Жаңалықтар

Банк баспанаға өтініш қабылдайды

Бұйыртса, қазан-қараша ай­ларында бірқатар қарағанды­лықтар баспаналы болады. Нақтыласақ,  «Өңірлерді дамытудың – 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша Қарағанды қаласында «Панель центр» шағынауданындағы тұрғын үйлерге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өтініштер қабылдауды бастады. Яғни, 2017 жылдың 5 қазанынан – 31 қазан аралығында  аталған бағдарлама бойынша банк салымшыларынан өтініштер тіркеледі. Баспананың бір шаршы метрі – 100 мың теңге. Жалпы, 173 пәтер беріледі. Бұл 173 пәтер, тек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының арасында балдық жүйеге сәйкес жүзеге асады. Сондай-ақ, 9 қазаннан бастап  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы билік бағыты бойынша бой көтеретін сол шағын аудандағы  123 пәтерге өтініштер қабылданады. Мұнда тұрғын үйдің бір шаршы метрі – 140 мың теңге көлемінде. Өтінішті 2017 жылдың 8 қарашасына дейін беруге болады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында банк және жергілікті билік өкілдері мәлім етті.

Жергілікті атқарушы орган бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасында  пәтерлер банк салымшылары мен әкімдікте кезекте тұрған тұрғындар арасында бөліске түспек. Бұл арада кезекте тұрған тұрғындардың бұған қатысуы үшін банк клиенті болуы, тұрғын үй жинағы туралы келісімшарт жасауы тиіс. Сонымен, бұл екі бағдарлама арқылы 296 пәтер тұрғындарға табыс етілмек.

Осы бағдарламалар арқылы баспана алуға үміткер банк са­лымшылары мен кезектегі тұр­ғындарға қойылатын талаптар бар. Соның ең бастысы – өтініш берушінің басында баспанасы болмауы тиіс.

Қуат ТӨЛЕУХАНОВ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

– Бағдарлама бойынша баспана алу үшін нақты бекітілген талаптар бар. Ең бірінші талап өтініш берушінің баспанасы болмауы тиіс. Өйткені, мемлекет, бірінші кезекте, баспанасы жоқ тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бүгінгі таңда облыста 68 мың банк салымшысы бар.

Сонымен қатар, банк өкілдері адами факторларға жол бер­меу үшін бүгінде ғаламтор желісі арқылы өтініш берудің жолға қойылғанын айтады. Яғни, банкке баспанаға өтініш беру үшін банкке келудің қажеті жоқ. Өтінішті банктің www.hcsbk.kz интернет-ресурсындағы «Жеке кабинетте/Интернет-банкте» беруге мүмкіндік бар. Ал, мамандардың айтуынша, өтініш беру күні және уақыты өтініш берушінің иеленген балы мен кезегіне әсер етпейді. Сонымен қатар, өтініштер банк салымшыларынан ғана қабылданады.

Өтініш берушілерге қойы­латын талаптармен, құрылыс нысанының сипаттамасымен, соның ішінде, ғимарат қасбетін және пәтерлердің жоспарлануын банктің www.hcsbk.kz интернет ресурсында егжей-тегжейлі танысып, «Қолжетімді тұрғын үй» бөлімінде көруге болады.

Үйлестіру ережелері банктің www.hcsbk.kz интернет ресурсында көрсетілген.

          Қызғалдақ АЙТЖАНОВА                                                    

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button