Бапкер ұстазға құрмет көрсетілді
Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында еркін күрестен республикалық турнир болып өтті. 2005-2007 жылдары туған бозбалалар мен қыздар арасындағы бұл жарыс дәстүрлі түрде биыл ХХХ рет ұйымдастырылды. Аталған республикалық турнир – Орталық Қазақстанда еркін күрес, грек-рим күресін, қазақша күресті дамытуға ерен үлес қосқан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмажан Әкеновті еске алуға арналған. Ол өткен ғасырдың 40-жылдарының соңынан бастап, Қарағанды қаласында күрес түрлерін дамытуды қолға алып, бүкіл ғұмырын жастарды спортқа баулауға жұмсаған жан еді.
Жалпы, «Жұмажан Әкенов кім?» деген сұрақ қойсақ, үлкендер, әсіресе, аға буын спортшылар оны жақсы біледі. Ал, кейінгі жастар үшін өмірбаянын қысқаша айта кетуге болады. Ол 1926 жылы 5 желтоқсанда сол кездегі Ворошилов ауданы, қазіргі Бұқар жырау ауданының Аюлы ауылында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл мектебінде, кейін қалаға барып орта мектепті бітіреді. Спортпен белсене айналысады. 1944 жылы әскер қатарына алынып, 1949 жылға дейін Түркістан әскери округінде қызмет етеді. Сонда жүргенде күреспен шұғылданып, классикалық күрестен осы әскери округтің чемпионы болады. Ол уақытта бүкіл Орта Азия мен Қазақстан осы округке қарайтын еді. Сөйтіп, ол КСРО спорт шебері атанады.
Ж.Әкенов 1949 жылы әскер қатарынан келген соң Қарағанды қаласында күреспен белсенді шұғылданып, 1949-1954 жылдары қазақша күрес және классикалық күрестен Қазақ КСР чемпионы атанып, 1952 жылы КСРО чемпионатына қатысады. Қаладағы өзі оқыған №2 қазақ мектеп-интернатында дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ал, кешкілік Спорт сарайында жастарды жаттықтырып, өзінің білгенін соларға үйретеді. Осылайша ол көп жыл спорт саласында еңбек етіп, Қазақстан мен Одаққа танымал чемпиондар тәрбиеледі. Солардың қатарында ҚазКСР және КСРО чемпиондары мен жеңімпаздары А.Мұсабеков, В.Тихонов халықаралық турнирлердің жүлдегері мен КСРО чемпиондары, спорт шеберлері З.Есмағанбетов, Н.Балташ, И.Кнапп және басқа да көптеген республикаға белгілі балуандар болды.
Жастарды спортқа баулу жолындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілген.
Міне, Қарағанды өңірінде күрес түрлерін дамытуға айрықша үлес қосқан Жұмажан Әкеновты еске алуға арналған турнир С.Сәпиев атындағы спорт кешенінде екі күнге жалғасты. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен 12 команда, яғни, 132 бозбала мен қыздар қатысты. Атап айтқанда, Алматы мен Астана қалаларынан, Абай, Қызылорда, Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан жас балуандар келді. Дәстүрлі турнирді негізгі ұйымдастырушы және демеуші Жұмажан ағаның ұлдары Ғизат пен Мұрат Әкеновтер болды. Бұл жарысқа облыс әкімдігі мен облыстық дене тәрбиесі және басқа да спорт ұйымдары мен жеке кәсіпкерлер, белгілі спортшылар һәм ардагерлер демеу жасады.
Жарысты ұйымдастыру мен өткізуге күрес түрлерінен облыстық олимпиаданың резервтік «Дәулет» спорт мектебі, оның дирекоры Сағдат Әбдікәрімов бастаған бапкерлер ұжымы көп еңбек сіңірді. Жарыстың бас төрешісі, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аман Абиров турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Балуандардың жасы 17-18 де болса да, олар күрестің әліппесін әбден үйреніп, шеберліктерін шыңдап келе жатқандығын көрсетті. Талай талантты спортшылардың өсіп келе жатқанын дәлелдеді. Күрестің небір тамаша әдіс-тәсілдерін көрдік. Осылардың арасында еркін күрестен жасөспірімдер арасында республика чемпионы атанғандар да бар екен. Мысалы, Алматы қаласынан келген 18 жастағы Рамиль Расим қарсылас шақ келтірмей ақтық кездесуге жетіп, жергілікті Диас Манатты финалда айқын басымдықпен жеңді. Сөйтсек, ол 57кг салмақта жасөспірімдер арасында республика чемпионы және Азиялық ойындардың жүлдегері екен.
Республикалық турнирдің әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Сонымен, 52 келі салмақ бойынша алматылық Нұржан Әшімжанов, 57 келі салмақта жоғарыда біз айтқан Рамиль Расим, 61 келі салмақта қызылордалық Нұрғұлан Бауыржанұлы, 65 келі салмақта Абай облысынан келген бозбала Намик Байрамов, 70 келі салмақта алматылық Досжан Құл-Ғайып, 74 келі салмақта қызылордалық Ерасыл Серік, 79 келі салмақ санатында астаналық Әлішер Жолдасбай, 86 келі салмақта қарағандылық Нұркерім Ерназ, 92 келі салмақта жерлесіміз Ибрахим Рыспеков, 97 келі салмақта тағы бір жерлесіміз Абдулла Альсиев, 125 келі салмақта Абай облысының балуаны Алдияр Тоқанов чемпион болды. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары және ақшалай сыйлық табысталды.
Қорыта айтқанда, Орталық Қазақстан өңірінде күрес түрлерін дамытуға үлес қосқан көптеген балуандардың бапкер ұстазы Жұмажан Әкеновке осылайша құрмет көрсетілді.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
ардагер журналист