Бар жақсылық – балаларға
Жаңа жыл – балалар күтетін ғажайып мерекенің бірі. «Қандай костюм киіп, қандай сыйлық аламын, аяз атаға не айтамын?» деп тағаты таусыла күтеді. Әсіресе, сабағын үздік оқыған балалар Президенттің, әкімнің шыршасынан үмітті. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің мерекелік шыршасы өтті. Оған аймақтағы ерекше зейінімен, талабымен көзге түскен 200-ден астам оқушы қатысты.
Балалар үшін әзірленген бағдарлама қызыққа толы болды. Алдар көсе мен ертегілер әлемінен келген сиқыршы қыз балдырғандарды билетіп, ән айтқызды. Шыршаны айналды. Ескі жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алды. Әншілер ән шырқап, балаларға қуаныш сыйлады. Аяз ата мен Ақшақар да келіп, балалардың өнерін тамашалады. Бұл шыршада сарбаз болып киінгендер көп болды. Аяз атаға өскенде еліне тірек болар батыр болғысы келетінін айтты бірі. Айта берсек, қызық көп. Бірақ, көңілге қуаныш ұялатқан бір дүние бар. Көпшілігі қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін таңдапты. Алдар көселер, Таусоғарлар мен Желаяқтар мерекенің ажарын ашты.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, балаларды Жаңа жылмен құттықтады.
– Балалар, сендерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Балаларға қуаныш сыйлау – ересектер үшін бақыт. Жүздеріңнен күлкіні көріп, өзім де марқайып тұрмын. Елімізде тек жақсылық болсын! Тек жақсы күндерде жүздесейік! Сабақтарыңды жақсы оқып, мемлекетіміздің тірегіне айналыңдар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Құттықтау сөзден кейін балаларға бағалы сыйлықтар таратылды. Смартфондар мен танымды кеңейтетін энциклопедиялар бүлдіршіндерді қуантты.
Риана Бақтиярова мерекелік шарадан алған әсерімен бөлісті.
– Маған «Малифисента» деген ертегі кейіпкері ұнайды. Ол әділдік үшін күреседі. Жақындарын қорғайды және өте сұлу. Малифисентаның костюмін табу оңай болған жоқ. Шырша да өте ұнады! – деді ол.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz