Басымдық — бустерлік дозада

Кешегі күнгі дерек бойынша елде 1 705 540 адам ревакцинация жасатты. Мамандар кейінгі кезде бустерлік дозаны аламын деушілердің артқанын айтып отыр. Тұрғындардың көпшілігі алғашқы екпесін былтыр жазда алғанын ескерсек, үшінші екпені алатын уақыт келді. Вакцинация мен ревакцинация аралығы – 6 ай. Ал, егер адам ауырып қалса, ревакцинация 3 айдан кейін жасалуы тиіс.

Облыс орталығындағы №4 емхананың жедел жәрдем қызметі бөлімінің аға дәрігері Айша Ешетова емхана бойынша барлығы 3 119 адамның ревакцинация алғанын айтты.

– Кеше 91 адамға жасадық ревакцинация. Күн сайын 50-ден кем жасалмайды. Орта жастағысы да, үлкені де келеді. Бастысы вакцинацияның толық курсын алғаннан кейін 6 ай уақыт өтсе болды. Ревакцинация үшін «Спутник Лайт», QazVac, Vero cell және 60 жастан асқан адамдар және медицина қызметкерлеріне Pfizer қолданамыз. Кейбіреуі вакцинация кезінде де QazVac алғанын айтып, соны қайта салуымызды сұрайды. Салып береміз. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен құжатта инактивтендірілген вакцина алғандарға векторлық салынуы тиіс. Және керісінше, «Спутник V» алғандарға QazVac немесе Vero cell алу ұсынылады. Дегенмен, алғашқы вакцинаны қайта салуға да тыйым жоқ, – дейді Айша Әбенқызы.

Маман үшінші рет екпе алу алғашқы екпе әсерінің уақыт өте келе төмендеуіне байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, үшінші екпе иммунитетті бірқалыпты сақтап, ұжымдық иммунитетке жету үшін қажет.

– Вакцинация мен ревакцинация үшін мобильдік бригадалар кәсіпорындарға арнайы шақыртумен барады. Мәселен, интернаттар, қарттар үйі, өрт сөндіру қызметі, «Қарағанды Су» сияқты мекемелерге барып қайтты. Емхана бойынша вакцинация – 63,1%. «Камернати» алғандар саны – 549. Оның көбісі 1-18 жасқа дейінгі жасөспірімдер – 458. Бала емізетін 87 адам, жүкті 4 әйел салды. Дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер тіркелді. Бірақ, ол екпе алған кез келген ағзадағы қалыпты реакция, – деді А.Ешетова.

Соңғы бірнеше тәулікте коронавирус инфекциясының таралуы біршама төмендегенін байқауға болады. Бұрнағы күні «қызыл» аймақта болған Жамбыл облысы – «сарыда», ал, Қызылорда облысы «жасыл» аймаққа өтті. Мұнда бұрыннан Түркістан облысы бар. «Сарыда» Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Қалған өңірлер «қызыл» аймақта.

Жансая ОМАРБЕК.