Жаңалықтар

Берік ТӨЛЕУБАЕВ: МӘМС болмаса, қазіргі технологиялар болмас еді

Медициналық сақтандыру төлемдерін аудару азаматтарға медициналық қызметтің сақтандыру пакетін пайдалануға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру пакеті тегін көмекке қарағанда ауқымды, құны қымбат технологияларды қамтиды. Десек те, соңғы кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көңілі толмайтындар көбейді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте қозғады, Үкімет те салаға реформа қажеттігін мойындап отыр. Бүгінгі күнге дейін МӘМС не берді? Егер ол болмаса қазақстандықтар қайтпек? Осы мәселе төңірегінде Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жарақат орталығының жетекшісі, хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Берік Төлеубаевпен сұхбаттастық.

Сурет: Б.Төлеубаевтың жеке мұрағатынан

– Бүгінгі таңда отандық медицина қарқынды дамуда. Бұрын болмаған оталар жасалып, жаңа технологиялар қолданысқа еніп жатыр. Мәселен, жақында республикада алғаш болып тобық буынын алмастыру операциясы жасалды…

– Иә, елде бірінші болып мұндай отаны біздің аурухана жасады. Бұл – жаңа технология. Мамандарымыз шетелге барып оқыды. Әдісті жетілдіру үшін арнайы ресейлік мамандарды да шақыр­дық. Қазіргі уақытта мұндай ем алғысы келетіндердің тізімі жасалып жатыр. Сонымен қатар, биыл сколиозы бар балаларды эндокроректормен емдеу әдісі енгізіледі. Бұл елімізде жасалады, бірақ, біздің облыста қолданылмаған. Қарағандылықтар өзге өңірлерге бармасын деп, бұл әдісті де енгіземіз. Сколиоз – кең таралған ауру. Әрине, оның да ота жасау керек және отасыз-ақ емделетін түрлері бар. Емханаларға осындай ота жасалатыны туралы хабарлаймыз, қатысқысы келетіндерді шақырамыз.

– Травматологиялық көмек өте ауқымды. Адамдар өндірісте де, күнделікті өмірде де, жол-көлік оқиғасы кезінде жарақаттанып жатады. Оның барлығына көмектесе аласыздар ма?

– Аурухананың жарақат орталығы барлық сынық түрлеріне халықаралық деңгейде көмек көрсете алады. Жақында Греция азаматы болды. Алдында Францияда емделген екен, дұрыс болмаған соң, бізге келіп, ақылы түрде емделіп кетті. Алыс-жақын шетелден науқастар жиі келеді. Біздің аурухананың бір ерекшелігі мұнда балаға да, ересек адамға да көмек көрсетіледі. Ертеңге дейін басқа жерден балалар маманының келуін күтіп отырмаймыз, мерекелерде де солай.

Тағы бір ерекшелігіміз ретінде егде жастағы науқастарға көмек көрсету мүмкіндігін айтуға болады. Бұл өзі – емделуі қиын категория. Жарақат алған қарт науқастардың әдетте, созылмалы аурулары бар, емделмесе, асқыну қаупі зор. Ота жасалмай, жатып қалса, басына қан дұрыс бармайды, пневмония пайда болуы мүмкін. Жатып қалған адамды күту керек болады, мұның барлығы – артық шығын. Эндопротездеу жасалса, ертеңіне-ақ жүре бастайды.

– Мұндай науқастардың қатары көп пе?

– Жамбас ұршық басы сынып, оны алмастыратын 200-ден астам ота жасалады. Бұл – бір жылдағы ота саны. Дәл сондай сынықтарға ерекшелігіне қарай гамма шеге қоямыз, жылына ондай 600-ге жуық науқас тіркеледі. Бұдан бөлек, полижарақаттар, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын жарақаттар бар қаншама.

Тізе буынын алмастыру бойынша жылына 1000-1200 адамға операция жасалады. Бірнеше тесік арқылы тізе мен бұғана, иық буындарына жасалатын ота бар. Бұдан бөлек, бұрын жасалған протез қозғалып, ауыратын болса, оны алмастыратын операциялар да жасалады. Бұл да технологиялық жағынан қиын ота саналады. Ауырсыну басылмайтын болса, радиожиілікті абляция отасы қолданылады. Тілмей, арнайы инені пайдалану арқылы рентген аппарат бақылауымен, жамбас пен тізе буындарының жүйке талшықтары күйдіріледі. Осының әсері 5-7 жылға жетеді. Сүйек деформациясы, үлкен бақай жанындағы «шишканы» алып тас­тау, бір аяғы қысқа болған жағдайды да емдейміз. Біздің мамандар барлық технологияны арнайы барып оқиды, халықаралық, республикалық конференцияларға қатысып, біліктілігін арттырып отырады.

– Бұл технологияларды енгізуде медициналық сақтандыру жүйесінің әсері бар шығар?

