Жаңалықтар

Басынан шіріген қай балық?

     Қыр мен Сырды жалғаған Сарысу өзеніндегі балық патшалығында «төтенше жағдай» орын алғандығы туралы әлеуметтік желі қолданушылары дабыл қаққан болатын. Түйемойнақ бөгеті маңындағы балықтардың қырылып жатқаны туралы бейнетаспаны жергілікті тұрғындар түсіріп жариялаған. Обалы нешік, қарап жатқан ешкім жоқ. Облыстық деңгейдегі жауапты мекемелер мен тұлғалар аяқтарынан тік тұрды. Оқыс оқиға салдарын анықтау жұмыстары жүріп жатыр.  Кешегі күні Сарысудағы сарсаңның салдары жөнінде  облыстағы Экология департаментінің заң бөлімінің жетекшісі Дархан ИСЖАНОВ мәлімдеме жасады.

– Сарысу өзенінде балық қырылу дерегі 26 қазан күні тіркелді. Бұл дерек бойынша анықтау жұмыстарына Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және Қарағанды облысының Экология жөніндегі департаменті қызметкерлері, облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің өкілдері жұмылдырылып, Ұлытау ауданына аттанды. Сарысу ауылына 20 шақырым жерде орын алған оқиғаға байланысты Сарысу өзенінің ағысын төмен қарай бойлап өлі балықтар табылған аумақтардан сынама алды. Департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі  судан, топырақтан арнайы сынама алып, себебін анықтауға кірісті. Тексеру барысында анықталғандай, барлық учаскеде Сарысу ауылынан төмен орналасқан Түйемойнақ бөгетіне дейінгі аумақта өзен суына ешқандай өндіріс қалдығы қосылмағандығы расталды. Дабыл қаққандар мәлімдегендей, өзен суына күкірт қышқылы араласпаған. Судағы оттегі деңгейі мен  қышқыл немесе сілтілер мөлшері нормаға сай.   Түпкілікті талдау нәтижелері 11 қарашада аяқталады.

Қазіргі уақытта, «Жалтырбұлақ» АҚ зауытының басшылығы «зауыт өзенге қышқыл жібереді» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтып отыр. Өйткені, «Жалтырбұлақ» АҚ кәсіпорны Сарысу өзенінен 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, өндірісте қышқыл қолданылмайды,– деді Д.Исжанов.

Сонымен, 11 қарашаны күтеміз. Балық суға тұншығып немесе аштан өлмейтіні белгілі. Дана қазақ «балықтың басынан шіритінін» ғана айтады. Демек, қай балықтың басынан шірігені 11 қараша күні белгілі болмақ. Тосайық.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button