Бас тақырып

Балықтан табыс тапқыңыз келсе…

Біраз жылдар балық шаруашылығына мән берілмей келді. Дегенмен, бұл саланың да тынысы ашылғандай. Үкімет «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» бағдарламасын бекітті. Осыған сәйкес Қарағанды облысында да осы салаға арналған жоба жүзеге аса бастады.

БАҒДАРЛАМА АЯСЫ КЕҢ

– Облыста жергілікті 202 балық шаруашылығы және республикалық маңызы бар 3 су қоймасы (Балқаш көлі, Нұра өзені, Қаныш Сәтбаев каналы) бар. Табиғи ресурстарды пайдаланушыларға 85 су объектісі бекітілген, 117 су объектісі резервтік қорды құрайды. Үкіметтің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында 2030 жылға қарай тауарлық балық өсіруді жылына 15 мың тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарлық балық өсірудің негізгісі Балқаш көліне келеді, бұл жалпы көлемнің 92%-ын құрайды. 2020 жылы тауарлық балық өсіру көлемі 250 тоннаны құрады, бұл 2019 жылдың деңгейінен (129 тонна) 93%-ға артық, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекзат Махажанов.

Маманның айтуынша, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін биыл облыс әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар 14 су айдынын балық өсіру шаруашылықтарының басқаруына беру туралы шешім қабылданған. Ал, «Қарағанды балық питомнигі» ЖШСнің 7,5 миллионнан 300 миллионға дейін шабақ өсіру мүмкіндігі бар. Облыста «Қарағанды-Бекіре» ЖШС кәсіпорны жұмыс істейді, сұранысқа қарай жылына 100 тоннаға дейін балық және 5 тоннаға дейін бекіре уылдырығын өндіреді.

– Бағдарлама аясында Virgin Soil ЖШС «Тәулігіне 1000 тонна түйіршіктелген және байытылған жасыл жемшөпті өңдеу және өндіру бойынша жем зауытының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Балық шаруашылығы субъектілерін ынталандыру үшін облыс әкімдігі биыл облыстық бюджеттен балық шаруашылығында пайдаланылатын жемшөп сатып алуға кеткен шығындарды өтеуге 31,4 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді, – дейді Бекзат Махажанов.

Аймақта браконьерлікпен күрес мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Экологиялық заңнаманы бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында биылғы жыл басынан орман шаруашылығы мекемелерімен 25 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 28 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде балық аулау Ережелерін бұзғаны үшін заңсыз балық аулау фактісі бойынша 12 хаттама және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 16 хаттама толтырылды», – дейді маман.

БРАКОНЬЕР ҚЫЗЫҒЫН КӨРУДЕ

Жыл басынан бергі мәліметтерді қарасаңыз, балықты заңсыз аулағандар туралы ақпараттан көз сүрінеді. Яғни, балық шаруашылығының қызығын солар көруде. «Ұсталғаны бір тоғыз, ұсталмағаны тоқсан тоғыз» болса керек. Мысалы, «9 мамырда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының ПБнің қызметкерлері Балқаш көлі аймағында рейдтік іс-шаралар өткізді. Тәртіп сақшылары су қоймасының жағасынан 300 метр қашықтықта мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ «УАЗ» автокөлігін байқаған. Автокөлік жолсыз жермен жүріп, «Екатеринбург – Алматы» тасжолына өтпек болған. Полиция 30 жастағы ер адам басқарған күдікті көлікті тоқтатқанда көліктің ішінде 59 және 50 жастағы тағы екі жолаушы болған. Тексеру барысында полицейлер автокөліктің жүксалғышынан 200 келіге жуық әртүрлі балық түрлерін тапты. Келтірілген шығын мөлшері 800 мың теңгеден асады».

«11 тамызда табиғат қорғау полиция қызметкерлері және Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері Балқаш-Алакөл өңіраралық бассейндік инспекциясының инспекторларымен бірлесіп «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Полиция қызметкерлері Тораңғылықауылының маңындағы Балқаш көлінде жүрген қайықты ұстады. Анықталғандай, 43 жастағы Балқаш тұрғыны балық аулауға тыйым салынған жалпы ұзындығы 2 шақырым тор орнатқан». Бір-екеуін ғана алдық. Тізе берсек, кете береді. Оқырманның көзін талдырып қайтеміз. Айтпағымыз – мемлекеттік тәлімбақтар шабақ өсіріп көлге жібереді, «қызығын кәсіпкер көрсін» деп, ал браконьер оны нәсіп қылады.

ТҮЙІН

Иә, аймақта балық шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. Негізгі балық өндірісі Балқаш көлінде шоғырланғанымен, басқа да өзен-көл жеткілікті. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары тереңдетіліп қазылған арнайы тоғандар да бар. Оларды дәнді дақыл, бақша, малды суаруға пайдаланды. Қазір бұл тоғандар бос жатыр. Балдыр басып, су лайлануда. Осы тоғандарды тазалап, балық өсіріп, игілікке пайдаланса болар еді.

– Қазіргі уақытта Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығы су айдындарын конкурстық негізде бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты, балық шаруашылығымен айналысқысы келетін облыс тұрғындарын байқауға қатысуға шақырамыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекзат Махажанов.

Балықтан табыс тапқыңыз келсе, онда сіздің де мүмкіндігіңіз бар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button