Балалық шаққа саяхат
Ботақара кентіндегі С.Торайғыров атындағы орта мектебінің акт залында аудандық балалар кітапханасы биылғы жылы ел болып оқуға ұсынылған «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында таңдалған, балалық шағын бұқпасыз боямасыз суреттеген балалар жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалық шақтың балғын суреткері» атты әдеби сазды-кешін өткізді.
Кеште жыл бойы жазушының шығармашылығына бағытталған түрлі шаралардың жиынтығынан құралған жарқын нөмірлер көрсетілді. Сонымен қатар, «Балалық шақтың балғын суреткері» атты жазушының шығармашылығына арналған, дәстүрлі емес форматтағы кітап көрмесі құрылды. Көрмеге
кітапхана қорында бар 10-ға жуық кітабы мен ол туралы баспа беттерінде жарияланған мақалалар жиынтығы, сондай-ақ «Менің атым Қожа» кинофильміне арналған кино-лента дидактикалық материалы қойылды. Көрменің ортасына жазушының үлкен форматтағы портреті, сол заманда қолданылған печать-машина, сағат, айналмалы телефон және сол жылдары қолданылған ескі киім ілгішке костюм ілінді. Түрлі эспонаттардан құрылған көрме әрі ақпараттық мазмұн арқаласа, әрі фотозона қызметін атқарып тұрды. Сонымен қатар, көрермендердің назарына «Қожа болып көр» кино-фото инсталляциясы құрылды. Балалар онда суретке түсіп, түрлі образдар сомдауға мүмкіндік алды. Әсіресе, балаларды, жұлдыздар жүріп өтетін «қызыл жол» қызықтырды. Осылайша әр бала актер болып көру мүмкіндігіне ие болды.
Актер демекші, кештің шымылдығын, атаулы мектептің 6-сынып оқушысы, кейінгі жылдары жас актер ретінде танылып, түрлі кинофильмдерде бой көрсетіп жүрген жарық жұлдыз Тілеубек Әлидің орындауындағы жазушының «Балалық шаққа саяхат» кітабынан алынған «Жетімнің» монологын оқумен ашылды. Көрермендерге шынайы сезім мен эмоция сыйлаған ол шараның мәнін келтірді. Қызықтың көкесі кейін басталды. Балалар Бердібек Соқпақбаевтың өз дауысы таспаланған, бейнесұхбатты тамашалады. Онда ол өзінің балалық шағы мен шығармалары туралы сыр шерткен еді. Ал тыңдарман көрермен болса, «дауысы жұмсақ адам болыпты», «демек жақсы адам болған ғой» деп топшылап жатты.
Одан әрі сахна төріне кішкентай өнерпаздар, атаулы мектептің 3-сынып оқушылары Қанатова Айсана, Бекмұратова Асмира, Исатаев Рамазан , Нұрланбек Мирас балалар әдебиетіне ең алғаш өлеңдерімен енген Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқыды. Олар ақынның «Саққұлақ», «Жаз», «Күшігім» «Маса» өлеңдерін көпшілік оқырманға танытты.
Кішкентай өнерпаздардың тәтті өлеңін, «Еркесамал» триосының «Бақыт деген» атты әні жалғады. «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған кішкентай ханшайымдар көрермен қауымды билетіп жіберді. Тап осы залда отырған әр көрермен өзінің балалық кезін сағынғаны сөзсіз, ал сол шақты басынан өткеріп жатқан балапандар сылдыр-сылдыр күлісіп жатты.
Ендігі кезекте жазушының әлемге танымал болған шығармаларын насихаттау туралы болмақ. Мысалы: Ю.Гагарин орта мектебінің 5-сынып оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі желісінен «Майқанова апайдың сөмкесінен бақа шыққан» сәтінен үзінді қойса, «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы қазақ тірек мектебінің 5-сынып оқушыларының жігерлі талабының арқасында, 16 жасында бокстан әлем чемпионы болған Мұрат Батырбаевтың тағдыры баяндалған, жазушының ең алғаш «Он алты жасар чемпион» атымен жарық көрген, кейін «Жекпе-жек» атауымен қайта жарыққа шыққан шығармасы желісімен үзінді қойды.
Түрлі өнер көрсетіп шаршаған балақайлардың көңілін көтеру үшін, «Quiziz» интеллектуалды ойыны ойналды, сұрақтарға жауап берген қатысушыларға естелік сыйлықтар таратылды.
Шара соңында, 2024 жылдың тамыз айында Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасына арналған буктрейлер байқауын жариялаған болатын, осы орай атаулы байқау жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар марапатталды. ІІІ-орынды Мейрамқызы Аңсаған, ІІ-орынды Елтаева Айлин, І-орынды Амантаева Аида иеленді. Жеңімпаздарға сыйлықтар мен марапаттау қағаздары табысталды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Ortalyq.kz