Бәрекелді!Руханият

Балаларға базарлық

«Арқаның Ақсарайы» атанған 90 жылдық тарихы бар С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры өзінің жас көрермендерін «1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні» қарсаңында тағы бір қуантпақ. Дәл сол күні театр жанынан ашылған қуыршақ театры өз жұмысын бастайды. Бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлауға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы «Балалар жылына» орай театрдың көркемдік жетекшісі Айдын САЛБАНОВТЫҢ «Ойыншықтар» атты қуыршақ театрының тұсаукесер ертегісін сахналайды.

Қаламыздағы орны толмай тұрған сиқырлы әлем, балаларды өнер тылсымының ғажайып әлемі «ұйықтап қалған» қазақ қуыршақтарының өз тілінде сөйлемей өз ертегілерін көре алмай жүруінде еді. Бұл өзекті мәселе жайында журналист Жәлел Шалқардың «Қуыршақ театры бар, қазақ труппасы жоқ» тақырыбындағы мақаласы 2021 жылдың 27 наурызында «Ortalyq Qazaqstan» газетінде жарияланды. Мақалада театр басшысы Құрман Өмірбекұлы пікірін білдіріп, алдағы уақытта Сәкен театры ұжымының осы өзекті мәселені қолға алу ниеті бар екенін айтқан еді.

Енді, міне осы азаматтардың қозғаған проблемасы шешілгелі отыр. С.Сейфуллин театрының ұжымы театр басшысы Құрман Қалымовтың бастамасымен осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында театрымыздың кіші залында бүлдіршіндерге арнайы қуыршақ театрына лайықтап спектакльдер көрсетпекші. Биылғы бірінші маусым балалар күні қарсаңында театрымыздың көркемдік жетекшісі Айдын Салбановтың ұйымдастырған жас актерлер жұмыстан бос уақытында қуыршақтар жасап, «Ойыншықтар» атты ертегіні режиссердің өзі жазып, жас актерлер мен қуыршақтарға жан бітіріп, сүп-сүйкімді, бүлдіршіндер көз алмай қызықтайтын спектакль дайындап шығарды. Нұр-Сұлтандағы Шабыт өнер университетінде оқып жүріп қуыршақтар жасауды үйреніп меңгерген жас актер Бақытжан Ерғалиевтың жалықпай тер төгуінің арқасында қуыршақтар өз кейіпкерлеріне өте ұқсас сүйкімді болып шыққан. Режиссер А.Салбанов әр кейіпкерге өзіне лайық сөз сөйлеу әрекет ету қимылдарын әдемі тапқан. Жас актерлер сахнада тек кейіпкерлер сомдап қоймай, өлең айту, билеу, өлең оқумен қатар қуыршақтарды да «тірілте білетін» таланттар екеніне көз жеткізбек. Бүгінгі таңдағы сахна талабы өнер таланттарының шеберлігінің жан-жақтылығы болса, театрымыздың жастары соған лайық ізденімпаз таланттар екенін дәлелдеп келеді.

Алғашқы қадамдарына гүл бітіп, еңбектері жанып қуыршақ спектакльдерінің жас бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, ұлттық руханияттың дәнін сәбилерге шашу етіп, болашақ патриот жастарды халқымыздың бай өнерімен сусындата беретіндеріне қуанышпен сенеміз. Тәй-тәй басқан қуыршақ театры тек қана театр сахнасында емес, қаламыздағы бала-бақшаларда, мектептердің бастауыш сыныптарына, тіптен алыс аудандар мен ауылдарға тамаша сиқырлы өнермен әлі талай таныстырады.

Құрметті қарағандылық ата-аналар!

1-ші маусым күні Сәкен театрында өтетін аталған ертегіні бала-шаға, немере-шөберелеріңізбен көруге асығыңыздар. Басталуы сағат 15:00.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Суретте: Сәкен театрының жас әртістері дайындық үстінде.

Басқа материалдар

Back to top button