тәлімгер жұмыс істейді, оның ішінде, жетеуі – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары. Жалпы, өңірде 3835 мүмкіндігі шектеулі адам спорттың 29 түрімен шұғылданады. ҚР Ұлттық құрама командасында 90 адам бар.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button