– Медициналық сақтандыру қаражатының арқасында шетелдік, заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігі артты, операция жасау саны да айтарлықтай өсті. Әр ота медициналық бұйымдарды қажет етеді. Оның барлығы шетелден әкелінеді. Жамбас ұршығын алмастыру отасы бұрын жасалмаса, қазір 200 адамға ота жасалады деп айттым. Бұрын ауырсынуды басатын укол салып, үйіне жібере салатын. Қазір емдейді, орепациялық манипуляция жасайды. Бұл жерде қолданылатын әр имплант ақша екенін ұмытпау керек. Медициналық ұйымдар көмек ауқымын арттырған сайын қаражат талап етіледі. Бірақ, ол технологиясыз адамның өмір сапасын жақсарту мүмкін емес. Ал, ол дегеніміз не? Ол – мүгедектікті азайту, өмір сүру жасын ұлғайту, қалыпты өмір сүру мүмкіндігін беру деген сөз. Барлық дамыған елдер үшін өмір сүру жасының ұзақтығы ел дамуының көрсеткіші саналады. Біздің қызмет дәл осы факторға ықпал етеді. Жалпы, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат нәтижесі бүгін-ертең көрінбейді. Ол ұзақмерзімге бағдарланған саясат. МӘМС бізге осы технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында өмір сапасы жақсарады.

– Олай болса, халық арасында медициналық сақтандыру жүйесіне көңілі толмайтындар неге көп?

– Бұл қоғамның ақпараттандыруының төмендігімен, білімділігіне байланысты деп ойлаймын. Адамдар мектепке не үшін барады, мысалы? Бұрын мектепсіз-ақ өмір сүрді ғой. Ал, қазіргі заманда мектепке бармаса болмайды. МӘМС те сол сияқты, ол денсаулық саласына керек, онсыз қазіргі технологиялардың бірі де болмайды. Батыста мұндай медициналық көмек әлдеқайда қымбат. Ол жақта технология өте қымбат, сәйкесінше медицинасы қымбат. Кейде қарапайым адамдар үшін қолжетімсіз. Біздегі аударымдар аз.

Науқастармен сөйлескенде, неге сақтандырылмадың десек, біреуі білмеген, естімеген, бірі «маған ондай болмайды» деп жүрген. Сақтандырылмаған адам үшін КТ, МРТ ақысы ай сайынғы аударымнан асып кетуі мүмкін. Саналы түрде төлем жасайтындар аз.

– Президент те, тиісті ведомство да жүйені реформалау қажеттігін айтты. Бұл ретте түрлі ұсыныстар да жоқ емес. Мәселен, көлік жүргізу құқығын шектеу, ішімдік ішіп, темекі тартатын адамдар үшін төлем көлемін арттыру сияқты. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл мәселені жан-жақты қарастыру керек. Адам алкогольдік ішімдік ішті деп оған көмек көрсетілмей қалмайды ғой. Біздің мемлекет ішімдік ішуге тыйым салмайды. Егер олай болса, оны сатуға да тыйым салу керек, әділетті болуы үшін. Бұл адамның құқығымен шектесетін мәселе. Медициналық ұйымдарда темекі шегуге болмайды, басқа жерде оған ештеңе дей алмаймыз. Оның үстіне, науқас түскен кезде оның темекі тартқаны-тартпағанын анықтау қиын. Әскери медицинадағы хирургияда жауынгер де, генерал да – бір. Реформа жасалса, анық, түсінікті, қарапайым болуы тиіс.

– МӘМС жүйесін алып тастау мүмкін бе?

– Қоғам эмоцияға берілгіш болып кеткен сияқты. Кез келген мәселені өткір қабылдайды. Медициналық сақтандыру жүйесін алып тастағысы келетіндер көп қазір. Оның орнына не келетіні түсініксіз. Қаржыландыру азайса, қазіргі технологиялар болмайды. Яғни, ем ақысын өз қалтасынан төлейді немесе мемлекет төлейді. Халық бұған дайын болуы керек. Бірақ, әркімде қаражат бар деп айта алмаймын, мемлекет үшін де бұл қиын болады. Қазіргі жүйе барынша әділетті, «ақша науқастың артынан жүреді». Науқас стационарға жатса, ол үшін ақша сол медициналық мекемеге түседі. Қоғамның осал топтарының барлығы – мүгедектер, қарттар, білім алушылар, бала күтімі демалысында отырған аналар мен балалар қорғалған. Барынша ойластырылған жүйе дер едім. Мәселе – өз-өзіне жұмыс істейтіндерде. Олар кейде төлейді, кейде төлемейді. Кезінде Ленин айтқандай, бір қоғамда тұрып, оның нормаларынан еркін болу мүмкін емес. Қоғам алдында қандай да бір міндеттеме болады. Бұл – жауапкершілік. МӘМС-тің өзі – жауапкершілік жүгінен туындаған жүйе.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button