Бейімбет МАЙЛИННІҢ естеліктері

Мақаланың негізгі тақырыбы:Болат құстың кеудесінде

Оқытушылар

(жолдан)

Жұмысшылар клубының бір бөлмесінде отырмыз. 20-30 оқытушылар. Бір-екі ғана орыс оқытушыларынан басқасы түгел қазақ. Алматыда болып өткен мәдениет қызметшілері съезінің қорытындысы туралы Шайқы жолдас баяндама істеп тұр. Баяндамасы орыс тілінде. Балқаш мұғалімдері орыс тіліне тым шала секілденді. «Қазақша айтар ма екен? Қазақшасын тыңдасақ екен!» деген күңкіл шығып отыр. Мәжілістегілер кілеңге жақын қазақ болса, ол қазақтардың ішінде орысшаға шала түсінетіндер болса, оған барып баяндаманы орысша істесе, бұ да тым келісіп тұрған жұмыс емес. Мұнымен бірге Балқаш оқытушыларының да кемшілігін бетіне айтуымыз керек. «Оқытушы» деген атты алып жүріп, «орысша түсінбейтін ем» деу тым сорақы, түсінуі керек! Үйрену керек! Жұмысшыларға білім, тәрбие береміз дегенде, «анау орыс, мынау қазақ» деп ұлтқа айыру біздің жолымыз емес. Интернационалдық тәрбие жұмысына жауапты екендігін оқытушыларымыз ұмытпасын!

Баяндама артынан сөз сөйлеушілер болып, бірсыпыра кемшіліктің беті ашылды. Оқу жұмысында соңғы жылдары бірсыпыра табысымыз бар десек те, кемшіліктеріміз ұшан теңіз-ау. Оқытушылар шулады:

Жұмысымызда басшылық жоқ. Оқу кәмесеретінің адамын бірінші рет көріп отырмыз. Оқу программасын да кезінде алған емеспіз, – деп.

Балқаш пен Алматы арасы айырпланмен екі сағаттық жол. Оқу кәмесеретінің адамдары айына бір қатынаймын десе де, қатынай алар еді-ау. Шайқы жолдастың осы бірінші келуінің өзінде бірсыпыра жұмыстың басы қайырылып қалды. «Оқу кәмесереті программа, нұсқау қағазға сараң» дегенде мен таңқалдым. Оқу кәмесеретіне жиі қатынайтын адамның бірі – мен. Барған сайын көруші едім. Оқу кәмесеретінің програм әдіс секторының адамдары үстелдерінің үстін қағазбен толтырып, белінен буып, асығып-сасып жатқаны байқалатын еді. «Осының бәрі мектептерге баратын нұсқау қағаздар-ау. Оқытушылар бір қарық болып қалады екен ғой» деп мен де сүйсінуші ем. Аттанғалы жатқан кейбір нұсқау қағаздардың жолдамасында мынадай сөзді ұшыратушы ем: «Әзірге осыны ұстай тұрыңдар, қазақшасы қуғыншы ретінде кейін жөнелтіледі», – деген. Осыны көргенде мен таңқалушы ем. «Бірін біріне «қуғыншы» қылмай-ақ, жіберетін қағаздарын біржола неге жібермейді екен?» деп.

