Басты міндет – тұрмыс сапасын жақсарту

Соңғы сегіз жылда облысымызда 278 көп қабатты тұрғын үй қайта жөнделіп, Қарағанды және Теміртау қалаларында 93 жаңа лифт орнатылған. Тек, биылдың өзінде 18 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен аппарат отырысында облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов мәлімдеді.

  • Қазір Теміртау, Жезқазған және Шахтинск қалаларында жылумен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар жүзеге асуда. Оған республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Теміртауда қаланың батыс бөлігіндегі өндірістік ағын суларды бейтараптандыру және тазарту жобасы жүзеге асуда. Ал, Жезқазған қаласында жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Шахтинск қаласында қазандық салу және жылу желілерін тарту жобасы бойынша жұмыс істеудеміз. Жалпы облыс бойынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 300 шақырымнан астам су құбырын және кәріз желілерін тарту жоспарланған. Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр, – деді Ұлантай Үсенов.

Басқарма басшысының айтуынша, атқарылған жұмыстардың ауқымына қарамастан, аймақта 119 985 адам әлі күнге дейін ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. 2023 жылға дейін облыс тұрғындарын толықтай таза ауыз сумен қамту үшін 30 млрд. теңге көлемінде қаражат қажет.