Бес өңір – «Сары аймақта»

Билік басындағылардың алғашқы болып вакцина салдыруы – халықтың екпеге деген сенімін оятқандай. Кеше Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан ҚИЯСОВ пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар ҒИНАЯТ вакцинаның екінші дозасын алды. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК те халықпен есептік кездесуінде осы апта екпенің екінші дозасын қабылдайтынын мәлімдеген еді.

Есеп беру кездесуінде модератор Жәнібек Садықанов аймақ басшысының вакцинадан кейінгі халін сұрады.

– Вакцинадан кейін менде бәрі жақсы, келесі аптада екінші мәрте аламын. Мен бұдан қорқынышты ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Білікті мамандар бұдан шығудың жалғыз жолы – ұжымдық иммунитет дейді. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ асу керек деп ойлаймын. Сондықтан, облыс тұрғындарын жалған жаңалықтарға сенбеуге шақырамын. Бірінші кезеңде дәрігерлерді, тәртіп сақшыларын вакциналау жоспар бойынша жүріп жатыр. Жақын арада жаппай вакциналау басталады, барлығын оған қатысуға шақырамын. Бұл сіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғайды, – деп жауап берді облыс әкімі.

Әлемді де әбірге салды бұл індет. Жаппай вакциналау жұмыстары әр елде қолға алынып жатыр. Аустралия тұрғындарын да вакциналау басталды. Бірінші вакцина Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагеріне жасалыпты. Неміс шекарашылары елдің шекара бекеттерінде қатаң бақылау орнатылған уақыттан бастап 4 522 адамды Германияға кіргізбепті. Басты себеп – келушілердің қолында ПТР анықтамасы болмаған. Ал, Ирландия Премьер-Министрі Микол Мартинелде қонақ үйлер мен гастрономия саласындағы кәсіпорындардың жұмысы жазға дейін ашылмайтынын мәлімдепті.

…Вакцинаның бірінші легі елге Ресейден 31 қаңтарда жеткізілген болатын. Жүк Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орналасқан «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының ірі хабтарына бөлініп, әрі қарай вакцина әр аймаққа жеткізілді.

Қазір вакцина өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Жоспар бойынша ақпанда – 90 мың доза, наурызда – 150 мың доза, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың доза өндірілмек.

Бізге жеткен дерекке сүйенсек, Қазақстанда вакцинаны 19 764 медицина қызметкері алған. Екпенің кері әсері анықталмапты.

Соңғы мәлімет бойынша елдегі бес өңір «сары» аймақта тұр. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облысы. Қалған өңірдің бәрі «жасыл» аймақта. Жалпы, Қазақстан коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл» аймақта тұр. Бұл енді елдегі ахуал. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кеше 31 қарағандылық ковидтен сауығып шығыпты.

Өткен тәулікте 5 адам көз жұмып, 699 адам індет жұқтырған. Жалпы, ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 208 117-ге жеттi. 21 285 адам ем қабылдап жатыр. 242 науқастың жағдайы ауыр дейді.

Облыста екпе алғандардың кешегі саны – 1468.

Қасымхан ҒАЛЫМ