Балқаш оқытушыларының сөзін естігенде, осы «қуғыншы» қағаздар есіме түсті. «Қуғыншы», «жоқшы» дегендердің күні қараң ғой. «Қуып жете алмай» адасып кететіндері аз болмайтын шығар. Мәжіліс үстінде кейбір мектеп оқытушыларының имансыз қылықтары ашылғандай болды. «Ұнамсыз қылық» деп жеңілдетіп қана айтамыз, әйтпесе «ауыр қылмыс» дейтін жұмыс. Мектеп бастықтарының оқу кәмесеретіне әзірлеген мәліметіне қарасаң, мектеп балаларының сабақ меңгерушілігі 95-100%. Балқаш сияқты қиыр шетте жатқан аудандарымыз оқуды 100-95 % меңгерсе, бұдан қуаныш не бар. Бірақ, осы қуанышты күйінішке айналдыратын жұмыстардың шеті сораңдап жатыр. Міне, мектеп балаларының жазу тетраты. Оқытушы жолдас қарап шығып, «қанағаттанарлық» деп белгі соққан. Шайқы жолдас онша көрнекті оқытушының қатарына қосыла қоймас, әйткенмен мәжіліс үстінде отырып осы тетраттарды жүгіртіп қарап шыққанда, тетраттың әр бетінен әлденеше қате шығарып отырады. Сонда оқытушы жолдас бұл тетраттардың аяғына «қанағаттанарлық» деп қол қойғанда, көзін жұмып отырған бола ма? Жас ұлан тәрбиесі социалды қоғамның келешек іскерлерінің тәрбиесі – біздегі ең жауапты әрі ең бағалы қызмет. «Кеңес оқытушысы» деген ат – біздегі ең құрметті аттың бірі. Ендеше осы атаққа кір келтіріп, көз байлаушылыққа салынудың қанша жөні бар? Өтірік мәліметпен кімді алдамақшы болады? Оқу кәмесеретінің қызметкерлері оқу орындарымен жиі қатынасса, осы сияқты кемшіліктердің үстінен түскелі тұр. Әйтпегенде құрғақ мәліметті құшақтап отырып қалуында сөз жоқ. Оқытушылар ашына келіп, кемшіліктердің неден болатындығын қазуға кірісті. Бір әйелдің айыбын бетіне басты: «Өзі оқытушы, өзі косомол, өзі газет оқуды білмейді», – деп. Жастау ғана әйел екен, бекіреңдеп, үстелдің үстін тырналай берді. «Бұл – жала!» деп орнынан ұшып тұра ма екен деп ем, тұрмады. Шынымен мойындағаны-ау! «Өзің оқытушы әрі комсомол болсаң, газет оқымауың ұят» деп бұл кісіге үгіт айтудың өзі қиын. Оқудың, білудің керек екендігін түсінбеген адам – басқаны тәрбиелеп не оңдырады? Осыдан келіп оқытушылардың қайсысының қандай кітап оқитындығын әрқайсысының жеке беблетекесі сөз болды. «Оқытушы біткен үйіне кірелеп кітап жинамады» деп айыптау қиын. Кітап оқудың әртүрлі жолы бар. Қыздың жасауындай ғып кітапты жиып-жиып, біреуінің бетін ашпайтын сабаздар да толып жатыр. Ондайлар өзімен кетсін! Біздің оқытушыларымыз, мәдениет қызметкерлері білімін өсіру жөнінде ең үлгілі азаматтар болуы керек қой. Кешегі мәдениет қызметкерлері съезі кезінде мен бір аудандық оқу бөлімінің бастығымен сөйлестім. Пып-пысық жігіт. Оқу кәмесеретіне керекті мәліметтерді құшақ-құшағымен толтыруға жарайтын адам. Осы жігіттің білім аумағын, күнделікті жаңалықтармен, партияның қаулы-қарарларымен таныстығын байқап отырсаң, қарның ашады. Әрі-беріден кейін мойнына алды. «Тіпті, кітап оқуға уақытымыз жоқ. Ауданды аралаумен өмір өтеді» деді. Бұл тым толық дәлел емес. Оқу, оқыту жұмысына өзін әлде болса жауаптымын деп қарамаушылықтың салдары осындайлардан анық сезіліп тұрады.

Балқаш мұғалімдері де Қазақстанның 15 жылдық тойына әзірлік ретінде: «Балқаш жұмысшыларын 100% сауатты ғып шығарамыз!» – деген тілекті алдарына қойды. Құттықтайтын тілек. Қарағанды, Балқаш жұмысшылары 15 жылдық тойды түгел сауаттанып қарсы алса, олжа үстіне олжа тапқан боламыз. Бірақ бас қосқан жерде айтылып, артынан ұмытылатын болмаса екен! Көп айтылып, көп жазылып, көп күш салып қылынса да, оңбай келе жатқан жұмысымыздың бірі осы. Оқытушыларымыз бұл жұмысты шындап қолға алса, орындап шығуында сөз жоқ. Бұл жөніндегі шалалық, шынында, сол сауат ашу жұмысының басы-қасында жүргендерде жатыр. Кәнігі оқытушыларымызды біз мектепке қарай бейімдеп, үлкендердің сауатын ашуды көрінгенге тапсырып жүрміз. «Ерінбеген етікші боладының» кебін келтіріп, кейбір одан қашқан, бұдан қашқандар «сауатсыздар мектебінің оқытушысы едім» дейтін болып жүр. Мұндайлар, жаңа сауат ашу жөнінде түк істемегенімен тұрмай, «100% сауаттандырып шығардым», – деп мәлімет беруден де беті шімірікпейді.

Биыл Қарағандыда жүргенімде, сауат ашу мектептерінің жұмысымен таныстым. Бір мектепке кіргенімде, оқытушы мен оқушының керісіп жатқан үстіне кез болдым. Оқушы боп отырған орта жасқа келген жұмысшы екен. Әлгі жерде оқытушысына ауыр-ауыр сөздер айтып тастады. Айтуға қақы да бар көрінеді. Маған жүгінді: «Міне, өгізді көрдіңіз бе? Осы өгізді айналдырғаныма 30 күн болды!», – деді. Әлгі жұмысшы өгіз суреті басылған жерді шұқылап, «тіпті үйдегі қатын-баламнан ұят болды, кітаптың бір бетін 30 күн оқиды деген не сұмдық?». Осы сияқты күйді сөзге, оқытушы жолдас, әлгі жерде дәлелді жауап қайтара алмады. Әліппенің бір бетін 30 күн ермек қылу деген – өте ауыр жұмыс. Мұның астарын аударсаң, мазақ-сықақ жатыр. Бұл сауат ашу емес, сауат ашу жұмысынан жұртты бездіру…

Әңгіме Балқаш оқытушыларының жоғарғы тілектерінен шықты-ау. Оқытушыларымыз бұл жұмысқа кірісем дегенде, осы сияқты кемшіліктердің көзін жоя кіріскені жөн!

«Балқаш жұмысшысы» газетінің №87 (294) саны, 30 июль, 1935 жыл.

Соңы. Басы №18 санында.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.