Жаңалықтар

Баланы жалғыз қалдырып, «құлыным-ау!» деп қалмаңыз!

Өткен 2020 жылы елімізде 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. 18 бала мерт болса, ал, қалған 87-сі ауруханаға жатқызылған екен. Бұл – Ішкі істер министрлігінің мәліметі. Ал, биыл алғашқы бес айда өрттен қаза болған 29 баланың 13-і үйде қараусыз қалған.

Өрт пен су – тілсіз жау

Қыс мезгілінде пештегі оттан, жазда өзен-көлден жұрт қанша сақтанса да, өрт пен су – тілсіз жау екендігін дәлелдей түсуде. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин «биыл жыл басынан бері өрттен 29 бала қаза болды, оның 13-і үйде қараусыз қалған» деді 21 мамыр күні халыққа есеп беру жиынында. Құтқарушылар 15 адамды өрттен аман алып қалған, сегізі – бала. Юрий Ильиннің сөзіне қарағанда, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар арасында бала өлімінің көбейгені байқалған. «Жылыту маусымы кезіндегі бала өлімі алаңдатарлық. Балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері карантинде болғандықтан немесе жұмысы шектелгендіктен балалардың басым бөлігі үйде болған», – деді министр. 2019, 2020 жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда биыл өрт саны 24 пайызға (2760) ұлғайған. Өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында болған. Өртке негізінен өрт жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, қауіпсіздік ережелерін сақтамау түрткі болған.

Ал, биылғы жылғы суға түсу маусымы басталмай жатып, 27 мамырда Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс пен «Көгілдір тоғандар» шағынауданының арасындағы су айдынында 17 жасар бозбала батып кетті. Қарағанды облысы ТЖД Суда құтқару қызметінің мамандары оның денесін екі сағаттан кейін тауып, судан шығарды.

Осыған байланысты құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережесін сақтауға шақыруда. Қайғылы оқиға негізінде арнайы жабдықталмаған жерде жүзуден, қайықтан, сондай-ақ суға секіруден болатыны айтылады.

Терезе де қауіпті

Қалада балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі – терезеден құлау. Балалар қызығушылықпен ашық терезе алдына шығып кетеді. Әсіресе, 3-7 жастағы балалар қауіп-қатерге жиі ұшырайды. «Мұндай оқиға көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Осыған байланысты ата-аналарды өте сақ болуға және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауларын сұраймыз» дейді мамандар. Былтырғы жылдың соңғы айында өткен онлайн брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі басшысының орынбасары Дилбар Төлегенова осындай жағдайды айтқан болатын. «Кәмелетке толмағандар арасындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу – өте маңызды. Балалардың бос уақыттарын ұйымдастыра алмау, оларды ата-аналарының қараусыз қалдыруы – әртүрлі жазатайым жағдайларға, жарақат пен өлімге алып келеді», – деген болатын Дилбар Төлегенова.

Шет елге көз салсақ…

Ал, шет елдерде бұл мәселе қалай шешілген? Үздік тәжірибеге үңілетін болсақ, көптеген елдерде балаларды қайғылы жағдайдан қорғайтын тұтас жүйе қалыптасқан. «Мысалы, АҚШ-та «Child welfare system» деп аталатын жүйе жұмыс істейді. Мәселен, кейбір штаттарда 12 жасқа толмаған баланы үйде жалғыз қалдыруға болмайтын заң бар. Қауіпті жағдай туғызғаны үшін ата-аналарына қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған ұқсас нормалар Канада, Италия, Швеция заңнамаларына енгізілген. Ұлыбританияда 14 жасқа дейінгі баласын қараусыз қалдыру қылмыс болып саналады. Бұл елде балалардың құқықтарын қорғайтын арнайы мемлекеттік агенттік жұмыс істейді. Егер, балаға қатысты қандай да бір құқықбұзушылық анықталатын болса, осы агенттік құқық қорғау органдарына жедел хабар жібереді. Германияда 14-ке толмаған баланы 15 минутқа қалдырған ата-аналар қатаң жазаланады» – деп жазады «Астана ақшамы» газеті.

Мамандар ескертуіне құлақ түрейік…

Қанша дегенмен ойын баласын 24 сағат бақылауда ұстай алмасыңыз айқын. Олай болса «Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмаңыз! Сіз балаңыздың жанында болғаныңызбен, өз назарыңызды басқа нәрсеге аударған мезетте балаңыз өз өмірімен қош айтысуы мүмкін. Барлық жиһазды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, алшақ қойыңыздар. Егер, бұл мүмкін болмаған жағдайда, балаларға терезеге жақын орналасқан кереует немесе басқа да жиһаздардың үстінде ойнауына рұқсат бермеңіз. Ешқашан терезедегі торға сенбеңіздер! Тор балаларыңызды толық қорғай алмайды» деген мамандардың ескертуіне құлақ түрейік. Сонымен қатар, балаларды өзен-көлге жалғыз жібермеңіз…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button