Балаларға – «Базарлық»
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында балалар әдебиеті апталығы белгілі жазушы Төкен Әлжантегімен өткен кездесуден басталды. Баспадан жақында ғана шыққан «Базарлық» атты жас оқырмандарға арналған кітаптың тұсауы кесілді.
Былтыр жазушы Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын «Үздік балалар әдебиеті» аталымында жеңімпаз атанған еді.
Мінекей жас өскіндерді тағы бір кітабымен қуантып отыр.
Жазушы Сүйіндік Жанысбай, балалар кітапханасының басшысы Баян Қуанышқызы салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауын кесіп, жылы лебізін білдірді.
Жазушы Сүйіндік Жанысбай кездесу қонағының шоқтығы биік шығармаларына тоқтала өтіп, жаңа кітаптың жас өскіндер үшін таптырмас тәрбие құралына айналатынына сенім білдірді. Сөйтіп, өзінің де жақында шыққан «Алтын тостақ» атты ертегілер кітабын тарту етті.
– Кітапхана қорында балаларға арналған қазақ тілінде сапалы, түрлі-түсті кітаптар көбейген сайын оқырман саны да артады. Себебі, кітапханаға алғаш келген бала қызылды-жасылды әдемі безендірілген кітапқа қол созады. «Базарлық» кітабы дәл балалардың талғамына сай шыққан. Кітапхана қорының осындай кітаппен толыққанына өте қуаныштымыз, – деген кітапхана басшысы Баян Қуанышқызы ұжым атынан жазушыға Алғыс хат пен Абайдың бюстін сыйлады.
Шәкірттері атынан сөз алған қаламгер қарындасы Салтанат Смағұлтегі жазушыға қолсағат, қаламгердің жарына қазақтың жөн-жоралғысымен орамал сыйлады.
Кешке жазушының туған жері Жаңаарқадан да меймандар келіпті. Жаңаарқа ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жібек Шәріпова, С.Сейфуллин атындағы кітапхана директорының міндетін атқарушы Гүлмайра Жақыпова, кітапханадағы өлкетану жұмысының жетекшісі Зәмзәгүл Құрақбайқызы, Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасының кітапханашысы Нұрғайша Шәріпқызы бір-бір ауыз ақ тілегін білдіріп, жерлес жазушыларының иығына есімі бедерленіп жазылған бренд шапан жауып, жарына гүл шоғын табыстады. Осы бір кездесуді ұйымдастырған кітапхана ұжымына да өздерінің естелік сыйлығын тарту етті.
Мұнымен қоса, кездесуде қаламгердің ел аузында жүрген «Жаңаарқа вальсі» әнін Арқаның аяулы әнші қызы Мейрамгүл Кәріпжанова шырқады. Ән әуелеген соң туындының шығу тарихы да әңгімеге арқау болды.
Жас оқырмандар жазушыға шығармашылығы, жаңа кітабы жөнінде түрлі сұрақ жаудырды. Қаламгер де сүйікті оқырмандарын сағынса керек-ті, әр сауалға жүйелі жауап қайырып отырды. Осылайша, жас оқырмандармен емен-жарқын әңгіме арқылы кештің соңына жеткенін де сезбей қалдық.
Қадірменді қаламгер кеш соңынан жас өрендермен қауыштырған кітапхана ұжымы мен кешті сәтімен тізгіндеген белгілі баспагер, ақын Ерқанат Кеңесбекұлына алғыс білдірді.
Жазушы тағы да балаларға арналған жаңа кітап жазып жатқанын жасырмай, сүйіншіледі. Балалар әдебиетіне қосылған «Базарлық» кітабында жазушының бүлдіршіндерге арналған әңгімелері мен авторлық ертегілері енген. Бұл жып-жылы шығармалар жас өскіндерді ізгілікке, мейірімділікке үйретеді. Олай болса, жаңа кітап жас оқырмандарының қолынан түспесін!
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан