ЖаңалықтарРуханият

Балауса жыр бүр жарды

Поэзия – адам жанын тебірентер құдіретті өнер. Адамдар бағзы замандардан бері поэтикалық қуаты жоғары шығармашыл жандарды құрмет тұтқан. Бүгінде өңірде жас ақындар толқыны өсіп келеді. Осындай талапты қаламгерлердің  бірі – қасиетті Шет өңірінің ақын қызы Толғанай Айтболатқызы.  Нәуірзек сынды нәзік жырларын насихаттау мақсатында М.Әуезов атындағы қалалық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі № 23 филиалының ұйымдастыруымен Сұрыптау кентіндегі Теміржолшылар мәдениет сарайында «Өлең деген – Өмір үнді бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш барысында жас ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, сырға толы жауқазын жырлары оқылды. Күзбен сырласа, көктемгі сезімге үн қоса білген ақын қыздың лирикалық туындыларын кеш қонақтары сүйсіне тыңдады. Жыр кешіне қалалық орталықтандырылған кітапханасы өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айтқұл Толеуханқызы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Қарағанды теміржол коледжінен бір топ әріптестері, студенттер және Толғанай  ақынның өлеңдерін сүйіп тыңдайтын оқырмандар қауым кештің әдемі сарында өтуіне үлес қосты. Толғанай қазақ-қырғыз сазгерлері Ж.Тәжібековпен, Қ.Сатаевпен шығармашылық байланыста. Шығармашылық одақтан туындаған «Асыл ана»,  «Сұлу қыз» әндерін көрермен қауым жылы қабылдады.

Кеш қонақтары жас дарынның бойындағы ерекше сезімнен туындаған ерекше қалыппен жазылған балауса шумақтары алдағы уақытта жыр әлемінде өзіндік орнын аларына сенім білдірді.

Р. ДАЛЕЛХАН, 

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

№23 кітапхана бөлім меңгерушісі.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button