Медицина

Баспаналы дәрігерлер көбейді

Салынып жатқанына бес жылдан асқан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы биыл наурыз айында аяқталады. 200 орындық ауруханада катамнез кабинеті де ашылмақ. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалдыбек Исмаиловтың айтуынша, ол кабинет – жаңа туған нәрестені бір жасқа дейін бақылауға алатын арнайы орталық. Басқарма басшысы осы арқылы ана мен бала денсаулығын жақсартып, өлім-жітімді азайтуға ден қоймақ. Екінші жағынан медициналық қызметкерлерді баспанамен қамтитын болады. Балалар ауруханасы жаңа ғимаратқа көшкенде қазіргі «45-ші орамдағы» аурухананың орнына 94 пәтерлік толық жабдықталған «Дәрігерлер үйі» пайда болады деген жоспар бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қалдыбек Орнәліұлы денсаулық сақтау саласының жоспарларымен бөлісті.

– Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында алты фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталады. Жаңартуды талап ететін ауылдық жерлердегі 92 нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына енді. Аталған нысандарды 11 дәрігерлік амбулатория, 34 ФАП және 47 медициналық пунктпен байланыстыру үшін жергілікті бюджеттен 608 млн. теңге бөлінеді, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, Балқаш және Теміртау қалаларының ауруханалары жақын орналасқан аудандар мен олардағы ауылдарға қызмет көрсете алатындай ауданаралық аурухана болып құрылады.

– Бұл ауруханалар алтын уақыт стандартын сақтай отырып, белгілі бір патологиясы бар пациенттерді, инсультпен, миокард инфарктісімен, жарақаттармен, сондай-ақ, оңалтуға жатқызылатын науқастарды жеткізу үшін қолайлы болмақ. Осы ауруханаларды күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 865 млн. теңге бөлінді. Ангиографтарға жапсарлас құрылыстар салу үшін қосымша жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жоспар бойынша оларға 2 млрд. Теңгеден астам қаражат бөлінеді, – дейді Қ.Исмаилов.

Медициналық мамандардың тапшылығын шешу мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мәселенің шешімі мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге тіреледі. Басқарма басшысының айтуынша, соңғы үш жылда Шахтинск, Саран, Балқаш, Приозерск, Теміртау қалаларының 204 жас маманына баспана кілті табысталыпты. Келер жылы Қарағанды қаласында пайдаланылмайтын ғимараттарды қайта жаңартып, күрделі жөндеу жүргізілмек.

– 2030 жылға дейін мамандықтар бойынша дәрігерлерді даярлау жоспары жасалды. Резидентурада мамандар даярлау жергілікті бюджет және медициналық кәсіпорындар есебінен жүзеге асырылады. Бұл мақсатта 66 маманды оқыту үшін 165,6 млн. теңге бөлінген. Қазір 44-і оқып жатыр, – деді Қалдыбек Исмаилов.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button