Бас жоспар – басты бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Аймақтағы туризмге барынша қолайлы өңірдің бірі – Қарқаралы ауданы. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи құндылықтармен қатар географиялық-климаттық жағдай да бар. Осы орайда, парк аумағында туризм және рекреация инфрақұрылымын дамытудың Бас жоспары жасалған.

Ұлттық табиғи парк аумағының жалпы ауданы – 112,1 мың гектар. Оның ішінде, туристік-рекреациялық аумақ – 21,3 мың гектар. Яғни, парк аумағының ­ 19 %-ы.

Парк аумағындағы турис­тік нысандардың санын көбейтіп қана қоймай, рекреациялық ин­­фрақұрылымын нығайту да маңыз­ды. Ол дегеніміз – сауықтыру іс-шаралар кешенін жасақтау. Мазмұнды демалыс ұйымдастыру үшін мәдени-танымдық мүмкіндіктермен қатар, ойын-сауық ұйымдастыруға да жіті мән берген жөн.

Сайып келгенде, туризм – мемлекет жарнамасы. Алыс-жақын шет елден келгендер еліміздің көр­кем табиғатына тамсанып қана қоймай, оның тарихи-мәдени құндылықтарына да қызығушылық танытуда. Қарқаралы жері де қазіргі таңда тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, ел мен жердің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленіп отыр.

Мәселен, Қарқаралыға 2022 жылы 29 мыңнан астам турист келген. Бұл – ресми түрде парк аумағындағы бекеттерге тіркеліп, ақылы түрде өткендер. Ал, тіркелмей келіп жатқандардың саны тіптен көп. Ұлттық парк мамандарының болжауынша, орта есеппен жылына 40 000 турист келеді екен. Жылдың төрт мезгілінде сырттан келушілердің қарасы азайған емес. Сол себепті, демалушыларға қолайлы жағдай туғызу, қажетті туристік орындармен қамтамасыз ету және инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселесі туындап отыр.

Бас жоспардың басты мақсаты – туризм мен рекреациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, табиғатты сақтау. Бас жоспарға сәйкес жалпы ауданы 56,15 гектар болатын 50 жаңа учаске қосылған. Оның – 15-і ұзақ, 35-і қысқа мер­зімге пайдалануға беріледі. Бұл жерлердің аумағында турис­тік лагерьлер мен демалыс орталықтарын, кемпингтер, тамақтану пункттерін салу жоспарланған.

– Туризм және рекреация инфрақұрылымын дамытудың Бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. 2020 жылдың тамыз айында «Теміртау қаласының сәулет-қала құрылысы орталығы» өндірістік кооперативімен ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына түзету жүргізілді. Бірақ, соңғы екі жылда Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туризм және рекреация инфрақұрылымын дамытудың бекітілген бас жоспарының болмауына байланысты жерлер жалға берілген жоқ. Бүгінгі таңда бас жоспар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісілді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Бас жоспарды экологиялық сараптамадан өткізді. Ол 2023 жылғы 16 наурызда ­ №27-5/45НҚ бұйрығымен бекітілді. Осы жоспарға сәйкес қосымша 9 учаске ұзақ мерзімді, 10 учаске қысқа мерзімді пайдалануға бе­рілді. 15 учаске ұлттық парктің ақылы қызмет көрсететін орындары болып есептеледі. Осы аймақтардан жер учаскелерін беру туралы конкурсты маусым айында өткізу жоспарланып отыр, – дейді Қарқаралы ұлттық табиғи паркі туризм бөлімінің маманы Зоя Коваленко.

Аудан аумағында орналасқан 35-тен астам демалыс орны бір мезгілде 2500 адамды қабылдау­ға мүмкіндігі бар. Ал, туристер санының өсуі тұрақтайтын орындардың кемдігін айғақтады. Бас жоспарда жалға берілетін учаскелердің көбеюі мен мерзімінің ұзаруы алдағы уақытта туризмнің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

– Ұлттық парк аумағынан 1800 шаршы метр жерді жалға алып, 30 орындық демалыс орнын салдым. Үш үй, киіз үй және шатырлар бар. Құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылыммен жабдықтауға несие алдым. Жалға алу мерзімін бес жыл сайын ұзартып отырамыз. Жылына 200 мың теңге көлемінде жалға алу ақысын төлеймін. Демалуға келетін туристер саны жаз мезгілінде көп, тіпті, орын болмай қалатын кездер жиі. Бұл мен секілді жалға алушы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Келген туристерге қолайлы жағдай жасауға тырысудамыз. Туристерге қызмет көрсетуде табыс көлемі мол деп айта аламын, – дейді «Қарқаралы – Бағдарлау» демалыс орнының басшысы Михаил Савровский.

Жалпы, аудан аумағындағы ту­ристік орындарда демалыс мау­сымында орын болмайтыны анық. Бұл кәсіпкердің қалтасын қалыңдатады. Жергілікті бюджетке де қосымша түсім. Тек бір айта кетерлігі, жалға берілетін жерлерге электр желісі, ауыз су құбыры мен кәріз жүйелерін тарту кәсіпкердің еншісінде.

Туризмді дамытуды қолдау бір басқа да, аумақтағы ортақ инфра­құрылым проблемасы – бір басқа. Мәселен, әр кәсіпкер немесе инвестор өзіне тиесілі аймақты ғана қажетті инфрақұрылыммен жабдықтайды. Ал, сол туристік нысанға Қарқаралының қараса көз тоятын табиғатын тамашалау­ға келетіндер жол азабын көріп келеді.
Қарқаралы мемлекеттік ұлт­­­­­тық табиғат паркі аясындяа туризм мен рекреациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған бас жоспар Қарқаралыдағы туризмді дамытудың, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағдары болар деген сенім бар.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.